Жоғарыдағы ішіктер арасындағы «пұшпақ ішікке» тоқталсақ, он томдық түсіндірме сөздікте: «Пұшпақ деп малдың, аңның тізеден төменгі сирақ терісін айтады» депті. Демек, пұшпақ барлық хайуанда бар деген сөз. Түлкі, қарсақ сияқты ұсақ аңның пұшпағынан бас киім тігіп кию Шыңжаң-Алтай және Қобда қазақтарында кең тараған. Бұл үрдісті тіпті Таулы Алтай тұрғындары қолданады. Олар аңның пұшпағынан дөңгелек пошымды тымақтар тігіп киеді. Пұшпақты якут тілінде «быстах» дейтін көрінеді. Қазақша аударсақ «кесінді, үзінді» мағыналас. Ал тыба ағайындар пұшпақты «быжынды» дейді. Бұл қазақтың «кесінді, бөлінді» деген сөзі.
Алматы
Пұшпақ ішік қазақтар арасында кең тараған. Әсіресе, түлкі терісінен тігілгендері әр өңірде кездеседі. Мысалы, Алматыдағы Мемлекеттік орталық музей қорында түлкі пұшпағынан тігілген ішік сақтаулы тұр. Бұл ішіктің сырты сұр түсті матамен қапталып, құрылымы трапеция пішінді, етек шалғайы кең, орама жағалы, қондырма жеңді, иық тігісі қиғаш сырылған екен. Ішіктің жон-арқасы 20х50 көлемде тауешкінің терісімен күсілген. Тері мен тыс арасына жұқа бидайы салынып, жағасы мен етек-жеңі құндыз терісімен жұрындалғаны байқалады.
Бай-өлке
Осындай тағы бір пұшпақ ішік Моңғолия елі Бай-Өлке аймағының орталық музейінде тұр. Бұл жәдігер жайлы анықтамалықта: «1960 жылы музей қызметкері С.Мағзам деген дерек жинаушы Бұлғын сұмынынан тауып әкелді» делінген. Кімнен алғаны айтылмаған. Деректе: «Ішік қара пүліш матамен тысталған, ұзындығы – 123 см, жағасы – 55 см, кеудесінің кеңдігі – 51 см, қолтығы – 14 см, жеңінің кеңдігі – 18 см, етегі – 115 см, салмағы – 3 640 грамм» деп жазылған.
Баркөл
Тағы да бір пұшпақ ішік ШҰАР-дың Құмыл аймағы Баркөл қазақ автономды ауданы музейінде тұр. Өте сапалы сақталған. Дерек беруші тұлғаның айтуына қарағанда, ішіктің тігілгеніне ғасырдан астам уақыт өткен, жасау кезінде жүз түлкінің пұшпағы жұмсалған екен. Ішіктің тысы бедерлі қызыл күрең торғынмен тысталып, өңірі мен жеңі шаршылап сырылыпты.