Сарқан ауданында орналасқан стансада электр қуатын өндіретін қондырғылар жұмыс істеп тұр. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, осы ірі инвестициялық жобаға 19 млрд теңгеден аса жеке қаржы инвестициясы тартылған.
Биыл облыста жиынтық қуаты 23,5 МВт болатын тағы 3 ГЭС пайдалануға беріледі. Қазіргі кезде өңірде жаңартылған энергия көздерінің 14 нысаны бар, олардың жалпы қуаты – 160 МВт.
Лепсі елді мекеніндегі игі жұмыс 2019 жылы басталған. Кезең-кезеңімен жүргізілген құрылыс жұмыстары көз сүйіндіреді. Әсіресе нысанның орналасатын жеріне ерекше назар аударылды. Жазық алқап – желдің жылдық орташа жылдамдығы үшін таптырмас жер, сондықтан онда жыл бойы электр энергиясын өндіруге болады. Нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары 2022 жылдың қараша айында толық аяқталған. Сол кезден бергі ЖЭС-те өндірілген электр қуаты 23,767 мың КВт/сағатқа жетті.
Жалпы, «Eneverse Kunkuat» ЖШС іске асырған жоба аясында 16 жел қондырғысы орнатылған. Жел мачтының биіктігі – 100 метр, қалақшасының көлемі – 70 метр. Әрбір құрылғы шамамен 3,2 МВт электр энергиясын өндіре алады. Жалпы қуаты – 50 МВт.
Атап өтсек, Сарқан ауданында «жасыл» энергетиканы дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ауданда іске қосу жоспарланған 5 су электр стансасының бүгінгі таңда үшеуі табысты жұмыс істеп тұр. Қалған екеуінің құрылысы биыл аяқталып, іске қосылады. Атап айтқанда, «Baskan Power» ЖШС-ның жалпы қуаты 14,9 Мвт болатын, құны 11,7 млрд теңгелік, 24 жұмыс орны құрылатын Жоғарғы Басқан ГЭС-2 және 3 жобасы. Оған қоса Кербұлақ ауданында қуаты 8,6 МВт, құны 6,3 теңгелік Көктал ГЭС-1 жобасы да бар.
Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметіне қарағанда, 2021-2025 жылдар аралығында Жетісу облысында жалпы қуаттылығы 236,7МВт болатын 13 жаңартылған энергия көзі нысанын іске қосу жоспарланған. (ГЭС – 10, ЖЭС – 2, КЭС – 1). Соның үшеуі пайдалануға берілсе, тағы үшеуі биыл іске қосылмақ. Жалпы қуаты 132,5 МВт қалған 7 нысан 2025 жылға дейін ел игілігіне беріледі.
Айта кетейік, Жетісудың өзінде өндірілетін электр энергиясының көлемі 479,2 млн кВт/сағатты құраса, ондағы жаңартылған электр энергиясы көздерінің үлесі 340,6 млн кВт/сағат болып отыр. Алға қойған жоспарлар өз нәтижесін берсе, жаңа жел электр стансалары өңірдегі электр қуатының тапшылығын азайтуға көмектеседі.
Жетісу облысы