Аймақтар • 09 Ақпан, 2023

Танымал сәулетші Қонаев қаласын дамытуға атсалысады

453 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Танымал сәулетші Рикардо Марини Қонаев қаласын дамытуға бағытталған жобасын таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Танымал сәулетші Қонаев қаласын дамытуға атсалысады

Бүгін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Urban Living» ЖШС мамандарымен кездесті. Басқосуда танымал сәулетшілер қаланы дамытуға бағытталған жоспарларымен бөлісіп, көзқарастарын айтқан.

«Urban Living» ЖШС-нің бас архитекторы – Марко Брунелли. Ал компанияның серіктесі – Рикардо Марини.

«Біздің серіктестік урбанистік және қала құрылысы жобаларын әзірлеуге маманданған консалтингтік компания. Басты бағыты – «плейсмейкинг». Біз адамдардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалған, көрнекі нысандардың сызбасын жасау арқылы қала құрылысына араласып, туризмді дамытуға атсалысамыз», деді сәулетші Рикардо Марини.

Оның айтуынша, Қапшағай су қоймасының жағажайында ірі нысандар тұрғызу үшін алдымен топотүсірілім жасау қажет.

«Көлдің жағажайындағы аймақтарға жақсы тастар төсеуге қаржы құюға болады. Бірақ, бұл жұмыстың еш нәтижесі болмайтынын түсінгеніміз жөн. Ең алдымен, жағажай мен ғимараттар аралығындағы нысандардың елге пайда әкелетін тұстарын ойластыру қажет. Көлдің жағасы адамдар үшін қауіпсіз аймақ болуы тиіс. Сонымен қатар мұнда жаяу жүргіншілерге басымдық берілгенімен, шұғыл көмек көрсетуші автомобильдердің қозғалысы да назардан тыс қалмауы керек. Біз қаланың қазіргі жай-күйімен танысар кезде топотүсірілімнің жоқтығы жұмысқа кедергі келтірді. Жоғарыда айтылған жобаларды жүзеге асыру үшін топотүсірілім жасалуы керек», деді сәулетші.

Өңір басшысы бұл түсірілімнің міндетті түрде жасалатынын, кейін екіжақты келіссөздер тағы да жүргізілетінін айтты.

«Бакуде ештеңесі жоқ жағажай аз уақыттың ішінде әдемі демалыс орнына айналды. Ол жерде де қателеспесем, сіздер алға тартып отырған принциптер бойынша жұмыстар жүргізілді. Архитекторлардың ұсынған жобасы Қонаевтың кеңестік дәуірден шығып, заманауи қалаға бет бұруына септігін тигізетініне сенімдіміз. Қапшағайдың жағажайын зерттеп, жоба жасауға күш салғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Топотүсірілімнен кейін өздеріңізбен қоян-қолтық жұмыс істеуге әзірміз», деді Марат Сұлтанғазиев.

Бұған дейін «Urban Living» ЖШС Түркістан қаласының жобасын жасаған. Содан кейін жоба инвесторларды тарту үшін пайдаланылып, шаһарда «Керуен сарай» бой көтерді.

Айта кетейік, Рикардо Марини – Англияның қала құрылысы бойынша Корольдік Институтының және Шотландиядағы Корольдік архитекторлар ұйымының мүшесі, архитектура мен қала құрылысының халықаралық сарапшысы. Ол Мәскеу, Буэнос-Айрес, Нью-Йорк секілді ірі қалалардағы бірнеше жобаның авторы.

Ал Марко Брунелли – архитектура ғылымының докторы, Италияның экологиялық құрылыс кеңесінің мүшесі. Ол Ди Тренто провинциясы Университетінің студенттік жатақханалары сияқты қоғамдық ғимараттарды жобалаумен айналысқан.