Жоба аясында жұмыссыз әйелдерге тегін оқыту курстары ұйымдастырылып, кейін шағын кәсібін ашуға көмек көрсетілген. Тегін оқыту курстарына Құрманғазы, Исатай, Индер, Махамбет, Жылыой, Мақат және Қызылқоға аудандарындағы шалғай ауылдардың, сондай-ақ Атырау қаласы мен оған таяу орналасқан Еркінқала, Кеңөзек, Алмалы, Дамбы, Ақсай, Қайыршақты елді мекендерінің әйелдері тартылған.
– Кезінде біздің әжелеріміз біреуін арқалап, екіншісін жетектеп, тынбай еңбек етіп, он шақты баласын жеткізгенін білеміз. Ал 100 ана кәсібін ашып, не жұмысқа орналасып, табыс тапса, отбасының кірісін молайтуға үлесін қосар еді. «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» дегендей, әйелдер жұмыс істеуге де, үй тірлігін атқаруға да үлгереді, – дейді «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Рысты Тасмағамбетова.
Жаңа жобаға қатысушылар «Тігін», «Аспаздық шеберлік», «Кондитерлік іс», «Шаштараз» және «Тазалау қызметі» бойынша теориялық білім алып, тәжірибеден өткен. Мәселен, аспаздар «Aru Plaza», «Star» мейрамханаларында, кондитерлер «Take the Cake Studio» кондитерлік цехында, тігіншілер «DART LUX» тігін цехында, шаштараздар «ADIA» салонында және клининг қызметін үйренушілер «В помощь хозяйке» клинингтік қызмет компаниясында кәсіптің қыр-сырын меңгерген. Сондай-ақ «Кәсіпкерлік дағдыларды оқыту», «Контент және SMM – әлеуметтік желілерді дамыту», «Шешендік өнер, көпшілік алдында сөйлеу дағдылары» бойынша курстан өткен. Ал тәлімгерлер жоба түлектеріне екі ай бойы қолдау көрсетеді.
Тегін курсты аяқтаған 100 анаға тауар түріндегі гранттар берілді. Тігінші курсын бітірген – 4, шаштараз мамандығын алған – 5, клинингтік қызметті меңгерген – 3, аспаздық шеберлігін шыңдаған 2 ана тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал 20 ана өз кәсібін үй жағдайында ашып отыр.
– Жұбайым жұмыстан шығып қалып, ипотекамен сатып алған баспанамыздың берешегі тым көбейіп кеткен болатын. Әкімдік үйімізге қарап, «Бәрі жақсы ғой» дегенге келтірді. Бірақ күйеуім де, балам да – мүмкіндігі шектеулі жандар. Қарызға батып, қатты қиналған едік. Тағдырдың сынағы ғой деп төзіп жүргенде, осы жобаның басталғанын естідік. Өзім жобаға қатыстым. Жоба біздің үмітімізді оятып, еңсемізді көтерді, – дейді Ақбота Өтепбергенова.
Ал бес баланың анасы Ақбота Алдашева да жоба аясында шаштараз курсын бітірген. Қазір ол сұлулық салонына тұрақты жұмысқа орналасқан.
– Кәсіпті меңгеру бір басқа, әлеуметтік желіде оқырман тартудың қыр-сырына қанығу тіптен бөлек екен. Тіпті тәлімгерлер адамдармен жайлы қарым-қатынас орнату үшін сөйлесу мәнерін үйретті. Осындай қадамдардың жемісін көре бастадым. Қазір менің тұрақты клиенттерімнің қатары көбейіп келеді. Кәсібіме қатысты түрлі идеяны іске асырып отырмын, – деп жаңалығымен бөлісті А.Алдашева.
Атырау облысы