Тарих • 09 Ақпан, 2023

«Тарих әлі айтқан жоқ, Созақта не болғанын...»

1368 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

1930 жылы ақпан айының 7-15 аралығында бұрқ ете қалып, сан мыңдаған жанды қызыл қанға бөктірген атышулы Созақ көтерілісінің салқын лебі халық санасынан өше қойған жоқ. Сол қаралы жылдың қыркүйегінде «Қазақ АССР-нің ауылдық, қыстақтық және селолық кеңестері жанынан құрылған көндіру камералары туралы» ереже бекітіліп, соның негізінде жергілікті билік орындары камералар, абақтылар, лагерьлер ашып, өздеріне күдіктілерді тұтқынға алды. Созақ ауданындағы жазалау лагері де осылай өмірге келіп, талай жазықсыз жанның қанын жүктеді.

«Тарих әлі айтқан жоқ, Созақта не болғанын...»

«Қайнар» елді мекенінің күншығыс жағында «Дуана» аталатын жер бар. Ертеректе таудан аққан өзеннің жағасында азын-аулақ ел қоныстанып, тіршілік еткен көрінеді. Өзен суы одан әрі Үспінің ойпаңына құйылып, бұл күнде суы тартылып, сорланып тұздалған өңірді ел емдік қасиеті үшін пайдаланды. Өзен-бұлағы тартылып, кенезесі кепкен «Дуана» – кешегі зұлмат жылдардан қалған қасіретті орын. Көтеріліске қатысқандар аяусыз жазаланып, жаншылған соң олардың отбасы мүшелері мен туған-туысы «Жеке отыр» қара тізіміне ілініп, осы «Дуанадағы» жазалау лагерінде тұтқында ұсталды. Көлденеңі мен ені 200-250 қадам келетін алқаптың ортасына ашық алаңқай қалдырып, қатар тізілген күркешіктердің орны шұңқыр-шұңқыр болып әлі күнге дейін сақталған. Әр күркешік үш қадамнан аспайды. Жазалаушылар тұтқындардың өздеріне белуардан жер қаздырып, төбесін аласа етіп жаптырып, тар қапаста тұруға мәжбүрлеген. Олардың ішінде еңкейген қарттан, жасөспірім балаға дейін тұтқында болған. Шілденің аптап ыстығында тығыз орналасқан лагерьдегі тұтқындар ас-судың тапшылығынан аштық пен шөлге ұшырап, ауру тарайды. Көртышқанның ініндей сыз, қараңғы қапаста адамдар көк шыбындай қырылады. Ұзына бойы тұтқындар қонысының қақ ортасында милиция қызметкерлері тұрған үйдің орны бар. Айнала терезесінен бақылап отыратын күзетшілер қашып кетуге әрекеттенген тұтқындарды ешбір ескертусіз баудай түсіріп, атып тастаған. Оққа ұшқан тұтқынның өлі денесін лагерь іргесінде қазылған терең орға тастай берген. «Қара тізімге» іліккендердің еңбекке жарамдысын қойдай тізіп, айдап барып, колхоздың мақтасын тергізеді. Еңбек күн нормасын орындамағандардың жазасы еселеп артады. Тұтқындарды күзетіп жүрген милиция қызметкерлері ойына келгенін істейді. Көзі түскен әйелдерді зорлау, бас көтергенін жабылып соққыға жығу, кәдеге жарар бұйымын тартып алу сияқты қинаудың неше түрін қолданады.

Созақ көтерілісінің зобалаң жылдары «Дуана­дағы» жазалау лагерінде отырған Түркістан қаласының тұрғыны, 85 жастағы Киянбек Әліпұлы Ержановты іздеп барып, жолыққаным бар. Өмірдің қаншама соқтықпалы жолынан өткен, Екінші дүниежүзілік соғыстың қанды майданында оқ пен оттың арасынан аман қалған Киянбек қария: «Көресіні көрмей көрге кірмейді екенсің. Сол қарғыс атқыр 1930 жылы жан-жақтан келген жазалаушы отряд көтеріліске қатысқандарды аяусыз қырып-жойып, қалғанын абақтыға жауып, жер аударып, бір тазалады. Көтерілістің соңынан ауыл-ауылға уәкіл шықты. Ол кезде біздің ауыл Бетбақдаладағы «Түкпіршиде» отырған. Елді жиып, жиын жасады. «Бізден қауіптенбеңдер, енді ешкімге тимейміз. Созаққа барасыңдар!» деп көп адамды бес жүз шақырымдай жерге аттылы-жаяулы шұбыртып, айдап әкелді. Созақта жеке-жеке тергеп, әлігі адамның 18-ін іріктеп алды. «Бұлар Шымкентке барады!» деп жақындарын алдаусыратты. Елдің он сегіз азаматының ішінде менің әкем Әліп, Омбайдың Есіркебі, Қасым, Оқап, Әбілбек, Мәжен де бар еді.

Шолақ белсенділер мен өкімет адамдары одан кейін де ел-елді аралап, жұрттың бе­рекесін алды. Әрбір басқан қадамына күдік­пен қарады. Бағлан қозыны сойдырып, етін жеді, қыз-келіншектерге зорлық жасады. Ел ішінде белсенділердің жасаған зорлық-зомбылығын өлеңге қосқан Қозы Қашқынбаевтың Созақта қамауда жатып, аудандық атқару комитетіне өлеңмен жаз­ған хатының кейбір шумақтары жадымда қалыпты:

«Үрматілу хат жазамын басқармаға,

Қараңғы елде сорлы жастар ғана.

Орнына түсініктің зәрін жайып,

Мұса мен Оразовтай мастар ғана.

Еңбекші сөз берейін қазағыма,

Бұл сөзді қабыл алса назарына.

Мұса мен халық соты Оразұлы,

Сорлы елді еркін жүріп қажады да.

Созақтың елге келіп халық соты,

Іздетті ел ішінен қыздан тоты.

Дәуірі әкімшілік асқынған соң,

Қуырдақ аттан түспей болсын деді.

Бұл елге Оразұлы сотың келді,

Артынан отыз-қырық қосың келді.

Сіздерге айтатыным осы боп тұр,

«Қыз ойнақ кешке жақын болсын!» деді.

Жан-жақтан белсенділер барып жатыр,

Ауызын қыздарменен қарып жатыр.

Ахмет Асылбеков секілділер,

Қыздардың жеңгетайы болып жатыр.

«Қыздарға бере тұғын матамыз көп,

Түнемеге жылы көрпеде жатамыз!» – деп.

«Егер де айтқан сөзден шықпай қалсаң,

Оқталған тапаншадан атамыз!» – деп.

Малдың саны жетсін, жетпесін дәулет­тінің қатарына жатқызып, «қара тізімге» іліктірді. Қорадағы малын алып қойған соң №12, №13 ауылдарға көшіріп, еңбекке жарамдыларды қамыс оруға салды. «Түп­кіршидегі» «Қызыл отауға» оқуға тартылатын болып, сонда шұбырдық. Момынай деген жекжатымыздың үйінде жатып оқы­дым. Байдың баласы деген жаламен мұнда да тыныштық бермеді, «Дуанадағы» лагерьге алып келді. Ересектеу жасөспірім балаларды бөлек алып шығып, лагерьдегі өлген адамдарды көмгізді. Екі қарыстай жер қазған соң: «Осы жетеді!» дейді де, милиция қызметкерлері өліктерді қатар жатқызып, топырақ тастатады.

Лагерьге соңымыздан келген жылы-жұмсақ тағамдарды тексеруден өткізіп, өздеріне алып қалады. Тұтқындармен жөн сөйлеспей, сайқымазақ ететін. «Ертең сені лагерьден шығарады!» деген сөзіне сеніп, қуанып қаламыз. Ертеңіне: «Әй, сен неге жетісіп жүрсің? Атаңның басына шығасың!» дейді жекіп. Лагерьде бірге бол­ған­дардан есімде қалғаны «бай-құлақтардың тұқымы» деп ұстағандардан жас шамалары менімен қатарлас 16-17-дегі Тәжібек Сыздықұлы, Салахан Әлі­ұлы, Бегұлы Есжанұлы, Зейнәбіл Әбді­райымұлы, Ахметжан Нәшентайұлы, Бек­сейіт Тұрлыбекұлы, Бәлсейіт, Қорған деген өзбек, Отарбай Дәулетбайлардың әулетінен әйелдері, келіндері мен қыздары, Мырзахметтен Дәметкен, шешесі Тоқжан мен Жандәулеттің шешесі Күлтай, Ахат Ыбырайұлы, Әліпбай Ысқақұлы, Омардың қызы Алтын кедейге тұрмысқа шықса да «Байдың қызы» деп осында алып келді. Оспан әженің Сыздығының Серке деген әйелі де лагерьге түсті.

«Қызы едім мен қожаның атым Серке,

Атаның дәулетінде болдым ерке.

Етімді шәйі көрпе қажады деп,

Алдырдым тоқсан сомға торғын көрпе», –

деген дәурен бастан тайып, лагерьдің сыз кепесінде жазықсыз жапа шекті. Алғашқыда 500-дей адам болды. Жер кепені өзімізге қаздырды. Ұзындығы кісі бойы, енін әр адамға үш қарыстан өлшеп берді. Жер кепеден көр тышқанның ініне көбірек ұқсайды. Көтерілісте атылып кеткен Мырзахмет ағамыздың қызы Айнаш жеңгеміз: «Мына жерлеріңіз тар екен!» деп наразылық білдіргенде милиция қызметкері келіп: «Кешегі күніңді, сегіз қанат боз үйінді аңсап отырсың ба?» деп маңдайынан ұрғанын көзіміз көрді. «Байдың тұқымы» деп мені, әйелім Үре мен енем Орал үшеумізді бір үңгіршікке тықты. Әйеліңмен, өз енеңмен тар қапаста бір жыл бойы өмір кешуден өткен ер жігітке азап бар ма?!

