Партия • 05 Ақпан, 2023

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының драйвері

324 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Ауыл» халықтық-демо­кратиялық партиясы кезектен тыс ХХІІ съезінде Парламент Мәжілісінің сайлауына дайын екенін мәлімдеп, кандидаттар тізімін бекітті. Атап айтсақ, Мәжіліс депутаттығына пар­тиялық тізіммен 25, мажо­ри­тарлық жүйе бойынша 9 адам үміткер болады.

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының драйвері

Саяси ұйым тарихындағы аса маңызды кездесуді «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев ашты. Ол өз баяндамасында ауыл әрбір азаматтың алтын бесігі екенін атап өтті.

– Біз ауылдың мүддесін қорғаймыз. «Ауыл» партия­сы Парламент сайлауына Қазақ­станның азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге негізделген бағдарламасымен қатысатынын мәлімдейді. «Ауыл» партиясының қатарында еліміздің көптеген патриот, іскер азаматы бар. Съезде Парламент Мәжі­лісінің депутаттығына канди­даттардың партиялық тізімін бекіттік және бір мандатты сайлау округтері бойынша кандидатураларды ұсындық.

Біздің партия осымен үшінші рет Парламент және мәслихат сайлауына қатысып отыр. 2017 жылы бірінші сайлауда біздің көрсеткіш көңілімізден шыққан жоқ. Содан бері «Ауыл» партия­сы өзінің жұмысын жандандырып, ой түзеп, өзінің жоспарына толық өзгерістер енгізіп, кешенді бағдарламасын қалыптастыр­ды. Қазіргі уақытта саяси ұйым­ға айналды деп толық сенім­мен айта аламын. 2012 жылғы сайлауда біз Парламент Мәжілі­сіне өте алмадық. Сол кездегі мәслихат сайлауында жергілікті мәслихаттардың депутаттығына 237 азамат өтті. Бұдан бөлек, ауыл әкімдерінің сайлауында 35 ауыл партиясының мүшесі әкім болып сайланды. Биылғы сайлаудан үлкен үміт күтеміз. Бұл науқанда партияның 600-ден астам өкілін түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттығына кандидат ретінде ұсынамыз, деді партия төрағасы.

Партияның бағыты еш уа­қытта өзгермейді. Ауыл шаруа­шылығы мен аграрлық саланы дамыту және ауылдық елді мекендерді дамыту аса маңызды екенін айтқым келеді. Ауыл – біздің болашағымыз. Ауыл – ел экономикасының негізгі драй­вері. Ауылдың жағдайын тү­з­еп, ауылдағы азаматтарды тұрақ­тандыратын болсақ, қаланың да жағдайы жақсарады, – деді Әли Бектаев.

Құрылтайда партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі мәселелер талқыға түсті. Мәселен, тұрғындармен кездесу барысында сатып алушылар тарапынан бағаларға қатысты көптеген сұрақ туындап жатады. Негізінен бағаның тұрақсыздығы, оның үнемі көтерілетіні, тауардың қымбаттығы туралы айтылады. Ал сатушылар «отандық та­уар өндірушілерден тауарларды жүйелі түрде жеткізу жоқ, сондықтан импорттық дайын өнімдермен жұмыс істеуге тура келеді» деген пікірді алға тартады. Партия төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаевтың айтуынша, азық-түлік тауарлары бағасының тұрақты өсуі елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей және нақты төнген қауіп. «Азық-түлік қауіпсіздігі элементтерінің бірі – азаматтардың қолжетімді, қолайлы бағамен азық-түлік сатып алу мүмкіндігі. Бұл біздің елде жоқ. Мұның бәрі реттелуі үшін ең бастысы, күшті қолдау қажет. Қаптамаға ыңғайлы, сапалы, сұрыпталған өнім көп болуы керек. Ол үшін кооперативтер, сату кооперативтері құрылуға тиіс. Мемлекеттің аграрлық саясатын үйлестіру қажет. Ол үшін ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын құру маңызды. Ауыл еңбеккерлерінің ауылда өндіретін өнімдерін дәл осы ұйымдар сатып алып, қалаға жеткізеді. Мұның бәрі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кооперациясы негізінде болуға тиіс. Бағалар қолайлы болуы үшін ауылшаруашылық өнімдерін көбірек өндіріп, сапалы өнім шығару керек», дейді ол.

«Ауыл» партиясы ауылдық елді мекендерді жаңғырту жөніндегі ұзақ мерзімді ұлттық стратегияны заң деңгейінде қа­был­дауды  ұсынып отыр. Әсі­ресе ауыл шаруашылығы еңбек­керлерінің мәртебесін арттыру өте маңызды. Қала тұрғындарын коммерциялық үстеме бағасыз азық-түлік тауарларымен қам­тамасыз ету үшін мегаполистер­де, моноқалаларда, облыс және аудан орталықтарында тұтыну қоғам­дары мен кооперативтер желісін құру және дамыту жоспарланған.