Өтелген борыш
Қазақ музыка мәдениетінің ірі қайраткері «Ән-күй сапары» кітабында консерваторияның жоғары курсында оқитын студентіне: «Дирижерлік техника, аппарат жағынан ол өз алдына ерекше тұрған жас. Қайырғали – шебер домбырашы, ойлы музыкант. Ол орындаған М.Қойшыбаевтың «Қазақстаны» да – тыңдаушыларға белгілі шығарма. Композицияға домбыра, оркестр арқылы келген М.Қойшыбаев Құрманғазы оркестрінің табиғатын терең түсінеді. Сондықтан да оның «Қазақстаны» да дәстүрдегі күйдің әуені салған жерден жарқ ете қалады. Шығарма басынан аяғына дейін жарқын кейіпте, қайта туған қазақ елінің осы кездегі бақытты шағына бағытталған шаттық әуенде орындалады. Қайырғали осы бір түйінді дұрыс ұғыпты. Көпшіліктің құлағына әбден сіңген Бизе «Карменінің» кіріспесі мен төртінші антрактасы бұл оркестрден үлкен ұқыптылық тіледі. Жас дирижер бұл қиын асқардан да бірде тік басып, бірде бұлтарып өтті. Қайырғали Құрманғазының «Сарыарқасы» мен «Серперін», Динаның «Он алтыншы жылын» орындады. Тыңдаушылардың «Сарыарқаны» ойнатпай, оркестрді түп етегінен алып жібермеуі – баяғыдан келе жатқан көрініс. Соның үшін де «Сарыарқаны» бабына келтіріп орындау – үлкен көркемдік борыш. Қайырғали ол борышты әдемі өтеді», деп баға береді. Алайда қазақ музыка өнерінің майталмандарынан білім алып, үлкен сахнада өнердің биік шыңдарын бағындырмақшы болған талантты студенттің өмір жолы Ақтөбеге бұрылды. 1964 жылы Ақтөбеде халық аспаптары ансамблін ұйымдастырмақшы болған облыстық филармония директоры Тұрдыбек Оспанов (марқұм спикер Марат Оспановтың әкесі) пен көркемдік жетекшісі Мұхтар Жалғасов Алматыға дирижер іздеп келіп, Қайырғали Қожанбаевқа таңдау жасайды. Сол жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факультетін бітіріп, Қазақ радиосының музыка редакциясында еңбек жолын бастаған жас маман алыс облысқа жол тартқанымен, ансамбль сол жылы ашылмай қалды. Консерватория түлегі Ақтөбе мәдени-ағарту училищесіне оқытушылық жұмысқа орналасты. 1966 жылы филармония жанынан екі жыл күткен 35 адамдық оркестр құрылды. Қайырғали Қожанбаев ел ішінен дарынды әнші-музыканттарды жинауға кірісті. «Бірақ жарты жылға жетпей-ақ тарауға мәжбүр болдық. Ең аяғы өкіметтің оркестр қажеті үшін бөлген қаржысын да ала алмадық», дейді композитор сол жылдарды ренішпен еске алып. Шығармашылық пен ұстаздықты қатар алып жүрген Қайырғали Үсенбайұлы 1971 жылы ашылған Ақтөбе музыка училищесінің директоры болып тағайындалды. Осы оқу орнын 18 жыл басқарып, шығармашылық пен білім қатар ұштасқан КСРО-дағы таңдаулы орта оқу орындарының қатарына қосты. Бұл кісі әрі ұстаз, әрі ұйымдастырушы, әрі композитор, әрі дирижер, әрі күйшілігін өмір бойы қатар ұстап келе жатыр. 1978 жылы «Әлия гүлі» ән-би ансамблін құрды. Қай кезде де жоспардағы жобаның орайынан келуі басшының шын талантты тани алатын қабілеті мен көрегендігіне, ұжымды бір қолға ұйыстыра білу шеберлігіне байланысты ғой. Ол Байғанин аудандық ұлт аспаптар ансамбліне халықтық атағын алып берді, Ерсайын Елубаев, Зәйтуна Губайдуллина, Геннадий Шульга сияқты әншілердің бағын жандырды.
90-жылдары осы жақтағы рухани өмірдің шырағын жаққан Ақтөбе пединститутының ректоры Мұхтар Арын осы оқу орнында музыка кафедрасын ашып, 40 адамдық оркестр құрды. Бірақ Мұхтар Ғалиұлы өмірден өткен бойы кафедра да жабылды, оркестр де тарады. Ұлттық өнерді ұлықтау жолындағы көрінбес кедергілер мен суық көзқарас ұлттық аспаптар оркестрін ұйымдастыру үшін жарты ғасыр жүгірген Қожанбаевтың өмірбақи қыр соңынан қалмай келді.