Күзге салым күн суытқан соң үңгірдің төбесін балшықпен көтеріп, үстін жыңғыл, шеңгелмен жауып, топырақ тастадық. Төбемізден жел тұрса құм сауылдайды, жауын-шашында тамшы өтеді. Ішіне пеш орнаттық. Отқа жағатын жыңғыл су болған соң бықсып, көк түтінге тұншықтық.

Лагерьдегі тұтқындарға арнайы тамақ дайын­далмайды. Соңынан ағайын-туыс, жа­қын­дары өлмес азығын әкеліп беріп тұ­рады. Соңынан ас-ауқат келмегендер жер ке­педе жатып, жантәсілім етті. Күннен күн­­ге лагерь­дегі тұтқындардың саны арта түсті. Шаян мен Шәуілдірден, Сарысудан да тұт­­қындарды аш-жалаңаш айдап әкеліп, біз­ге қосты. Ұзақ жолдан азаптанып келген, әрі бұл жердің суы мен ауасын жерсінбеген тұт­қындар көп ұзамай қырыла бастады. Ыстық күнде лагерь маңын өлік исі жайлады.

Бізді таңертең ерте тұрғызып, колхоздың жұмысына салады. Түйеге соқа жегіп, жер аударып, мақта ектік. Оны күтіп, суарып, күзде өнімін қолмен тереміз. Лагерьде тұтқындарды бір жыл ұстап, халық бостан-босқа көп қырылған соң әрі олардан ешбір қауіп-қатер болмайтынына көзі жетіп, келесі жылы күзде, қысқа салым босатып қоя берді. Одан кейін «Тағы да бір пәлеге ұшырап қалармыз!» деп туған жерімізді тастап, күнгей асып, қашып шығып кеттік. Кейін де «Созақтан біреу іздеп келді!» дегенді естісек, зәреміз қалмайтын», деп сол бір қаралы жылдарды еске алған еді Қиянбек қария.

Қиянбек қарияның ағайын-туысы Созақта қалған. Кіндік қаны тамған жерге әр келген сайын қасқа жолдың бойындағы азабын бастан өткерген «Дуанадағы» жазалау лагерінің орнына соғып, жазықсыз шейіт кеткен ата-бабалары мен ағайындарының аруағына бағыштап құран оқып тұрды.

1995 жылы «Созақ теледидарын» ашып, елге хабар тарата бастаған кезде Таукенттегі сазгер Пернебай Иманқұлов ағамыздың «Уазигімен» Созақ кәсіптік мектебінің директоры, ақын Бөрғазының Өскенін алып «Дуанадағы» жазалау лагерінің орнына келдік. Ата-бабаларымыздың нақақтан жапа шеккен өңірдегі қасірет таңбалары біртіндеп тарих бетінен өшіп бара жатқандай болып көрінеді. Қатар тізілген тор-тор жер кепелердің орны көмескіленіп, бір кездегі терең ор шұңқырға айналып, айдалада желдің өті мен аптап күн көзінде мал тұяғына тапталып, уақыт өткен са­йын тегістеліп келеді. Өскен ағаның осы қаралы өңір туралы «Ор мен тор» атты поэмасын «Дуанадағы» жазалау лагерінің көрінісімен өзінің даусымен оқыған сәтін бейнетаспаға түсіріп алмақ болып «Панасоник» камерасын қосқанымда істемей қалды. Алдын ала сайлап келген батареясы мен касетасын да ауыстырып, әрі-бері шұқылағанымен ештеңе өнбеген соң отыра қалып құран оқуға тура келді. Білетін құран аяттарын созыңқырап, осында шейіт болған ата-баба рухына бағыштап, бетімізді сипадық. Сізге – өтірік, маған – шын, орнымыздан тұрып, камераны қайта қосқанымда жұмыс істеп кеткенінен бұл жердің тегін емес екеніне көзіміз жеткен еді.

«Бухенвальді Созақтың,

Болған екен «Дуана».

Ор мен торы азаптың,

Толған екен «Дуана».

Өздері қазған терең ор,

Өздерін көмген көр болды.

Өздері салған тамшық тор,

Қорлықпен өлер сор болды.

Тарих әлі айтқан жоқ,

Созақта не болғанын.

Пікірден ескі қайтқан жоқ,

Көрмеді ор мен тор маңын...

2021 жылы күзде Созақтағы «Жастар саяба­ғында» «Созақ қасіреті» мемориалдық кешені құ­рылысын созақтық кәсіпкер Орынбек Ібіжанов жүргізіп, бастамашыл топ Бекет Тұрғараев пен Түркістан облысының құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбековтің қажырлы еңбегінің арқасында үлкен игілікті іс жүзеге асты. Мемориал кешенінен ұзақ емес «Дуанадағы» жазалау лагерінің орнын қайта қалпына келтіру – осы ауқымды істің заңды жалғасы болуға тиіс. Бұл шаруа бүгін болмаса да келешекте қолға алынатыны анық.

 

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі