Жиынға «Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары бейнеконференция режімінде қосылды және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ Бас прокуратура, Әділет, Ішкі істер, Қаржы министрліктерінің жауапты лауазымды тұлғалары, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының сайлауды байқау миссиясының өкілі шақырылды.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров елімізде тіркелген 7 саяси партияның барлығы партиялық тізімдер бойынша Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына қатысуға жіберілгенін атап өтті. Сондай-ақ ол 7 ақпанда ОСК-ға Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауға партиялық тізімді ұсыну туралы «Байтақ» жасылдар партиясының құжаттары тапсырылғанын еске салды. Орталық сайлау комиссиясы сайлау заңнамасына сәйкес кандидаттардың Конституция және Сайлау туралы Конституциялық заңмен қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау бойынша тиісті рәсімдер жүргізді.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 89-бабына сәйкес тіркеуге бір саяси партиядан бір ғана тізім жіберілетінін, оған саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың белгіленген санының 30 пайыздан аспайтын адамдар саны енгізілгенін хабарлады. Партиялық тізімде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар саны жиынтық бойынша оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс. Белгілі болғандай, «Байтақ» жасылдар партиясының 18 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынған. Тізімдегі 6 кандидат әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар санатқа жатады, яғни талапқа сәйкес 38,9 пайызды құрайды. Партиялық тізімге енгізілген барлық адам Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді. Сәбила Мұстафина партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының он бес еселенген мөлшерінде Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгізетінін хабарлады. Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 5 және одан да көп пайызын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейді. 2021 жылғы қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына «Байтақ» жасылдар партиясы қатысқан жоқ. Осыған байланысты аталған партия 18 млн 900 мың теңге сайлау жарнасын төледі.
Комиссия мүшелері сәйкестікті анықтау және тіркеу туралы тиісті хаттамаларға қол қойғаннан кейін «2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында «Байтақ» жасылдар партиясының қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы» қаулы қабылдады. Тіркелген кандидаттар тиісті куәліктерін алды.