Тарих • 09 Ақпан, 2023

Шабыты шалқар, қаламы сұңқар

424 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қым-қуыт өтпелі нарықтық заман шырға­лаңында, шыны керек, қазақ әдебиетінің әлемдік деңгейде талай ғажайып туынды тудырған піл сүйекті ірі жанры прозаның керуені баяулап, байсал тартқан. Есесіне тұсауы шешілген шайырлардың жыр нөсері толассыз ақ жауындай сіркіреген. Өліара сәтте қазіргі заман, өзіміз өмір сүріп отырған бүгінгі күннің шындығын түп-тамырымен қопарып суреттейтін прозалық шығар­малардың жазылмай, бәсеңсіп іркіліс табуы күдік бұлтын қоюлата түскені бар.

Шабыты шалқар, қаламы сұңқар

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Алайда тәуелсіздік кезеңінде қалып­тасып, бұғанасы бекіп, қанаты қата­йып, тұлпар тұяғымен әдебиет әлемін дүбір­леткен бір топ кәсіби жаңа буын жазушылардың көгендес туындылары көркемдік көкжиегімізді кеңітіп, қазақ сөз өнерін жаңа белеске көтеріп соны серпін берді. Сол дарынды топтың ішінде дара қолтаңбасымен сонарға із салып, сөз өнерінің қасиетті қақпасын айқара ашып енген жазушы Асқар Алтайдың шоқтықты шығармалары халқымыздың рухани кенішіне қосылған қазына болды деп айтуға негіз жеткілікті.

Біздің байқауымызша, жазушы Асқар Алтайдың бозбала кезінде жаз­ған тырнақалды «Қызыл бөлтірік» по­ве­сінен соңғы жазған соқталы рома­ны «Был­ғары табытқа» дейінгі бүкіл шы­ғар­­маларының алтын өзегін бағзы­дан ұласқан аңыз-әпсаналық астарлы са­рын бір-біріне тұтастырып, бір кө­­генге матастырып байлап тұр деу­ге бо­­ла­тындай

Әдебиетімізде түгел түркінің төр мекені қасиетті Алтайды ақ өлең­мен жыр­­лаудың арналы дәстүрі қалыптасқа­нын оқырман жақсы біледі. Ол – кешегі Алаш арысы Аймауытовтан аймаң­дай қаламгер Қалихан, Оралхандардың зергерлік талғам-машығымен орнық­тырылған мұнаралы меже. А.Алтай шы­ғармашылығы сол өміршең үлгінің жал­ғасы болғанымен, шынын айтайық, қай­таланбас төл бітімімен, мүлде дара келбетімен, оқшау пішінімен сымбат­тан­ған таңсық дүние.

Сыншы ғалым Шерияздан Елеукенов Асқардың «Алтайдың алқызыл мода­ғайы» романы туралы «Біріншіден, туын­дының роман-миф аталуы мұндай жанр­дың бұрын-соңды қазақ көркем сөзінде кезікпегенін еске салады...Екін­шіден, «Алтай балладасында» идеал атаулыны мансұқ ететін, ұстаздық тағылымдардан бойын аулақ ұстайтын постмодернизм әсері де жоқ емес.Үшінші бір ерекшелігі, фрейдизмге, одан бұрынғы жаһандық әдеби құбылыстарға жанасымдылығы. Шығарманың социалистік реализмге үш қайнаса сорпасы қосылмайтындығын дәлелдеп жатудың қажеті аз» деп сараптап жазуы Алтайдың шығармашылық зертханасын, өнернамалық асқақ мұратын аша түсуге бағыт беретін байлам секілді.

