Экология • 16 Ақпан, 2023

Фосфогипс қалдығын кәдеге жаратпақ

434 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шыны керек, Тараз металлургия зауыты маңындағы тау боп үйілген өндірістік қалдық жылдар бойы жергілікті жұрттың жүйкесіне ши жүгірткені жасырын емес. Фосфогипс қалдығынан Жамбыл ауданының бірнеше ауылының тұрғындары зардап шегіп отырғанын да жақсы білеміз. Өткір мәселені эколог мамандар да талай рет жетер жеріне жеткізіп айтқан болатын.

Фосфогипс қалдығын кәдеге жаратпақ

Өзекті мәселені оңынан шешетін күн туған сияқты. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғалымдары «Қазфосфат» ЖШС-нің «Жаңа Жамбыл фос­фор зауытынан» шығатын қалдықтарды қайта өңдеп, құрылыс материалын өндірудің тиімді жолын ұсынып отыр.

Оқу ордасының ғылыми-тәжірибелік зертханасында жүргізілген зерттеулердің қорытындысына сәйкес жоба әзірленді. Енді ол жүзеге асырылса, қоршаған ортаға да, жергілікті халыққа да залалын тигізіп жатқан қалдықтардан құтылып қана қоймай, өңір бюд­жетіне мол табыс түсіретін мүмкіндік тумақ.

Университеттің ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры Сейіт­жан Орынбаевтың айтуынша, зауыттан шығатын қалдықтарды 1,5 мың градуста қыздырып, өңдеп, залалсыздандыру қажет. Бұл үдеріс екі кезеңді қамтиды. Әр кезеңнің сақталуға тиіс технологиясы мен талаптары бар. Өйткені химиялық реакцияларды жасауда артық кетуге немесе кем түсуге болмайды.

– Қолда бер деректерге сенсек, зауыт­тан шыққан қалдық 15 млн тоннадан аса­ды. Өндіріс орнында екінші цех іске қосыл­ғалы тағы 2,5 млн тонна шамасында қал­дық қосылды. Осы мәселеге байланысты кәсіпорын басшылығы әкімдіктен қосымша 28 гектар жер сұрап отыр. Шығарындылардың шаңы аз мөлшерде десек те, оның қоршаған ортаға зияны барын ешкім жоққа шығара алмайды. Міне, осы жайттардың бәрі бізді көптен ойландыратын. Ғалымдардың бірлес­кен жұмысы нәтижесінде қалдықты екі кезең­де қыздырып, фторсыздандырып, құрғақ гипс алудың жаңа технологиясы жасалғанын айта кеткен ләзім. Оны әрі қарай өңдеп, цемент өндіре аламыз. Осы жобаны өндіріске енгізсек, өңір үшін пайдасы мол, – дейді Сейітжан Орынбаев.

Департамент директоры келтірген деректерге сүйенсек, фосфогипсті 1 мың градус­та өңдеу кезінде 98,1 пайыз таза гипс алы­нады екен. Одан жоғары температурада қыз­дыру арқылы 1,5 мың градуста әк алуға болатын көрінеді. Алынған өнімнің 77 пайызын және оған 4 пайыз көмір коксы мен 19 пайыз саз қосса, портландцементін өндіру мүмкіндігі туады. Оны ұнтақтап, тұтынушының сұранысына сай әрі қарай М-400, М-600 цемент үлгісін жасауға болады.

Жобаны толыққанды жүзеге асыру үшін «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайт­қыштар зауытының» жанынан цемент шыға­р­атын өндіріс орнын ашу керек. Оған 2,7 млрд теңге инвестиция қажет. Әлбетте, аз сома емес. Алайда одан түсер түсім бірер жылда-ақ шығынды ақтап алады.

– Алғашқы жылғы табыс бөлек, ал одан кейін жылына 774,3 млн теңге табыс табу мүмкіндігі бар. Осы кәсіпорын ашылса, облыс қазынасына бір жылда 286,4 млн теңге кіріс түсіп отырады. 48 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаның ақталу мерзімі – 2 жыл. Ең бастысы тау болып үйіліп жатқан қал­дықтан құтылып, оны кәдеге жаратамыз, – дейді департамент директоры.

