Аймақтар • 13 Ақпан, 2023

Жаңа қаланы дамыту жоспары

388 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қонаев қаласы Алматы облысының әкімшілік орталығы болғанына 9 айдың жүзі болды. Жаңа қаланы дамыту жоспары құрылып, іргелі істер атқарыла бастады.

Жаңа қаланы дамыту жоспары

Жақында өңірдегі жұмыстарды көзбен көріп бағалауға Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров арнайы іссапармен келді. Ведомство басшысы әуелі аймақтағы ең ірі өндіріс ошағы «Маревен Фуд Тянь-Шань» азық-түлік өндіретін зауытына барды. 2018 жылы іргетасы қаланып, мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көрген бірегей жоба тез дайындалатын макарон өнімін, алкогольсіз сусын мен дәмдеуіш өндірумен айналысады. Кәсіпорын 850 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі кезде мұнда жылына 85 мың тонна өнім өндіріледі. Зауыттың толыққанды іске қосылуы үшін тартылған инвестиция көлемі 35 млрд теңгені құраса, соның 593 млн теңгесі «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қарастырылған. «Маревен Фуд Тянь-Шань» басқарушы директоры Станислав Дегтяревтің сөзіне сүйенсек, қосымша өндірістік желіні орнатуға газ, су және электр қуаты керек. Айта кетейік, зауыт басшысы алдағы уақытта логистикалық қолжетімділікті жақсарту нысанаға алынатынын айтып, министр осы мақсатта тағы бір теміржол желісін тарту керектігін жеткізді.

Тағам өндірісінің аяқ алысын бақы­лаған ведомство басшысы жылдық қуаты 10 мың тонна теңіз балығын өндіруге қауқарлы балық өнеркәсібі кешені құрылысымен танысты. Таяу болашақта бұл маңда «Баррамунди» балығын өсіру ойға алынған. Бүгінде балыққа арналған арнайы бассейндер толық орнатылып біткен. Алайда енді ғана жұмысын бастауға қамданған бұл кәсіпорынға инфрақұрылым жүргізу ауа­дай қажет. Бұл туралы Ұлттық экономика министріне зауыт басшылығы айтты. «Біз сумен, газбен жабдықтау, электр мен кәріз желілерін тартуға бюджеттік өтінім бердік. Мақұлдануын күтеміз. Барлығы 900 млн теңге», дейді зауыт басшылығы.

Министр көтерілген мәселелер Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, мұқият зерделенетінін айтты. Жалпы, кешеннің құны – 67 млрд теңге. Әлібек Қуантыровтың айтуынша, мұндай кәсіпорындар өңірге, әсіресе азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Облыстағы қос бірдей зауытты аралаған министр келесі кезекте облыстық әкімдік ғимаратында өңірдің бас жоспарымен танысты. Онда G4 City мен Қонаев қаласының бас жоспары көрсетілді.

Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаевтың айтуынша, 107 тұрғын үйдің құрылысы басталады деп күтілуде. Сонымен қатар қазына есебінен 13 тұрғын үйдің іргетасы қаланып жатыр. Қонаев қаласы әкімінің сөзіне сүйен­сек, 5 білім мекемесі салынады деп жос­парланған, оның екеуі «Жайлы мектеп» жобасының шеңберінде кереге жаймақ. «Бізде жалпы аумағы 1,3 мың гектарды алып жатқан индустриялық аймақ бар. 2022-2024 жылдар аралығында 8 бірдей ауқымды инвестициялық жоба іске асады деп көзделген. Мұндағы алаң­датқан бір мәселе – қосалқы станса салу. Біз бұған дейін 160 МВт-қа жобалық-сметалық құжатын жасап, өткіздік. Алайда бұл аздық етеді. Сол себепті, келер жылы 200 МВт қосалқы стансаға өтініш береміз», деді Нұрлан Құматаев.

Қала әкімінен кейінгі кезек облыстық туризм басқармасының басшысы Айбар Теменовке келді. Ол өз кезегінде ішкі туризмді, оның ішінде тау кластерін дамытуға арналған тың ойларын ортаға салып, этноауылға арналған аймақ жасалатынын атап өтті. Туризмде ақсап тұрған тағы бір іс – маман тапшылығы. Айбар Теменов «Дипломмен – ауылға» бағ­дарламасында дәл осы саланың білім­герлері қарастырылмағанын айтып, ендігі жерде осы жұмысты қолға алуды ұсынды.

Аймақтың әлеуетіне шолу жасаған ведомство басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ар­нал­ған кеңеске қатысып, жергілікті кәсіп­керлермен жүздесті, олардың көкейкесті сауалдарына жауап берді. Жиынды облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жүргізіп, өңірдің экономикалық ахуалына қысқаша тоқталды. «Біздің өлкеде шағын және орта бизнес өкілдерінің саны қазірдің өзінде 116,6 мыңға жетіп, республикада 4-орынды иелендік. Тек 2022 жылдың 9 айында өндірілген өнім, көрсетілген қызмет көлемі 2 трлн теңгеден асты, ал бюджетке 220,2 млрд теңге түсті. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 36,7 пайыздан 45,5 пайызға дейін өсті», деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің сөзінен кейін кездесуге жиналған бизнес өкілдері са­уалдарын министрге тікелей жолдады. Кездесуде сөз алған кәсіпкерлер жеңіл өнеркәсіпті, фармацевтика саласын дамыту мәселелерін және кәсіпкерлікті дамытудың басқа да өзекті мәселелерін көтерді. Инфрақұрылым құрылысы мәселелері де шет қалмады. Кездесу қорытындысы бойынша Әлібек Қуантыров бизнес пен мемлекеттің өзара ынтымақтастығы үшін тұрақты жұмыс істейтін алаң болуға тиіс өңірлік бизнесті дамыту институттарымен нақты өзара іс-қимыл қажет екенін атап өтті. Өз тарапынан ол кәсіпкерлер айтқан барлық проблемалық мәселелерді қарауға және назарға алуға дайын екенін білдірді.

Мұнан кейін министр Шеңгелді алабына барып суару жүйесін дамыту, егіс алқаптарын ұлғайту мәселелерімен танысты. Сондай-ақ Іле ауданындағы, балмұздақ шығаратын «Шин-Лайн» кәсіп­орнына барды. Қуаттылығы жылы­на 63 мың тонна болатын зауыт жо­басының жалпы құны 32,4 млрд теңгені құ­райтынын атап өтті. Бұл ТМД-дағы балмұздақ шығаратын ең сапалы зауыттардың бірі. Егер бүгінде ол 20 пайызға жуық экспорттайтын 18,5 мың тонна өнім шығарса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 40 мың тоннаға дейін өсуге тиіс және экспорт тиісінше 50 пайызға жетеді деп күтілуде.

Келесі кезекте Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Жамбыл ауданының Мыңбаев ауылына табан тіреді. 5 639 тұрғын тұратын ауылда су желілерінің 90 пайызының тозығы жеткен. Аймақтың атқамінерлері министрге осы мәселенің түйінін тарқатуға қол ұшын созуды сұрады. Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Абзал Нұрпейісовтің сөзіне сүйенсек, 2022 жылы жобалық-сметалық құжатты дайындауға қаржы бөлініп, жоба толықтай қағазға түсірілген.

«Жоба негізінде құрылыс-монтаж жұмыстарын бастайтын болсақ, ауылға жаңадан 40 шақырым ауызсу жүйесін тартамыз және де 1 318 аула тұтастай таза сумен қамтамасыз етіледі. Біз ұсынған жобаны іске асыруға 1,5 млрд теңге қаражат керек», дейді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ ол Мыңбаев ауылының күнбатыс жағында жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайтын 200 гектар жерге инфрақұрылым жүргізу жоспарланғанын айтты. Келешекте бұл маңға 24 шақырым ауызсу жүйесі, 31 шақырым электр желі­лерін тарту көзделген. Аталған жос­пар жүзеге асса, кезекте тұрған 2000 адам инфрақұрылымы бар жермен қам­та­масыз етіледі. Аудан тұрғындары алға тартқан кезекті мәселе, Сарыбай би ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөн­деу жұмыстарын жүргізу болды. 1961 жылы іргетасы қаланған ғимарат соңғы 60 жылда жөндеу көрмеген. Кеңестік кезеңде бой көтерген нысанның қабырғалары өз қалпын жоғалтпаған, тек сырты мен ішін әрлеп, күрделі жөндеуден өткізу жеткілікті. Бұл үшін 278 млн теңге қаржы қажет. Ведомство басшысы бұл өтінім қаралатынын мәлімдеді. Десе де аймақтағы ахуал анау айтқандай нашар емес. Дәл осы Сарыбай би ауылында мектеп «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде күрделі жөндеуден өткен. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуан­тыров білім ошағына арнайы бас сұғып, жүргізілген жұмысқа оң бағасын берді. Мектеп қабырғасында ауылдың тұр­­ғын­дарымен кездесіп, ауылдық жер­лер­­ді көркейтуге күш салып, арнайы тұ­жы­­рымдама жасалынып жатқанын атап өтті.

– Президент пәрмен бергендей, ауылдарға ерекше көңіл аударылады. Арнайы тұжырымдама да дайындалды. 2023-2025 жылдар ауылдарды дамытуға бағытталады. «Ауыл – ел бесігі» жобасына бөлінетін бюджеттің көлемін ұлғайтамыз. Біздің мақсат – инфра­құрылымды ретке келтіру арқылы, ауылдар арасындағы теңсіздікті жою. Ал жалпы алғанда, Алматы облысында жағдай жақсы, – деді сапар соңында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

 

Алматы облысы