Біздің байқауымызша, жазушы Асқар Алтайдың бозбала кезінде жаз­ған тырнақалды «Қызыл бөлтірік» по­ве­сінен соңғы жазған соқталы рома­ны «Был­ғары табытқа» дейінгі бүкіл шы­ғар­­маларының алтын өзегін бағзы­дан ұласқан аңыз-әпсаналық астарлы са­рын бір-біріне тұтастырып, бір кө­­генге матастырып байлап тұр деу­ге бо­­ла­тындай. Мейлі «Алтайдың ал­­қы­зыл модағайы», «Туажат», «Сират», «Былғары табыт» секілді романдары болсын, мейлі «Кентавр», «Қараштың қарасы», «Киллер сауысқан», «Шың» новелла әңгімелері болсын, бұл туын­дылардың барлығы аңыздың ақ самалымен, ертегілік ескілікпен әдіптелген. Сондықтан да тылсым райымен, тұң­ғиық табиғатымен оқырманды баурап, бүгінгі ұрпақты бабалардың батыр­лық дәуіріне тоғыстырып, қиялын қиян­дарға самғатады. Асқар Алтайдың кейіп­кер­лерінің біразы аңшы, жорықшы, жыл­қышы болып келетіні де содан секілді. Сөйте тұра оның күллі шығармалары қазіргі қоғамымыздың бейнесін, күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселелерді уытты қалпында, буын бұрқыратып, қанын тамшылатып аса шынайылықпен, тіпті қазір болған оқиғаларды ізі суымай жатып шұғыл да шапшаң суреттеп, өмір-тіршілігімізде орын алған небір ше­тін, түйткілді дүниелерді көркемдікпен әрлеп, оқырманға лезде ұсына алуымен ерекшеленеді. Айталық, бүгінгі бейбіт күнімізде алпамсадай арыс тұлғаның «өзін өзі үш мәрте атып» күмәнмен бақи­лық болуы «Шаһид» әңгімесінде, кешегі қаңтар дүрбелеңі «Кремль көлеңкесі» әңгімесінде оқиғаның ізі суымай мү­сінделеді. Пандемия зобалаңы сойқан індеттің алғашқы күндерінде-ақ «Вирус-Мутант» әңгімесі арқылы оқырманға ұсынылды. Ақмылтық ақындықтың жөні бөлек-ау, мимырт піл аяңмен ілби­­тін салмақты жанр прозадағы бұл ұш­қыр­лық Асқар Алтайдың ешкімге ұқса­­майтын төлтума қалпы, шеберлік ойын-өрнегі. Бұл тұрғыдан келгенде шабыты шалқар, қаламы сұңқар жазушы інімді «прозаның Иса Байзақовы» деп қалжыңмен қағытатыным да бар.

Жазушы қазіргі қоғамымыздағы орын алып отырған ашкөзділік пен жем­қорлық, тасбауырлық пен аярлық, дүба­ралық пен дүмшелік, азғындық пен мәңгүрттікті аяу­сыз әшкерелейді. Оның қаламынан туған туындылары ұл­­тымыздың болашағына зиянын тигі­зіп, тәуелсіз еліміздің дамуы­на кедергі келтіріп отырған әлеуметтік кеселдерге өткір сәуле түсіріп, оқырманға дабыл қағады; сырлы тұспалымен, ишара астарымен иірімге тартып, философия­лық күрделі ой-түйіндерге жетелейді. «Киллер сауысқан» әңгімесінде кешегі қыран түлеткен елдің бүгінгі күйкі ұр­пағы ала қанат сауысқанды баулып, хайуан­дардың көзімен қоректендіру арқылы жарқыраған көз атаулыға қырғидай шүйілетін «Көзжендетке» айналдырады. Расымен, бүгінгі күні «молақ шөрке бетін тұғыр еткен» өрісі тар, санасы саяз сауысқандай секеңдеген алаөкпе тобыр бірінің көзін бірі шоқып, көзі ашықтар­дың қарашығын қараңғыға батырумен шұғылданып жүрген жоқ па?! Соқыр ұрпақ өмірге келе берсе қараңғы қармап түнекке мүлде батып кетпейміз бе? Міне, жазушының айтпағы да, оқырманды сергек болуға үндеуі де «көзжендеттікке» қарсы дүмпу, санада толқын тудыру. «Лай­баранда» астаудан қазы мен қарта шайнаған текті елдің ұрпағы азып-то­зып ащы судың құлы болып, ит етін жеген қаң­­ғыбасқа айналуы; «Оба жылғы са­уық» әңгімесінде ауылда жұмыссыз сан­дал­ған жандардың қалаға ағылғанда көр­ген теперіші, ананың мейірбандылы­ғы мен тас қабырға жағалаған «іштен шық­қан шұбар жыланның» тасбауырлығы жанайқайға ұласады; «Тұл» әңгімесінде репрессия жылдарынан қалған суық, зілді үрей мен қастандықтың зардапты салдары, «Альпинист» әңгімесінде таумен тайталасқа түсіп, арқар тұяқ қадаған тас шатқал, барыс жортқан құздарды бағындырған қазақ альпинисінің өр рухы мен өмірінің ақыры бүгінгі күннің боямасыз шындығымен өріліп, көркем кестеленеді. Алтай шығармаларында өмір мен өлім, ақ пен қара, адалдық пен зымияндық шарпысқан шақтағы адам жанының психологиялық ахуалы терең ашылады, табиғат пейзаждары мөлдір кескінделеді, кейіпкерлердің арасындағы драмалық тартыс күрделі болуымен, сюжет тосын оқиғамен түйінделіп, оқыр­манға ой тастауымен ерекшеленеді.