Ақтөбеде оркестр ұзақ уақыттан соң 2003 жылы құрылды. Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрі атағын алғанда, өзі оның көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болды. Тәлім алған талантты шәкірттері жан-жаққа тарағанда Қожанбаевтың қасында Ақтөбеде қалған шәкірттері – Марат Әйтімов, күйші Жайлау Асылхан. Олар өткен ғасырдағы Ақтөбені еске түсіретін, көненің иісі шығып тұратын музыкалық колледжді құтты ұямыз дейді. Қазақ музыка өнерін әлемге танытқан Димаш Құдайбергеннің де жүрек қалауымен келген алғашқы оқу орны Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі.
Ахмет Жұбановтың шәкірті
«Музыка қоғамның рухани бағдарын түзеп, адамдардың ақыл-ойы мен іс-әрекетінің таза болуына ықпал етеді. Қай заманда да ән-күйсіз адам өмірі сүреңсіз болады. Ән жан-жүрегіңді сағыныш баурап алғанда туады ғой. Мен ерке Жайықтың бауырындағы шағын ауылда өскен баламын. Құрманғазы атындағы консерваторияның дайындық курсында оқып жүргенімде туған жерге деген сағыныштан «Ақ Жайық» әні туды. Сөзі – Ғафу Қайырбековтікі. Шынымды айтсам, осы кезге дейін ән, күй шығарған күндерді жазып жүрген емеспін», дейді композитор.
Ол 1938 жылы Атырау облысы Есбол ауданы (қазіргі Индер) Құмшынақ ауылында дүниеге келген. Зобалаң жылдары жарық дүние есігін ашып, балалық шағы соғыс ауыртпалығына тап келген ұрпақтың бірі. Әкесі Үсенғали соғыста хабар-ошарсыз кеткен. Қазбек бастауыш мектебіндегі мұғалімі Қалу Қалбағаев домбыра ұстауды үйреткен. 1955 жылы Индер ауданы Кулагино мектеп-интернатынан онжылдықты аяқтап, аудандық мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып жұмыс істейді. Соғыстан кейінгі жылдары елде көркемөнерпаздар фестивалі жиі ұйымдастырылатын. 1957 жылдың мамырында Атырауда аудан көркемөнерпаздары фестивалі өтеді. Осы фестивальге ел ішінде сақталған қазақтың ән-күй нұсқаларын, халық композиторларының өмірдерегін жинап жүрген Ахмет Жұбанов келіп қатысушыларға халық композиторлары күйлерін орындау тәсілін үйретіп, ауыл өнерпаздарының кемшіліктерін түзейді. Жас жігіт ауылына келген соң Алматы консерваториясына барып, бағын сынауға шешім қабылдайды.
«Қабылдау емтиханын Ахмет Жұбанов, Малгаждар Әубәкіров, Фатима Балғаева, Құбыш Мұхитов, Сарбай Болатов жүргізді. Мен қабылдау емтиханында Құрманғазының «Бозшолақ» күйі мен Сейілхан Құсайыновтың «Мереке» күйін орындадым. Сынақтан сәтті өтіп, консерваторияның даярлық курсына қабылдандым. Алғашқы екі жылда музыка училищесінің оқу бағдарламасын меңгердік. Консерваторияны жеті жылда тәмамададым. Консерваторияда халық аспаптары кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істейтін Ахмет Қуанұлы Жұбанов қазақ халық музыкасының тарихы, дирижерлік өнер мен аспаптану пәндерінен сабақ берді. Ол лекторлық шеберлігі жоғары, тілі майда, кеңінен ойлайтын байыпты кісі ғой. Дирижерліктің жалпы курсын Латиф Хамиди, ал арнаулы курсты опера театрының дирижері Тұрғыт Османов жүргізді. Кейін Мәскеудегі Үлкен театрға ауысқан Татарстанның халық әртісі Фуат Мансуров, белгілі дирижер Алексей Ковальский сабақ берді. Домбыра сабағын Қабидолла Тасманов, Құбыш Мұхитов, Малғаждар Әубәкіров оқытады», дейді Қайырғали Үсенбайұлы ұстаздары жайында. Өзі Ахмет Жұбановтан тәлім алғанын зор бақыт санайды: «1917 жылға дейін қазақта кәсіби музыка болмады, әркім домбырада өзінше ойнады. Ахмет Жұбанов Алматыда өзі ашқан музыка училищесін басқарып, кейін оқу бөлімінің меңгерушісі болған кезінде де қазақтың ұлт аспаптарын жетілдіруді қолға алып, қобыз бен домбыраның түр-түрін жасайтын шеберхана ашты. Ленинград консерваториясында алған білімін осылайша елінің кәсіби музыка өнерін дамытуға аянбай жұмсады», дейді ұстазы жөнінде.
Оркестрді бағындыру оңай емес
С.Бәйішев кітапханасындағы кездесуде Қайырғали Қожанбаевқа «Сахнада оркестр ойнап тұрғанда, арасынан бір аспап ілеспей қалса, оны дирижер бірден байқай ма?» деген сауал қойылды. «Оркестрде алуан түрлі музыкалық аспап бар. Үрмелі аспап пен ұрмалы аспапты біріктіріп ойнату дайындықсыз келген дирижердің қолынан келмейді. Бір сөзбен айтқанда, оркестр – жұрт алдында көп аспаптың бір аспап сияқты ойнауы. Ол үшін ең алдымен дирижер музыка құрылымын түсіну керек. Оркестрдегі әр аспапты жеке-жеке есту оңай емес. Музыка дыбыстарын естуге келгенде әркімнің қабілеті әртүрлі. Әр музыка аспабының дыбысы да әртүрлі болып келеді ғой. Мәселен, қобызға қарағанда қос ішекті домбыраның дыбысы төмен болады. Адамның есту қабілеті де әртүрлі. Біреудің есту қабілеті өте жоғары болады. Оны ең жоғары есту қабілеті дейді. Яғни дирижер аспапсыз берілген дыбыс деңгейін бірден анықтайды. Менің шексіз есту қабілетім жоқ, менікі оқу арқылы меңгерілген қабілет. Дирижерге қиындық туғызбау үшін оркестр музыканты алдындағы нотаны анықтап оқып, партияны жақсылап ойнауға тиіс. Соған қарамастан адам музыка қабылдау қасиетін өзі қалыптастыра алады. Мәселен, атақты дирижер Фуат Мансұровтың абсолютті есту қабілеті болмаса да, өзін-өзі жетілдіру арқылы есту қабілетін абсолютті деңгейге жоғарылатты. Ол Алматы консерваториясынан Татарстан, Мәскеудегі симфониялық оркестрлерді басқарып, атақты дирижерлердің қатарына қосылды».
1980 жылдары Қайырғали Қожанбаевтың «Гүлдәурен» әнін «Әлия гүлі» ансамблінің қыздары орындауында кеңінен танымал болды. Ансамбль әншілері осы әнді шетелдік гастрольдік сапарларда талай шырқады. Ал оның «Ризамын, тағдырға» әні Марат Әйтімовтің орындауында жоғары орындаушылық деңгейге көтерілді. Облыстық кітапханадағы басқосуда Қазанғап атындағы байқаудың бас жүлдегері Құрманғазы Асылханов «Қайырғалидың желдірмесі» күйін орындады. Айта кету керек, Қайырғали ағамыз – он шақты күйдің авторы. Тағдырын Ақтөбемен байланыстырып, жары Ғалия апаймен бірге алпыс жыл қол ұстасып бірге өмір сүріп келеді. Кейінгі жылдары көзі көрмей, үйден шыға алмай қалғаны болмаса, бойын тік ұстап, баяғы дегдарлық болмысын сақтап жүр. Ол кісінің қызы Бибінұр – еліміздегі алдыңғы қатарлы пианистердің бірі. Кездесуде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті Әбдірашид Райымбергенов ұстазының өмір бойы сабырлы да байыпты болмысынан айнымай, өнерге адалдығымен шәкірттеріне үлгі-өнеге көрсетіп келе жатқанын айтты. «Сахнаны, өнерді, көрерменді сыйлауды, қарапайымдылық пен кісілікті осы кісіден үйрену керек» деп түйіндеді. Ертеректе ел ішін аралап, отыз адам әзер сыятын ауыл клубының сахнасында алыс жолдан шаршап-шалдығып жетсе де, оркестрге барлық шығарманы соңына дейін орындатып, жиналған жұртты талай риза дирижер болғандығын айтып өтті. Тағы бір шәкірті, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінің директоры Аманжол Исмағұлов: «Қазақ музыка мәдениетін кәсіби түрде дамытқан алыптардың көзін көріп, тәлімін алған Қайырғали Үсенбайұлы – ғасырға жуық ғұмырында адал жүріп, анық басқан тума таланттардың соңғы тұяғы», деп баға берді.
Ақтөбе облысы