Әлем • 15 Ақпан, 2023

Қытай: сыртқы саясат сипаты

1153 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Коммунистік партия – Қытайдың билік басындағы бірден-бір саяси партия. Осы елдің ішкі және сыртқы саясаты тек партия съездерінде қабылданады. Ал белгілі бір мемлекеттің сыртқы саясаты сол елдің ішкі әлеуметтік даму стратегиясының басым бағыттарына және халықаралық жағдаяттарға негізделіп белгіленеді. Алайда ол қоғамдық жағдайдың, халықаралық ортаның өзгеруіне байланысты үздіксіз өзгеретіні ақиқат. Сондықтан сыртқы саясаттың дәуірлік сипаты басымдау келеді.

Қытай: сыртқы саясат сипаты

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

ҚХР-дың ішкі және сыртқы саясат­та­рының негізгі бағыттары мен прин­циптері партия съездерінде анықталып отырады. 2022 жылы қазан айында өткен партияның ХХ съезі қытайдың соңғы қырық жылдан бергі ерекше құрылтайы болды. Бұлай дейтініміз, Си Цзиньпин елден ерекше ҚКП ОК-ның бас хатшысы болып үшінші рет сайланды және Саяси бюро, Саяси бюроның тұрақты мүшелері кілең Си Цзиньпиннің жақтастарынан жасақталды. Сонымен бірге елдің ішкі және сыртқы саясаттары Си Цзиньпин идеясы бойынша түзілді. ХХ съезд Си Цзиньпин идеясын – қазіргі заманғы «қы­тай­лық марксизм», тіпті «ХХІ ғасыр­дағы марксизм» деп бағалап, партияның жетекші идеясы етіп бекітті.

ХХ съезд құжатының «Жаңа дәуір жаңа жорықтағы Қытай Коммунистік партиясының борышы мен міндеттері» деп аталатын үшінші бөлімінде: «Қазір­ден бастап партияның басты міндеті – бүкіл елдегі әр ұлт өкілдерін ынтымақ­тас­тырып, жетекшілік етіп, толыққанды социалистік заманауи құзыретті мемлекет құру. Екінші жүз жылдық мақсатты орындап, қытайша модернизация арқы­лы қытай халқының ұлы көркеюін жан-жақты іске асыру» деп атап көрсетті. Сон­дай-ақ осы басты міндеттерді орындау үшін алда қолданатын сыртқы саяса­тын да анықтады.

ҚХР өкіметі аталған саясатты қалай жүзеге асырып келеді? Халықаралық геосаяси жағдайда қандай өзгерістер болды? Осының барлығы елімізге қалай әсер етеді? Енді осы мәселелерге ой жү­гір­тіп көрейік.

Қытай билігі ХХ съезден кейін Қытай дипломатиясында «түмен ел түгел сә­лем­ге келетін» жаңа жағдай жарыққа шы­ғады деп үміттенді. Батыстың ұлы державаларын алдын ала ресми сапарға шақырып та қойған болатын. Алайда съезден кейін бірінші болып Бейжіңге барған Вьетнам компартиясының бас хатшысы Нгуен Фу Чонг болды. Оның ізін суытпай Пәкістанның премьер-министрі Шариф Шахбаз, Танзанияның президенті Самия Сулуху Хасан және Германияның канцлері Олаф Шольц келді. Қытай күткендей сапырылысқан елшілер қарасы көрінбеді.

Алайда Қытайдың халықаралық аренада өзін жаңа қырынан танытуға орай туды. 2022 жылы қарашаның 15-19 аралығына Индонезияда G20 және Тайландта АPEC саммиттері өтетін болды. Бұл саммиттерге Си Цзиньпин өзі делегацияны бастап барып қатысып, «Ұлы мемлекет дипломатиясын» барынша жүргізіп бақты. Ол екі басқосу барысында 30-дан астам маңызды кездесу өткізді.

Си Цзиньпин АҚШ президенті Джо Байденмен алғаш рет жүздесіп, үш са­ғат­тан астам сөйлесті. Сондай-ақ Фран­ция президенті Эмманюэль Макрон, Италия премьер-министрі Джорджа Мелони, Испания премьер-министрі Педро Санчес, Голландия премьер-министрі Марк Рютте, Аустралия премьер-министрі Энтони Албаниз, Жа­по­ния премьер-министрі Фумио Кисида, Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль және Жаңа Зеландия премьер-министрі Джасинда Ардернмен жеке-жеке кездесіп, өзара пікір алмасты.