Шырайы бұзылмаған кестелі тіл, ақ өлеңдей толқынданған ой ағысы, мета­форалық-символдық ишара, адам міне­зінің алуан қыры, өмір мен өлім ара­сындағы драматизм, аңыз-әпсаналық айшық Асқар Алтай қаламына тән на­қыштар болып келеді.

«Сират» романында ұлттық ояну дәуірінде Алаш қозғалысының мұратына ілесіп қазақ қоғамының дүр сілкініп түлеуі, Шығыс Түркістан, Хан Тәңір алабы, Үстірт үстіндегі зиялылар мен күрескер тұлғалардың талайлы тағ­дыры, өктем империялар тарапынан тұншық­тырылған елдік сана, босқындық зоба­лаңы, аштық пен қуғын-сүргінге ұшырап, сайда бесігі шашылып, сүйегі ақсөңке болып қураған жұртымыздың тар кезеңдегі арпалысы, замана зары шер-толғауға айналады. Романдағы оқиғалардың кеңістігі аса ауқымды, дәуірлік келбеті салқар болғандықтан да эпикалық кең тыныс байқалады, тарихи деректер көркем­дік көгорайына сүңгітіліп, ұлтымыздың буыр­қанған арман-аңсары романтика­лық леп­пен суреттеледі.

Көне тарихты аңыз-әпсана арқылы жандандырып суреттеген жазушы сақ зама­нының кескін-келбетін бейнелей­тін этномәдени айшықтарды қалам қуа­тымен тірілтеді. Тәңірқұт Дің, оның опа­сыз сатқын ұлы Аманат бек, ханшайым Сылан бегім образдары шебер мүсін­деледі. Дің қағанның қаһарлы бейнесін сомдауға жұмсалған ескілікті салттық нақыстар сақ заманының тұрмысынан, уақыт табынан хабар бергендей:

«Боз Орда ішінде кіші Тәңірқұт Дің қаған отыр. Бұл баяғы құдіретті Сақ Қаға­натын алғаш құрған – құлжаның асы­ғындай Ұлы Тәңірқұт Сақа қағанның отыз жетінші ұрпағы... Қолында жауының бас терісінен иленген жұмсақ, шикі құйқа – қолжаулық. Қолжаулыққа да қол уыты мен қара тер сіңіп қалған. Қаған қолжау­лықпен тершіген кең маңдайын сүртіп қояды».

«Былғары табыт» романында ежел­гі сақ патшасы, кейінгі көш­пелі тайпа­лар билеушілерінің бекзадалық болмы­сы қазіргі замандағы ұрпақтары­ның өмірімен сабақтастырыла бедерлене­ді. Өр рухты сол қаһарман бабалардың аруақты қорғаны жатқан шекараға жа­қын Марқакөл өңірінің кеніштерін жат жұртқа байлық үшін саудалап, тұм­са табиғатты қопарып талқандаған сұға­нақ байшыкештердің сел тасқыны­на ұшырауы, сақ қорғанын зерттеуші архео­­логтің қилы тағдыры, қазіргі қа­зақ ауылының мүшкіл халі, сол аядай ауыл­дан өсіп шыққан бай-манаптардың байлыққа белшесінен батып тайраң­да­ған өктем тірлігі, зиялылар мен қара халықтың пұшайман халі шерлі леппен суреттеледі.

Қазақ халқының өткені мен бүгін­гі ахуалын шендестіріп суреттеп, шығар­машылық қуатымен салқар кеңістіктер мен ұзын сүрлеу дәуірлер иінін бағын­дырып, қазақ әдебиеті сарайын тосын да сұлу кейіпкерлер галереясымен әше­кейлеген эстетикалық кірпияз талғам мен тұлпар қалам иесінің соқпақ-даңғылы ұзаққа жалғасып, тоғанақты керуенінің қоңырауы дамылсыз күмбірлей берсін.  

 

Несіпбек АЙТҰЛЫ,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты