Саясат • 13 Ақпан, 2023

Мемлекеттік қызметке қызығушылық бәсеңдеді ме?

296 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркістан облысында мемлекеттік қызмет саласында 197 лауазымды бос орын бар. Олардың 115-і облыстағы жергілікті атқарушы органдарда болса, 82-і аудандық деңгейдегі әкімдіктерде. Өткен жылы 211 адам мемлекеттік қызметпен қош айтысқан. Жүргізілген шұғыл сұхбаттар нәтижесінде қызмет ауыстырушылардың 70 пайызы жеке секторға ауысқанын және мемлекеттік қызметші жалақысының төмен екенін айтқан.

Мемлекеттік қызметке  қызығушылық бәсеңдеді ме?

Сондай-ақ облыста мем­лекеттік қызметте жүр­ген әйелдердің де саны аз. Рес­пуб­ликада бұл көрсет­кіш 56 па­­йыз болса, Түркістан облысында 27 пайыз ғана. Осындай деректер келтірген Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түр­кістан облысы бойынша департамент басшысы Өркен Балажанов бри­фингте Мемлекет басшы­сының мем­лекеттік қызметке орналасу­да артық кедергілерді жою және мемлекеттік қыз­мет­тен шығу тәртібін жеңіл­дету туралы тапсырмасына сәйкес тиісті заңға түзету­лер енгізілгенін атап өтті. «Мем­лекеттік қызмет әрдайым жаңарып отырады. Бір адамдар денсаулығына байланыс­ты кетіп жатады, зейнетке шығатындар бар. Сол орындарды толтыру кезінде мін­детті түрде жастарды алу керек. Білікті мамандарға әрда­йым сұраныс болады.

Жалпы, Түркістан облы­сын­да мемлекеттік қыз­метке келушілер саны аз. Деген­мен өткен жылы конкурсқа қаты­сушылардың саны арт­қан. Мәселен, 2021 жылы өт­кі­зілген конкурстарда 1 орын­ға 3 адамнан келсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 4 бол­ған. Дегенмен, бәрібір жалпы көрсеткіш төмен», деді Өр­кен Балажанов. Бұл орайда заңға енгізілген өзгерістер оң септігін тигізбек. Біріншіден, мемлекеттік грантпен оқу орындарын үздік бітірген түлектер аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалады. Бұл білікті жас­тарды мемлекеттік қыз­метке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді. Екіншіден, «Б» корпусының жоғары лауазымдарына уәкі­летті органның келісі­мімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкін­дігі бе­ріліп отыр. Бұл бірінші бас­шылардың өз қызмет­ші­лері үшін жауапкершілігін арт­тырады. Президент жанын­дағы Мемлекеттік бас­қару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлек­тері оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде елорданы қос­пағанда, жергілікті орган­дарға жекелеген лауазым­дарға конкурстық іріктеусіз тағайындау қарастырылды.

Сондай-ақ брифингте департамент басшысы мем­лекеттік қызмет саласындағы бақылау жұмыстарына, анық­талған құқық бұзушы­лық­тарға тоқталды. «Депар­та­ментпен өткен жылы мем­ле­кеттік органдарда мем­лекет­тік қызмет туралы заң­наманың сақталуына қатысты 54 бақылау іс-шарасы жүр­гізіліп, нәтижесінде 1 846 бұзушылық анықталған. Бұзушылықтардың басым бөлігі лауазымдық өкілет­тіктерін нұсқаулық­тарды жасау және бекіту тәртібін қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік тізімдерін рәсімдеу, сон­дай-ақ «Б» корпусының мемле­кеттік қызметшілерінің бос лауаз­ым­дарына конкурс өткізу қағи­даларын бұзу, қызмет­терін бағалауды жүргізуді қамтамасыз ету, тәртіптік жаза қолдану қағидаларын сақ­тамау және қызметтік ісса­парлар шығыстары өтелу талаптарын сақтауды қамта­ма­сыз ету деректері бойын­ша орын алған. Тексеру нәти­жесімен мемлекеттік орган­дарға 34 ұйғарым енгізіліп, 15 тұлға түрлі тәртіптік жауап­кершілікке тартылды», деді Ө.Балажанов.

Өткен жылы Әдеп жө­нін­дегі кеңес отырысында қаралған тәртіптік істер алдыңғы жылмен салыстыр­ғанда 34 пайызға азайған. Бұдан бөлек, мемлекет­тік қыз­мет­шілердің Әдеп кодексі­нің талаптарын бұзу деректері азайған. Депар­та­менттің мемлекеттік көрсе­тілетін қызметтер сапасына қатысты жүргізген 33 бақылау жұмыстарының нәтижесінде 2 511 тәртіп бұзушылық анықталса, оның 1 121-і жергілікті атқарушы органдарға қатысты. Осы ретте департаменттің ұсы­ны­сымен мемлекеттік орган­дардың 47 қызметкері тәр­тіптік жауапкершілікке тартылды.

«Облыста мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілікке тартылу жағдайлары азайып келеді. Мәселен, 2021 жылы 1 915 мем­лекеттік қызметші тәртіп­тік жауапкершілікке тар­тылса, 2022 жылы бұл көр­сет­­кіш 1 842 болып отыр. Оның ішінде Әдеп кодексі­нің нормаларын бұзу жайы да біршама төмендеген. Бұл да профилактикалық жұмыс­тардың көбірек жүргізіл­ген­дігі­нің нәтижесі деп білеміз. Ал­дағы уақытта бұл ба­ғыт­тағы жұмыстарды жалғас­ты­ра­­мыз», деді Өркен Балажанов.

Тәртіптік жауапкерші­лікке тартылған мемлекеттік қызметкерлер арасында Жеті­сай ауданы көш бастап тұр. Шардара ауданы мен Түр­кістан қаласында да тә­ртіп бұзған мемлекеттік қызмет­шілер көп.

 

Түркістан облысы