Мәселен, күллі қазаққа ыстық «Менің атым – Қожа» фильміндегі Қожаның анасы Миллаттың жанары есіңізде ме? Толқынсыз тұңғиықтай терең. Аласапыран бұлқыныстан кейінгі теңіздей тыныш. Сол алып тұңғиықтың түу тереңінде ақ пен қарасы қатар өрілген өмірдің бар шындығы мен әділетсіздігі, қоңыр күзде боздаған қобыздың қоңыр үніндей қоңыр мұңы, ұмтылған, сағынған, жалыққан, жабыққан көңілді көлеңкелеген балбал тастардай қайсарлығы сағымданады. Сол дәуірдің дауысы мен жаңғырығы Миллаттың жанарындағы осы бір мезетке сыйып кеткендей. Иә, бұл Миллаттың – аңызға айналған бейне Қазақ КСР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бикен Римованың көзқарасы.
Өмірінің соңына дейін сахнадан түспеген тұлғаның өнерге деген адалдығын, ұлт руханияты үшін, ұрпақ үшін жасаған қызметін өлшеу мүмкін бе?.. Абсурд. Бар ғұмырын өнерге арнаған Бикен Римованың алғаш жұлдызын жаққан – Еңлік. Кебектің Еңлігі. 1943 жылы 3-курста оқып жүргенде актер шеберлігінен сабақ беретін Асқар Тоқпанов жас талантқа «Еңлік – Кебек» пьесасындағы Еңлік рөлін береді. Осы рөлден кейін Бикен Римованың академиялық драма театрындағы даңғыл жолы басталды. Еңлік пен Бикеннің жан дүниесі бір нүктеде тоғысқаны соншалық, Мұхтар Әуезов: «Бикен Еңлік үшін туған. Еңлік бақытты Бикенге кездескен», деп сүйсінді.
Театр сахнасына Еңлікпен қол ұстасып келген актриса алпыс жыл шығармашылығында 80-ге жуық рөлді сомдады. Одан бөлек қазақ киносындағы тарихқа айналған образдары да бір төбе. Ерте жастан тағдырдың теперішін көрген аңыз-ғұмырдың бар жарасын өнері жазғандай ма дейсің. Әлқисса.
Биыл Бикен Римованың туғанына ғасыр толып отыр. Талантты тұлғаның мерейтойына орай Ұлттық музейде «Өнермен өрілген ғұмыр» тақырыбында жылжымалы көрме ашылды. Көрмеге әртістің жеке заттары, марапаттары, әр рөлде киген көйлектері, фотосуреттері қойылды. Қолының табы тиген әшекей-бұйымдары, белбеуі мен әмияны, өзі жазған кітаптар мен киім үлгілері ұсынылды. Барлығы 100-ге тарта экспонат Жетісу облысының Б.Римова атындағы драма театры мен М.Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің қорынан алынған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жылжымалы көрме әрі қарай жалғасады. Басқа облыстардан да ұсыныстар түсуде, ал қорытындысы өнер майталманының туған жерінде өтпек.
«Жер жаннаты – Жетісуда дүниеге келген Бикен Римова өмірінің 60 жылға жуығын театр өнерін дамытуға арнады. Театр және кино өнерінде 170-ке жуық рөлдерді сомдады. Қазақ өнерін асқақтатқан Бикен Римованың есімі ел ішінде де, халықаралық деңгейде де танылуға тиіс», деп атап өтті Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Әлиев.
Іс-шараға жиналған қонақтар да әйгілі әртістің өнегелі өмір жолы, сырлы естеліктерімен бөлісіп, көзін көрген театр саңлақтары тау-тұлғаның көп қырлы дарындылығы туралы сөз қозғады. Олардың қатарында Бикен Римованың қызы Меруерт Құсайынова, Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі Меруерт
Өтекешова мен Алмахан Кенжебекова бар.
«Анам қаншама атақ-абыройы болса да өте қарапайым болды. Соған қоса еңбекқор еді. Есімде, жеті жасымда бірінші рет анамның спектакліне бардым. Онда ол Еңліктің рөлін ойнады. Анам осы рөлімен қасиетті театр сахнасындағы мансабын бастады. Оның бұл рөлі туралы Мұхтар Әуезовтің өзі үлкен баға берді. Осы сөзден кейін анам өнерде жұлдыздай жарқырай жөнелді. Өмірінің соңына дейін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында еңбек етті. Бүгінгі көрмеге келушілер анамның тек әртістік қырын емес, адамдық және жаны нәзік әйел ретіндегі болмысын тани алады деп ойлаймын. Ол тек шебер актриса атанған жоқ, ол, ең алдымен, жазушы-драматург Шахмет Құсайыновтың жары болды. Біз үш бала едік. Бірақ өкінішке қарай, осы күнге жеткен мен ғана. Бала кезімізде әке-шешем бізді қатты еркелетті, ерекше жақсы көрді. Сол кездегі олардың жарқын бейнелері, шуақты күлкісі ылғи ойымнан кетпейді. Сол мейірім кеудемді әлі күнге дейін жылытып келеді», деді Меруерт Құсайынова.
Ал Меруерт Өтекешова сахна саңлағымен бірге өткізген естен кетпес ескі күндерін еске алды. «Өнер жолымды Әуезов театрынан бастадым. Сонда Бикен апамызбен бір сахнада өнер көрсеттік. Ол күндердің ып-ыстық естелігін ұмыта алмаймын. «Ана – Жер-ана», «Қарагөз» сынды басқа да спектакльдерде қалай ойнағанымыз, Бикен апаның әр рөлдегі бейнесі, даусы, таланты, жымиысы, жүріс-тұрысы әлі есімде. Осы мерейтой аясында Бикен апаның ойнаған қойылымдарын халыққа қайта ұсынса, көпшілік жұрт шын таланттың өнеріне қайта қанықса деймін. Біз кинода да бірге түстік. Бикен Римованың кинодағы образын да жастарға қайта ұсыну қажет. Ол тағдырдың талай теперішін үнсіз тартты. Бар қайрат-жігерін өнерге арнады. Қиналып жатса да сахнадан түскен жоқ. Мен ондай ерік-жігері мықты әйелді кездестірген жоқпын. Біз Құман екеуміз осындай таланттардың арасында өстік. Қазір көзім көрген, сабақ алған аңыз апаларымды сағынамын. Ондай тұлғаларды жастар тануы керек, қазіргі өнер де ұмытпауы керек», деді ол.
Бикен Ырымқызының өнегелі өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрме ақпан айының соңына дейін жалғасады. Оны Ұлттық музейдің 2-қабатында орналасқан атриумнан тамашалауға болады.