Қытайлық сарапшылар бұл дипло­ма­тиялық іс-қимылдарды «ХХ съезден кейінгі Қытайдың іс жүзінде белсенді түрде Ұлы мемлекет дипломатиясын өріс­тетуі еді, дамушы мемлекеттермен және тө­ңіректегі елдермен жүргізген ұлы дип­ломатиясының шағын көрінісі» деп сипаттады. Сондай-ақ «Мемлекет басшысы дипломатиясында», ең маңыз­ды­сы Қытай-АҚШ басшыларының кездесуі болды. Бұл кездесуден екі тарап күткеннен де зор нәтиже шықты. АҚШ Қытайды бәсекелес деп қарайтын көз­қарасынан, қысым жасауынан бас тартпаса да, Қытаймен қатынасын жан-жақты жақсарту ниеті болмаса да, ара­да­ғы наразылықтың насырға шабуын бақылауда ұстау ниетінің бар екенін аңғартты. Іс жүзінде бұл Қытайдың АҚШ-пен қатынасын жақсарту үшін және өзара байланысты үзбеу үшін жа­са­ған «дипломатиялық шабуылы» еді. Өйткені бұл жолы Бейжіңнің көздегені – маңызды мемлекеттерді өзіне баурап әкетіп, АҚШ-тың мақсатын селге кетіру. Бұл үшін олар алдымен Еуропаның қолдауына ие болуды көздеді. АҚШ-тың Еуропа құрлығымен бірлесіп, Қытайды қыс­паққа алып отырған жағдайда, олар­­мен экономикалық қатынастағы ашық­­­тықты сақтап, қалыптасқан «бай­ла­ныс­тың үзіліп» кетпеуін қамтамасыз етудің өзі өте маңызды болып саналады. Сондықтан аталған екі саммит барысында Си Цзиньпин: «толерантты, жалпыға бірдей тиімді, бұрынғыдан да түзімді ғаламдық дамуды» баса дәріптеді. Сондай-ақ Қытайдың «озбырлық дипломатиядан» «жағымды дипломатияға» ауыс­қанын көрсетіп бақты. Алайда Қы­тай Компартиясының сырын біліп қал­ған елдер олардың сөзінен гөрі ісіне қарап тұжырым жасайтын болған.

ХХ съезден кейін қытай дипломатия­сында жаңа тенденциялар байқалады. Біріншісі, «партияаралық дипломатияны» дамытуға ден қою. ҚКП Вьетнам және Куба компартиялары арасындағы байланыстарын қайта жаңғыртуға пейіл­ді. Екінші, «Бір белдеу – бір жол» мен «Адамзат тағдыры қауымдастығын құ­ру­­ға» басымдылық беру. Қытай мен Вьетнам үкіметтері «Бір белдеу – бір жол» шеңберінде серіктестікті қарқын­ды дамытуға уағдаласты. Қытай мен Пәкістан Пуэрто-Гвардар портын және 1-магистралды темір жолдың деңгейін көтеріп қайта жасау жобаларын тезде­ту­ге келісті. Қытай мен Танзания «Бір белдеу – бір жол» ынтымақтастық сапа­сын жоғары деңгейге көтеріп, Тан­зания темір жолының дәрежесін көте­ріп қайта жасауды бірлесіп атқаруға келісті. Екі мемлекет басшылары Қытай-Тан­за­ния қатынастарының стратегиялық әріп­тес­тік қатынасқа көтерілгенін жариялады.

2022 жылы 9 желтоқсанда Сауд Ара­бия­сының астанасы Эр-Риядта өткен Қытай-Араб мемлекеттері саммитіне Си Цзиньпиннің өзі барып қатысты. Сондай-ақ ол «Қытай-Араб достық рухын өсіріп, жаңа дәуірге бет алған қытай-араб тағдыры ортақ қауымдастықты қол ұстасып құрайық» деген тақырыпта баян­­­­­дама жасады. Міне, бұлар ХХ съезде қабылданған «Бір белдеу – бір жол» мен «Адамзат тағдыры қауымдастығын құру» сыртқы саясатының атқарылуын аңғартатын нақты мысалдары.

