Қаржы • 09 Ақпан, 2023

Байлар ғылымға қаржы құюы керек

271 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

АҚШ-та байлар топ құрады. Жұмыс орындарын ашады. Жаңа технологияға инвес­тиция салады. Әртүрлі ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдарын қаржыландырады. Лобби жасайды. Сол үшін билікке ұмтылады. Заң шығаруға атсалысады. Нәтижесінде, байи түскеннің үстіне байи түседі. Қолында патент, ғылым, зерттеу нәтижелері, жүз мыңдаған жұ­мысшысы болған соң, сөзі де өтімді болады.

Байлар ғылымға қаржы құюы керек

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Иә, жанама эффект байқалып тұ­рады. Тым монополия немесе бюрократия, болмаса ақша үшін адам­дардың құқын жаншу да бар. Әйтсе де оларға қарсы журналистері бар, басқа да ұйымдары бар, әйтеуір тепе-теңдікте өмір сүріп жатыр. Сондықтан біздің қазақтың байлары да ғылымға, білімге, жаңа технологияға инвес­тиция құюы керек. 31 мамыр сайын «алашшыл» бола қалуды, бірен-саран жағдайсыз жүрген жазушыға 5-10 теңге беріп арзан атақ жинауды қою керек.

Біздің Алашорданы да байлар қаржылан­дырған. Олар Алаш әскерін ұстаған. Мал-мүлкін берген. Байлықты қазақтың даму жолында жұмсауды ойламай тұрып, біз сияқты ІТ-маман­дармен, ғалымдармен, басқа да кәсіби адамдармен кездескенде: «Неге бүйт­пейсіңдер? Неге сөйтпейсіңдер?» деп барлық жауапкершілікті қарапайым мамандарға ысырып тастауды қою керек. Осы күнге дейін бірде-бір қазақ байының қазақ стартапына ең болмаса 100 мың доллар ақша салғанын естімедім. Сөйте тұра, «қазақтардан технология шықпайды» дейді. Өзге елдің стартаптарын қолдауға даяр қазақтың байы жетерлік. Соның салдарынан елімізде технологиялық тәуелділік белең алып барады. Білек­ке сенген заманда ешкімге есе жіберме­ген қазақ, білімге сенген заманда бүкіл әлемге есесін жіберіп жатыр.

Мен қазір АҚШ-та, әлемдегі танымал университеттердің бірінде оқып жүрмін. Бостон қаласында МІТ немесе Харвард сияқты мықты оқу орындарының да студенттерін көріп жүрмін. Оқуға түсу қиын болғанымен, ол жерде бірыңғай білімділер оқып жатыр деп айта алмаймын. Иә, шашасына шаң жұқтырмайтындар бар. Олар мыңнан біреу ғана. Қалған 999-ы сол өзіміз қатарлы. Қытайы болсын, үндісі болсын, басқасы болсын.

Айтайын дегенім, қазақтың байлары донер мен тойхана деңгейінен шығып, өтірік тарихи кітап шығарып, түкке тұрғысыз іс-шараларға демеуші болудан көтеріліп, арабтың байлары секілді технология мен инфрақұры­лымға бет бұруы керек. Біріккен Араб Әмір­ліктерінің байлары Кай Фу Ли секілді жасанды интеллект бойынша әлемнің ең үздік ғалымдарының басын қосып, әлемдік деңгейдегі Мұ­хаммед бин Зайд атындағы Жасанды интеллект университетін ашып тас­тады.

Біраз қаржылы азаматпен кездес­тім. Қалтаның қалыңдығы сананың тереңдігіне жетелемейді екен. Не МВА оқымайды, не заманауи басылымдарды оқымайды, әйтеуір қарыны тойғанға мәз. Жарлы-жақыбай, жұ­мыс­сыздар ас­үйде отырып билікті кінә­лап кіжінеді. Әлгі байларымыз да сөйтеді. Таңғаласың. «Біздің қолымыздан не келеді?..» деп қояды тағы.

Қазақ байларының бойында не рух жоқ, не намыс жоқ, не ұлт­ты жетелейтін мақсаты жоқ. Әйтеуір ас ішіп, аяқ босатқаныңа, азды-көпті табысына мәз. Қазір әлемде қандай технология бар, соның біразы индустриялық революциялар ағылшын, еуропалық, америкалық байлардың қолымен жасалған.

ChatGPT деген кейінгі жарты жылда бүкіл әлемді таңғалдырған технология шықты. Алдында біреу маған: «Неге қазақ ІТ-мамандары сон­дай дүниені жасамайсыңдар?» дейді. «Мынаның есі дұрыс па?» дедім де қойдым. Оған 500 гигабайт­тан астам датасет жинақталып, бүкіл әлемнің кітабы мен сайты және Уики­педиа барлық тілдік қорымен сол күйі жұтылғанын қалай айтып түсіндірейін? Оған 175.000.000.000 параметр бойынша тюниң жасалып, жетілдіру үшін бір итерацияға 4 млн доллар ақша жұмсалғанын айтсам да ұқпайды ғой.

Біздің байлардың кейде бас құры­лысын ашып көргім келеді. Өйткені 10 мың доллар (иә, он-ақ мың доллармен Яндекс корпорациясын жеңбекші) садақа беріп, Яндекс Такси жасатып алғысы келіп жүрген адамның ми қыртыстары қалай дамығанын көру қызығырақ сияқты.

Бұл қазақтың миы жетеді көп дүниеге. МІТ университетінде де, Харвард университетінде де біраз қазақ профессор болып жүр. Бірақ бұндай дәрежеге олар өз күштерімен, сонша жылдан кейін әрең жеткен. Ал оның көкжиегін кеңейту, ХХІ ғасырдың интеллектуалдық ипподромында жүзден жүйрік шығу үшін қазақтың қаржысы керек болып тұр. Әйтпесе, ол қаржының басқа жақтан келері анық.

 

Тимур БЕКТҰР,

«Болашақ» стипендиаты,

Бостон университетінің

магистранты, АҚШ