– Мен айтарға сөз таппай тұрмын. Шынымды айтсам, Президенттің қарапайым адамдарды бақылап, назарынан тыс қалдырмайтынына таңғалдым. Менің ұзақ жылғы еңбегімнің ескерілгеніне қатты қуандым, – дейді ақсақал.
Ақадырды ұзақ жыл мекен еткен Оспановтар әулеті өңірге етене таныс. Бұл отбасы мүшелері халықаралық аренада 31 рет жеңіске жеткен. 18 рет Әнұран әуеледі.
Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, пауэрлифтингтен Азия мен әлемнің екі дүркін чемпионы, Еңбек сіңірген жаттықтырушы Дәрібай Оспанов 1949 жылы теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Ол ғұмырын теміржолға арнаса да, спортты жанына серік еткен. Ал кейінгі 18 жыл пауэрлифтингке ден қойыпты. Ол алғаш 2010 жылы Филиппиндегі Азия чемпионатында салмағы 140 кг штанганы көтеріп, жеңіске жетіпті.
Дәрібай ақсақалдың үш баласы бар. Оның бәрі де спортқа бейім. Кенже ұлы Қараманды 13 жасынан бастап өзі жаттықтырады. Қараман – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол да халықаралық байрақты бәскелелерде топ жарып жүр. Оған қоса балаларды жаттықтырады.
Үлкен ұлы Алмаз Оспанов – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жоғары санатты жаттықтырушы. Ортаңғы ұлы – Манас Оспанов спорт шебері. Немересі Айтас – пауэрлифтингтен сайыстарға бірнеше мәрте қатысқан, спорт шебері нормативін орындаған болашағы зор бала.
Дәрібай Оспанов мұнымен тоқтап қалмайтынын айтады. Ол аптасына бес рет жаттығады. Үш ұлымен халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғауға белді бекем буған.
– Қазан айында Моңғолиядағы әлем біріншілігіне қатысуды жоспарлап отырмыз, ал маусым айында Үндістанға барамыз. Спорттағы ұзақ өмір сүрудің басты құпиясы – үнемі дене шынықтырумен айналысу, жақсы қан айналымы үшін сыртта жүгіру қажет. Сонымен қатар алдымызға мақсат қойып, оларға қол жеткізуіміз керек. Менің мақсатым – еңбек сіңірген спорт шебері атағын алу және бірнеше рет чемпион болу, – дейді спорт ардагері.
Қарағанды облысы