Үкімет • 06 Ақпан, 2023

Үкіметтік делегация Түркістан облысының жылыжай иелерімен кездесті

253 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған үкіметтік делегация Түркістан облысының Сарыағаш ауданында болып, шаруалармен өңірдегі жылыжай шаруашылықтарын дамытудың жағдайын талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкіметтік делегация Түркістан облысының жылыжай иелерімен кездесті

Түркістан облысы - жылыжай көкөнісін өндіру бойынша еліміздің жетекші өңірлерінің бірі. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, республика жылыжайларының 67%-ы облысқа тиесілі (жалпы ауданы 844 га жылыжайлар). Белгілі болғандай, қалың қарға төтеп бере алмаған жылыжайлардың 94%-ы шаруалардың өз күшімен салынған жеңіл құрылыстар екен. Жиында шаруалар атап өткендей, қожалықтар шығынын тез өтеу үшін оларды мүмкіндігінше арзан етіп жасайды. Мемлекет тарапынан тұрақты қолдау немесе төмен пайыздық ұзақ несиелер болса, шаруалар жылыжайларды талап етілетін стандарттар мен технологиялар бойынша сала алады.

Қазір Түркістан облысының әкімдігі зардап шеккен шаруашылықтарды қолдау бойынша жедел шаралармен айналысып, ел Үкіметі алдағы уақытқа жүйелі шараларды әзірлеп жатыр.

«Біз Үкімет атынан жылыжай шаруашылығын одан әрі қалай дамыту керектігін бірлесіп шешу үшін келдік. Бізбен бірге Өзбекстаннан өз тәжірибелерімен, технологияларымен және жылыжайларды күтіп ұстаудың басқа да мәселелерімен бөлісуге дайын мамандар келді. Біріншіден, мемлекетке нәтиже қажет. Жылыжай шаруашылықтарына берілетін субсидиялар бұрын да болған, бірақ олардың пайдасы аз болды: жылыжайлар белсенді деп саналғанына қарамастан ештеңе өндірмеді. Егер мемлекет субсидия берсе, сіздер оның есесіне көкөністерді ішкі нарыққа жеткілікті мөлшерде және нарықтық бағамен сатуларыңыз керек. Екінші мәселе – сертификаттау. Алдағы уақытта субсидиялар алу үшін жылыжай өндіріс стандартына сай болуы керек. Ол үшін жылыжайлар үшін ұлттық стандарт қабылданады. Техникалық реттеу және метрология комитетіне тиісті тапсырма берілді, сондай-ақ сіздерді осы стандартты әзірлеуге белсенді қатысуға, тәжірибедегі білімдеріңізбен бөлісуге шақырамыз. Үшіншіден – көмір мәселесі: бізбен бірге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі келді, ол келешекте биылғыдай төтенше жағдайларды болдырмауға көмектесетін шешімдерге тоқталады», деді кездесуде Серік Жұманғарин.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек Аграрлық несие корпорациясы арқылы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға 140 млрд теңге бағытталғанын, қазір жылыжайларды осы бағдарлама бойынша қаржыландыру бағытына қосу жұмыстары пысықталып жатқаннын хабарлады. Бағдарлама шарттарына тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін жылыжайлар 5%-дан аспайтын несие ала алады.

«Қазір біз жылыжайларды субсидиялау бойынша түрлі нұсқаларды қарастырып жатырмыз, бірақ электр энергиясы мен газға жұмсалатын шығындар негізге алынатын болады. Қалған бағыттар бойынша қолдау шаралары қазірдің өзінде іске асырылып жатыр, мемлекет тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдарына шығындардың жартысын субсидиялайды. Сондай-ақ жылыжайлар үшін стандарт әзірленеді. Стандарт талаптарына сәйкес келетін және қарсы міндеттемелерді қабылдайтындардың барлығы субсидия алады», деп атап өтті ол.

Мақта өндірушілер мен диқандар қауымдастығының төрағасы Данияр Қалтаев жылыжайлар барлық қажетті құжаттарды рәсімдеуге дайын екенін айтты.

«Бізге гектарлық субсидиялар алған тиімді, бұрын осы схема бойынша жұмыс істеп келдік. 2018 жылы субсидиялар алынып тасталғандықтан, барлық жылыжай ғимараттарын салу тоқтап қалды. Біз сертификаттаудан өтуге дайынбыз. Біздің ұсыныстарымыз: маусымаралық уақытта көмір болмайды, ал болған жағдайда, оның сапасы нашар. Жылыжай қожалықтарында көмірді алдын ала сатып алуға қаражат жоқ, оны жеткілікті мөлшерде сақтайтын орын жоқ. Мұның бәрі өнімдерімізді бәсекеге қабілетсіз етеді. Біз Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-дан әлеуметтік көмірмен алдын ала қамтамасыз етуді сұраймыз»,  деді ол.

ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игисинов өңірдің жылыжай шаруашылықтарын уақытылы көмірмен қамтамасыз ету үшін елдің негізгі көмір өндіруші кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізуді және көмірді тікелей көмір кеніштерінен жеткізу бойынша шарттар жасауды ұсынды.

«Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрлігі өз тарапынан көмір өндіруші компаниялармен көмір жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуге көмектесуге дайын. Тек суық түскеннен кейін емес, барлығын алдын ала жасау керек. Көмір сақтау қоймаларында өзінің қасиетін жоғалтпайды», деп атап өтті ол.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылардың көбі жылыжай өндірісін сертификаттау, стандарттау және жоспарлау қажет деген ортақ пікірге тоқталды. Сертификаттаудан жалғыз өте алмайтын шағын шаруашылықтар кооперативтерге бірігуі тиіс.