Қытай «Бір белдеу – бір жол» жобасы іске асырылғаннан бері осы елдің кредиті мен инвестициясын көп қабылдаған Азия және Африка елдерінің әлеуметтік экономикасы жақсарудан гөрі керісінше құл­дырағаны байқалды. Олардың қа­рыз­­дарын қайтару үшін тау-кендерін, стратегиялық маңызды порттарын ұзақ мерзімге Қытайдың пайдалануына беруге мәжбүр болып отырғаны белгілі. Азия және Африка елде­рі­нің тағдыры Қытайға байланғанын өмір көрсетіп отыр. Алайда бір қызығы сол, дамушы елдердің бұдан сабақ алып жатқаны шамалы, әлі де «Бір белдеу – бір жол» аясында Қытай капиталымен инфрақұрылымдарын жасауға пейілді.

Ал Батыс елдері «Бір белдеу – бір жол» жобасынан аяқтарын тарта бас­тады. Мұның мысалын Германиядан көруге болады. Сондықтан Си Цзиньпин Олаф Шольцпен кездескенде: «Қазіргі таңда, халықаралық жағдай күрделі өзгерістерді бастан кешіп жатқанда, Қытай мен Германия ықпалды ұлы мемлекеттер ретінде, аумалы-төкпелі заманда тіпті де қол ұстасып ынтымақтасып, дүниежүзінің бейбітшілігі мен дамуына тіпті зор үлес қосулары керек» деді. Сондай-ақ ол «екі тарап жал­ғас­т­ы түрде ортақ мүдде «тортын» үл­кей­те түсуі қажет, дәстүрлі сала­да­ғы ынтымақтастықтың көмескі күш­те­рін ашумен қатар, жаңа энергетика, жасан­ды интеллект, цифрландыру сияқты жаңа салалардағы серіктестікті дамы­туымыз керек». «Қытай өзінің жаңа дамуы арқылы дүниежүзіне тың даму орайын жаратқысы келеді, бонус­­ты әлеммен бөліскісі келеді, әлем елде­рімен бірге дамудың жолын қарас­ты­рып, өзара тиімді ортақ жеңіске жету ын­­тымақтастығына жаңа қозғаушы күш қосуды шын ниетпен қалайды» деді. Бұл – тек Германияға айтылған сөз емес, сонымен бірге жалпы Еуропа елде­ріне бағыттаған сыртқы саясатын түсін­діруі еді.

Қазіргі таңда Қытай сыртқы саяса­ты­ның маңызды бір бағыты – юаньды халықаралық валюта ретінде қолданысқа енгізіп, АҚШ долларының ха­лықаралық саудадағы қысымынан құтылу. Бұл мәселе бойынша Ресей және Иранмен өзара келісімдер жасады. Ендігі жерде мұнай экспорттаушы үлкен мемлекет Сауд Арабиясымен де сондай келісім жасауды көздеп отыр. Алайда өткен жылдың желтоқсан айындағы Си Цзиньпин сапарында бұл мақсат орындалмады. Өйткені Сауд Арабиясы Қытаймен ондай келісім жасауға батылы бармады, себебі түсінікті. Ал екі тарап жариялаған «Қытай-Араб сам­миті Эр-Рияд Декларциясы» Иран-Сауд Араб арасындағы талас арал мәсе­лесін қамтығандықтан, Иран Қытайға ренжіп, қатты кетті. Іле-шала ҚХР премьер-ми­нис­трінің орынбасары Ху Чуньхуа Иранға сапар шегіп, Иран президентіне Си Цзиньпиннің ыстық ықыласты сә­ле­мін жеткізіп, «Қытай тарапы стра­те­гиялық тұрғыдан Қытай-Иран қаты­настарын бағалайды, Иранмен жан-жақты стратегиялық әріптестік қаты­на­сын дамыту ұстамынан ауыт­қы­майды, Иранның сыртқы күштердің килігуіне қарсы тұруын, мемлекеттің егемендігін, территориялық тұтастығын және ұлттық ар-намысын қорғауын батыл қолдайды» деп жүріп, ирандықтардың ашуын бас­қан­дай болды. Бірақ екі ел арасында сенімсіздік пайда болды.