Аудан аумағында тау болып үйіліп жатқан минералды тыңайтқыштың қалдығы саналатын фосфогипсті ауыл шаруашылығы саласында кәдеге жарату мәселесі талай рет айтылған еді. Тіпті, соңғы кездері тонналап тасып жатқандар да табылды. Жалпы, өндірістік қалдықты ауыл шаруашылығы саласында қолданған тиімді ме, әлде цемент өндірген дұрыс па?

– Аталған өндірістік қалдық сортаң, сор жерлерге пайдаланылады. Егістікке пай­даланған шаруалар еш өкінбейді. Өйткені фосфогипс тұзды сіңіріп алады да, алқап­тағы өсімдіктің өнуіне айтарлықтай әсер етеді. Одан бөлек өнімнің екі есеге артуына мүм­кіндік туғызады. Шаруалар аталған қалдықты пайдалану арқылы өнімділікті арттырып қана қоймай, тау болып үйілген қалдықтың азаюына да айтарлықтай көмек көрсете алады. Фосфогипстің 5 тоннасы бір гектарға жетеді. Осыны ескерген жөн. Соңғы уақытта шаруа қожалық басшылары тарапынан фосфогипске деген қызығушылық артып тұр. Нақтырақ айтсақ, 215 қожалықтың басшысы егістікке төсеу үшін өндірістік қалдықты тасымалдап әкетті. Өз өңірімізден бөлек, Қызылорда, Түркістан облыстарына да жөнелтіліп жатыр. Соңғы 4-5 айдың бедерінде шаруалар 30 мың тонна фосфогипсті алып кетті. Қысқасы, бұл жергілікті халық үшін де, шаруалар үшін де тиімді екені даусыз. Тұрғындар тау болып үйілген өндірістік қалдықтан құтылса, қожалық басшылары оның игілігін көретіні анық, – дейді Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.

Жұрт арасында «жасанды тау» атанып кеткен минералды тыңайтқыштар қалдығы бірнеше ауыл тұрғындарын жарты ғасыр бойы мазалап келді. Тіпті, Шайқорық, Қапал, Қоңыртөбе Ш.Ниязбеков ауылдарының тұрғындары өндірістік қалдықты жоюды сан мәрте талап еткен де болатын.

– Қазіргі кезде Жамбыл ауданындағы қожалық басшылары «Қазфосфат» серік­тестігінен 5 600 тонна тыңайтқыш алып үлгерді. Олардың қатарында «Қызыл-Диқан қожалығы» өндірістік кооперативі, «Тастөбе» шаруа қожалығы бар. Бұдан бөлек Жамбыл ауылдық округінің 34 шаруа қожалығы фосфогипс күлін алғанын айта кеткен жөн. Олар өндірістік қалдықты 1 500 гектар алқапқа төсеген. Сонымен қатар Шу, Мойынқұм, Талас, Сарысу аудандарының шаруалары да фосфогипс күлін егіс алқабына пайдаланып жатыр. Нақтырақ айтсақ, 1 060 тонна өндірістік қалдықты 200 гектардан астам жерге сіңірген. Шаруалар минералды тыңайтқыш қалдығының егістік алқапқа пайдасы зор екенін анық түсіне бастады. Осылайша олар қалдықты кәдеге жаратып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Тынысбекұлы.

Минералды тыңайтқыш қалдығын егіс­тік алқабына пайдалану жұмыстарының басталғанына аса көп уақыт өткен жоқ. Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралы­ұлы қазірдің өзінде 30 мың тонна фосфогипс шаруаларға үлестірілгенін тілге тиек етті.

Әйтсе де өңірдің экологиялық жағдайына жамбылдық ғалымдардың алаңдауы заңдылық. «Қазфосфат» ЖШС зауыттарынан шығатын қалдықтардың Жамбыл ауданының жерінде таудай болып үйіліп жатқанына талай жылдың жүзі толды. Жыл өткен сайын қалдық үстіне қалдық қосылып, таудың көлемі де, биіктігі де өсе түсті. Ал тыңайтқыш ретінде алып жатқан шаруалардың қарасы көбейе бастағанымен, миллиондаған тоннаны құрайтын қалдық азаяр емес.

Мамандардың айтуынша, фосфор қал­дық­тарын сор тартқан жерге пайдаланбаса, барлық алқапқа қолдануға болмайды. Сондықтан ғалымдардың жобасын жүзеге асырғаннан ешкім ұтылмайды. Қалай бол­ған күнде де жоба аз уақытта өңір қазына­сына айтарлықтай табыс әкелетіні даусыз.

 

Жамбыл облысы