«Жағымпаздық», Олжас Сүлейменов
Зерттеп қарасақ, қалам ұстаған қауымның қылқаламнан алыс емес екенін байқаймыз. Әрине, екі өнерге де көркемдік ортақ. Екеуі де өмірді жырлайды. Екеуі де адамның жанына үңіледі. Мәселен, Шоқанның, Лев Толстойдың, Тарас Шевченконың, Пушкин мен Лермонтовтың сурет салғанын білеміз. Олжас Сүлейменов те қылқалам ұстай алады. Ақынның қылқаламға үйірлігін оның шығармашылық лабораториясының бір қыры ретінде танысақ болатындай.
Сонау бір жылдары студент Олжасқа талантты ақын Борис Слуцкий: «Любите скульптуру? Я недавно увлекся, вот сколько насобирал. Вучетич удивился: «Это ты наваял?» Прелестная терминология. Поэт должен интересоваться всем, не только строки коллекцинировать. Отвлекайтесь от стихов, не думайте, что этим обкрадываете мировую поэзию. Тогда стихи пойдут. А упретесь взглядом в одну точку, вспугнете музу. Она не любит домогательств...» деп кеңес беріпті.
Шынында да біздің көптеген ақын-жазушы кескіндеме өнеріне әуес көрінеді. Десек те бәрі атақты суретші атанған жоқ, тек жұмыс бөлмесінің күн түсер тұсында ермек үшін айналысты.
Бір деректерге сүйенсек, Екінші жаһан соғысы біткен жылдары Гетенің ескерткішін салып отырған жас Қалмұқан Исабайды көргенде немістер: «Міне, ғажап, біздің әскерлер мыналардың қалаларын талқандады, ал мынау болса, қайдағы бір жау елдегі мүсінге табынып отыр!» деп қайран қалыпты.
«Екіжүзділік», Олжас Сүлейменов
Жазушыны әуестігі шығармашылығында да қылаң береді. 1985 жылы «Жалын» баспасы шығарған «Сөзстан» жинағында көптеген қаламгерге сауалнама сұрақтары таратылыпты: «Кенеттен қолыңыздан жазу келмей қалса, қандай кәсіптің құлағын ұстар едіңіз?» Осы сұраққа Қажығали Мұханбетқалиев: «Адам аяғы баспаған қалың тоғайлардың біріндегі жалғыз үй қорықшының көмекшісі болып кетер едім. Қорықшы болу – бала күннен бергі арманым» десе, Ақселеу Сейдімбек: «...онда менен жақсы дәрігер немесе музыкант шығуы мүмкін еді. Сондай-ақ қолөнермен айналыссам да талайдың көзін қуантар өнер туындыларын жасайтыныма күмәнданбас едім. Ал егер не қойшы, не жылқышы болғанда тамаша еңбек үлгісін көрсетер едім деп ойлаймын», депті. Кәдірбек Сегізбаев болса: «Өмірімде алғаш рет пеш салып көргенім бар. Осыным қалай болар екен деген күдік мазалап тұрғанда көршім келіп мұндай құрылысы күрделі пешті салу үшін арнайы маман шақыру керек еді деп одан әрі қобалжытып кетті. Қорқа-қорқа пеш те қаланып бітті, қорқа-қорқа от та жағылды. Біраздан соң қарасам, пешімнің буы бұрқырап, отты дүр-дүр тартады», деп жауап береді. Ал Молдахмет Қаназ: «Диплом алған заңды мамандығым – мұғалім. Ертерек қол үзгендіктен, мұғалім ретінде қазірдің өзінде көнеріп қалдым. Мына бір беті әрмен болғыр жағдай келіп қалғандай болса, тіпті, мұғалімдікке де жарамай қалатын шығармын. Сондықтан да жазушы деген атақтың беделін түсірмей, бұйырған пенсиямды жеп, үйде жатып кітап оқырмын... Бұйыртса, бала жұбатармын, бау-бақшаға қарармын», дейді.
Иә, қорықшы Қажығалидің балықшы екенін де білеміз. Жазушы мұны сенбі-жексенбіде бір шығатын ермек қылып қана қойған жоқ. Бұл салаға кәсіби тұрғыдан келді, көп ізденді, індете зерттеді, қызығушылығын жазуымен ұштастыра білді. Сөйтіп, 2008 жылы «Алабұға, аққайран...» (Еліміздің өзен-көлдеріндегі балықтар жөнінде не білесіз?) деген кітап жазды.
Қазақ авторларының әуестігі мен ғадеттерін зерттеп, сериялық мақалалар жазып жүрген жазушы Құлтөлеу Мұқаштың жазбаларына сүйенсек, Қостанайдағы ақын Серікбай Оспанов бала кезінен домбыраны керемет жасайды екен. Ондай адамның музыка сырын да терең білмеуі мүмкін бе?.. Домбыра дегенде анекдотшы Таласбек Әсемқұлов та еске түседі. Ол да іске жарайтын ағаш, темір-терсек жинағанды жақсы көріпті. Бірде біреулердің сыртқа шығарып тастаған ескі диванын байқап, ағаштарын бұзып алып келіпті. Мақсаты – шеберге беріп, домбыра жасату. Трамвай бұзғанда да сайман жасауға жарайтын темірлерін жинап жүріпті. Ал үйге қонақ келгенде «құнды» ағаштарын шкафтағы тондардың ішіне тығып қояды екен. Көңілжықпастық қой, сұраған адамға жоқ дей алмайды. Бексұлтан Нұржекеұлы да қолдан жиһаз жасайды деседі. Жазушының бұл ермегі кәдімгі кәсіби шеберлерден кем түспейді.