ХХ съезден кейін Си Цзиньпин Сыртқы істер министрі қызметіне Цинь Ганды тағайындау арқылы өзінің сыртқы саясатына шамалы өзгерістер енгізіп, Батыс елдерімен қарым-қатынасын жақ­сартуға құлшыныс жасады. Соған орай жаңа сыртқы істер министрі Цинь Ган алғаш рет Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен телефон арқылы тілдескенде: «Ресеймен Қытай қарсыласпайды, одақтаспайды, үшінші елге бағытталмайды» деп ашық айтты. Бұл соған дейін қолданып келген «Қытай мен Ресей қатынастарында максималдық болмайды, тек дами береді, дами береді» дейтін концепциясының өзгергенін, Батысқа жағымпазданғанын көрсетті.

Алайда Қытайдың сыртқы саяса­тын­дағы мұндай өзгерістерге сәйкес АҚШ және дамыған елдер қолданып келген саясатын өзгерте қойған жоқ. Ке­рісінше, Қытайға қысым жасауларын тіпті күшейте түсті. Нақтылап айт­қанда, АҚШ технологиясымен жасал­ған чиптерді Қытайға экспорттауға тыйым салды. АҚШ, Жапония және Нидерланд «Чип одағын» құрып, Қытайдың жоғары дәрежелі чип технологиясын импорттау жолын бөгеді. Сондай-ақ «Хуавей» компаниясына смартфон бөлшектерін сатуға тыйым салды, АҚШ парламентінде «Қытай комиссиясы» құрылып, тексеріп-зерттеу жұмыстарын бастады. Қазірге дейін Қытайға жасалған сауда жеңілдіктерін ендігі жерде Қытайдағы адам құқығы жағдайымен байланыстырып қарауды Парламентке ұсынды. Тайваньның ха­лықаралық орны мен статусын көте­ру және қауіпсіздігін қорғау, Азия-Тынық мұхит аймағында қалыптасқан жағ­даят­ты сақтау бойынша одақтардың құ­рылуы сияқты ахуалдар, Қытайдың ха­лықаралық ортасын қатты қиындатып барады. Оның үстіне соңғы үш жылдан бергі пандемияның зардабынан Қытай экономиясында құлдырау байқалып отыр.

Халықаралық геосаяси жағдайдағы соңғы өзгерістер Қытайдың жаңадан қолдана бастаған «жағымды дипломатиясын» қабылдамайтынын аңғартты. Сонымен Си Цзиньпин өзінің бұрынғы саясатына қайта оралды. Ресеймен қайтадан қарым-қатынасын нығайтуға ден қойды. Наурыз айында Си Цзиньпин Ресейге ресми сапармен баруды жоспарлап отыр. Басты мақсаты – Путинмен бірлесіп Батыс елдерінің қысымына төтеп беру болса керек.

Халықаралық қатынастағы мұндай құбылыстар Қытай мен Батыс елдері ымыраға келе қоймайтынын аңғартады. Батыс елдерінің Қытайға сауда және технология санкциясын салуы, қытайлық ком­паниялар мен жеке адамдарды Ре­сейдің Украинаға шапқыншылық жасауын қолдады деп санкция салуы –Қытайдың әлеуметтік экономикасының қалыпты дамуына терең әсер еткені белгі. Ал Қытай экономикасының құл­дырауы әлемдік экономиканың әлсі­ре­уіне әкеп соғады. Сонымен бірге Қа­зақ­стан экономикасының өркен жаюына да кері әсері болады. Сондықтан еліміз өзі­нің ақылы мен еңбегіне сүйеніп да­му­дың тың жолдарын қарастыруы қажет.

Қазақстанның әлемдік санкциядан көз ашпаған Ресей мен Қытай сияқ­ты алып мемлекеттің ортасында орна­лас­қан географиялық жағдайы өзгер­мейді. Алайда халықаралық сыртқы сая­саттар өзгереді, құбыла береді. Со­ған қарамастан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Пар­ла­мент Сенатында сөйлеген сөзінде хал­қымыздың басты құндылығы тәуел­сіз­дікті сақтау және оны нығайту үшін мемлекетті нығайтып, қоғамды бірлікке келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек екенін айтты. Ол үшін жастарымызды барынша жасанды интеллект техникасын игеруге, отан­шылдыққа баулуымыз керек. Елі­міз әлемдік соңғы технологияны мең­гер­ген­де ғана әлеуметтік экономика дамиды, өркениет деңгейі өседі, мем­ле­кет­тік қорғанысы нығаяды. Сонда ғана нағыз заманауи дамыған елге айналамыз.

 

Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор