Әдебиет • 08 Ақпан, 2023

Ақ жаңбыр ақын

605 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбайдың «Қарашығымдағы қара өлең» атты сырлы сазға толы шығармашылық кеші өтті.

Ақ жаңбыр ақын

Өткен ғасырдағы сексенінші жыл­да­ры­ның соңында қазақ поэзиясына «Шөлейттеу жердің шөбі едім, Шөліркеп әлі келемін, Ақ жаңбыр мінез өлеңім, кезертпей өлеңдерімді, Құйып бір өтсе деп едім», деп сыбызғы сазды үнімен келген ақын бірден алдыңғы толқын ағалары мен оқырмандарын жалт қаратты. Содан бері әдебиетте өнімді еңбек етіп, бірнеше жыр жинағы жарық көрді. Қабырғалы қалам­гер Темірхан Медетбек ақынның шығар­­машылығы туралы жазған мақа­ла­сында «Қазақ өлеңіндегі шертпе күй», деп баға берген. Шынында да, ақын­ның нәзік лирикаға толы поэзиясынан Арқада салтанат құрған шерт­пе күйдің шебері Тәттімбеттен бастап, Кыздарбек, Әб­ди, Сембек, одан бергі Сүгір мен Әбі­кен Хасеновтің туындыларындағы тұң­ғиық ой мен сыршылдық әуен есіп
тұрады.

Әдеби кеште Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Алаш жырының ардакүреңіне айналған ақын жайында парасатты ой толғады.

– Ғалым Жайлыбай – поэзияда кең құлашты эпикалық жанрға да, гүл қауашағындай нәзік лирикаға да қатар қанат қаққан, екеуін шебердің қолынан шыққан өрімдей қатар өрген кең тыныс­ты ақын. Ағаның сазды өлеңі, кестелі сөзі, жарау аттай жұтынған жырлары әр буынның құрдасы да, сырласы да болары анық. «Ақ сиса», «Қара орамал», «Тамакөшкен», «Киiкқашқан», «Сұрақ белгі» сияқты сүйекті дүниелері өткен ғасырда халқымыз бастан кешкен зұлмат пен зобалаңды, қырғын мен сүргінді классиктерге тән дәлдікпен, ширауы жеткен шымырлықпен жеткізді, – деді ол.

Одан кейін сөз алған көрнекті жазушы Төлен Әбдік ақын поэзиясын қазіргі әдебиетіміздегі бір құбылыс деп бағалады. Басқа да зиялы қауым өкілдері шайырдың шығармашылығы мен азаматтық келбетіне тоқталып, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ кеш аясында Ғалым ағамыз жаңа өлеңдерін оқып, ақын сөзіне жазылған әндер орындалды.