Иә, қарғын судан қауіп жоқ емес. Сондықтан да облыста 1 ақпаннан бастап су тасқынының алдын алу мақсатындағы жұмыстар күшейтілді. Тыңғылықты дайындық режімі енгізілді. Алдын алу жұмыстарының бірі – елді мекен ішіндегі қарды шығару. Есеп-қисапқа көз жүгіртсек, облыста жергілікті атқарушы органдар 201 мың текше метрден аса қар шығарыпты. Су тасқыны қаупі төне қалса, жедел алдын алу үшін жеке құрамның 1 719 адамы, 224 мотопомпасы, құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың 83 жүзу құралы және 750-ден аса техникасы топтастырылған. Қажет болған жағдайда ТЖМ 68303 әскери бөлімінің азаматтық қорғаныс полкі қосымша тартылуы мүмкін.
29 300 қап, 1 891 тонна инертті материал мен 237 тонна жанармай әзірленді. Алда-жалда су тасқыны бола қалған жағдайда тұрғындарды эвакуациялау үшін қалалар мен аудандардың әкімдері жалпы сыйымдылығы 6 500 адамнан асатын 68 уақытша орналастыру пунктін дайындады. Дегенмен жергілікті жерлерде тілсіз жаудың алдын алу жұмыстары мықтап қолға алынған.
– Шығыс Қазақстанда су тасқыны қаупі бар 71 елді мекен бар. 15 елді мекенде қауіп толығымен жойылып, 46 елді мекенде су басу қаупі азайтылды, – дейді ТЖД алдын алу басқармасының бастығы Ерлан Балтабаев.
Күн күрт жылыса, өзен-көлдер де арнасынан асып, тасуы мүмкін. Тоғандарды да бақылауда ұстау қажет. «Шығыс су қоймалары» КМК басшысы Сергей Валиевтің айтуынша, мекеме теңгерімінде 34 гидротехникалық құрылыс бар екен. Жыл сайын су басудың алдын алу үшін тиісті іс-шаралар өткізіледі. Мәселен, 2023 жылғы көктемгі қарғын судан кедергісіз өту үшін тоғандар мен су қоймаларының бөгеттеріне жақын орналасқан елді мекендердегі халықты хабардар ету сызбалары жаңартылды. Инженер-гидротехниктер тоғандардың, су қоймалардың бөгеттерін толтыру жұмыстарына тексеру жүргізді. Ерекше назар аударуды талап ететін гидротехникалық құрылыстардың кірме жолдары тазартылды. Қазіргі уақытта құтқарушылар халыққа су тасыған жағдайда не істеу керектігін айтып, ережелерді еске салып жүр. Әрине, қауіп бар ауылдар алдын ала анықталады. Қарғын су қаупін бақылап отыру үшін ТЖД дағдарыс орталығында мониторинг жасау жөнінде штаб ашылды. Әсіресе қар қалың түскен аудандарға ерекше көңіл бөлінеді.
«Қазгидромет» ШҚ филиалы басшысы Ләззат Болатқанның айтуынша, қар қалыңдығы – 14 пен 95 см аралығында. Таулы жерге түскен қар нормадан 1,4 есе асып кеткен. Ал гидрологиялық жағдай тұрақты. Су деңгейі шекті белгілерден төмен. Өзендердегі мұздың қалыңдығы – 12-75 см. Тоңның қатуын есепке ала отырып, күн күрт жылынса, су басу қаупі жоқ емес екенін де жасыруға болмайды. Бұл – ауа райын болжау мамандарының пікірі.
Әсіресе Алтай, Глубокое, Ұлан, Шемонаиха, Тарбағатай, Катонқарағай және Зайсан аудандарындағы ахуал алаңдатады. ТЖД қызметкерлері айтқандай, әр тұрғын өз маңайындағы арықтың арнасын ашып қойған абзал. Мүмкіндіктеріне қарай, төңірегіндегі қарды далалы жерге шығарып тастау керек.
– Үйлерді аралау барысында халыққа су тасқынынан қорғанудың жолдарымен қатар, өрт қауіпсіздігі ережелері де түсіндірілді. Осы орайда аймақтағы өрттердің және көміртегі тотығымен уланудың басты себебі пешті жылыту кезінде қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауы болып тұр. Ахуалды оңалту мақсатында облыстық ТЖД мамандары 160 мыңнан аса үйді аралап шықты. Нәтижесінде 42 820 өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі анықталды. Ал қар суынан келер қауіптің бетін қайтару үшін қап пен инертті материалдар қорын әзірлеп қойған дұрыс. Барлық құнды затты жертөлелерден және су басуы мүмкін жерлерден алып тастаған жөн. Төтенше жағдай кезінде дереу 101 және 112 нөмірлеріне қоңырау шалу қажет, – деп жазады ТЖД баспасөз қызметі.
Облысымыздың таулы аймақтарында тасқынға тосқын боларлық іс-қимылдармен қатар, қар көшкінінің алдын алуға бағытталған жұмыстар да қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, қыс маусымы басталғалы бері бөктерлерден 244 мың текше метр қар түсіріліпті. Аталған бағыттағы жұмыстар бұдан былай да жалғаса бермек. Айтқандай, су басу қаупі бар аудандармен де байланысқа шықтық. 2018 жылғы көктемгі су басудан сабақ алса керек, дайындық тыңғылықты сияқты.
Мәселен, Глубокое ауданында 9 елді мекенге қарғын судың қаупі төніп тұр. Алдын алу үшін 4 шақырымдық үш каналдың, 14 арықтың арналары ашылды. Жоласты су өту құбырларының көздері ашылды. Су басқан жағдайда жеке құрамның 170 адамы сақадай сай. Сондай-ақ инертті материал, су сорғы құралдары секілді техникалар да түгенделді. Дәл осындай жұмыстар Алтай ауданында да жүзеге асырылып жатыр. Мұндағы 9 елді мекенде 16 эвакуациялау пункті дайындалды. Ұзын саны 671 адамға арналған екен. Асхана, ана мен бала бөлмесіне дейін қарастырылған. Шемонаиха, Ұлан, Тарбағатай, Катонқарағай аудандарында да тасқынға тосқын қою жұмыстары құзырлы органдардың жіті бақылауында.
Әлбетте, шығысқазақстандықтар көктемнің әуре-сарсаңға салмай келуін тілеп отыр. Осыдан бес жыл бұрынғы қар суынан келген шығын әлі есінде.
Шығыс Қазақстан облысы