Партия • 05 Ақпан, 2023

«Байтақ» науқанға дайын

391 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада «Байтақ» жасылдар партиясының ІІ съезі өтті. Құрылтайда саяси құрылымның сайлауалды тұғырнамасы бекітілді. Мәжіліс депутаттығына тізім бойынша 18 кандидат ұсынылды. Олардың қатарында әйелдер квотасы бойынша 4, жастар квотасымен 1 және мүгедектігі бойынша 1 үміткер бар.

«Байтақ» науқанға дайын

Тағы төрт үміткер мажоритарлық жүйе бойынша сайлауға қатысады. Ал жергілікті мәслихаттарға 160 кан­дидат тіркелген. Естеріңізге сал­сақ, «Байтақ» жасылдар партиясы 2022 жылдың соңында экологиялық тұрақты қоғам құру, халықтық демократия және экологияға ұқыпты қарау қағидаттарын қолдау мақсатында құрыл­ған болатын. Саяси аренаға енді қадам басқан жас партияның мақ­саты айқын, жігері тасып тұр. Мұны құрылтай барысында аңғар­дық. Партияның мақсаты – өсім­дік­тер мен жануарлар дүниесін қор­ғау, биологиялық әртүрлілікті сақтау, табиғи ресурстарды орынды пай­даланудың жалпы әлемдік қағидат­тарын енгізу, инновациялық тех­ноло­гиялар­ды енгізу және қор­шаған орта саласын цифрландыру.

Партия төрағасы Азаматхан Әмір­таев тізімдегі кандидаттардың шама­мен 15-і Мәжіліске баратынына сенімді. 

– Біз 2,5 млн дауыс жинаймыз деп ойлаймын, ол шамамен тізімдегі 15 адам, сондай-ақ мажоритарлық тізімдегі кандидаттар бар. Көп нәрсе материалдық ресурсқа байланыс­ты. Біздің партия халықтан шықты, сайлауға қатысу үшін көп қаражат керек. Сондықтан тәуекелдерді азайту үшін екі жақтан да қатысамыз деп шештік. Біздің партияға міндетті түрде лайықты орындар бұйыра­ды деп сенемін. Өйткені жергілікті жерлер­дегі жақтастарымыз мық­ты. Халық­тың қолдауын да сезініп жүрміз. Партиялық тізімге өткен адамдарды депутаттыққа өткіземіз. «Байтақ» жасыл экономика, жасыл энергетика мәселесімен айналысады.

Біз айналамызға қоршаған ортаны қорғауға бейжай қарамайтын азаматтарды топтастырдық. Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Атырау облыс­тары, Алматы қаласы мен еліміздің батыс өңірлерінде белсенділер жүйелі жұмыс істеп жатыр,

Біз Парламентте бизнесмендер, байларды емес, қарапайым қоғам белсенділерін көргіміз келеді. Байлар, бизнесмендер тек өз қалталарын ғана ойлайды. Ал біз болашақ депутаттар елдің арасынан шығып, халықты толғандырған мәселелерді көтергенін қалаймыз. Елім деп жүрген қарапайым адамдарды да тарту керек. Сондықтан біз бизнесмендер мен олигархтардың саяси сахнаға келуіне қарсымыз, деді партия жетекшісі.

Саяси құрылым елдегі экология­лық проблемалармен қатар, халықтың табысын арттыру мен әлеуметтік мәселелерді шешуге басымдық беруді көздеп отыр.  Құрылтайда байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық мәселесі де көтерілді. «Қазақстанда аса бай және кедей азаматтар арасында алшақтық пайда болды. Теңсіздік жөніндегі дүниежүзілік деректер базасынан алынған ақпаратқа сәйкес, 2021 жылы Қазақстандағы ең көп табысы бар ересек азаматтардың 1%-ы  барлық кірістердің 15%-ын құраған. Халықтың ең бай пайызы байлықтың 30%-ын, ал кедейлікте өмір сүретіндер тек 5%-ын  құрауы байлықты бөлудегі теңсіздікті күшейтіп отыр», деді партия басшылығы.