Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, осы бағытта 26 851 жұмыс орны құрылған. Оның 13 016-сы тұрақты қызмет көрсетіп жатыр. Бұл статистика – өтеусіз гранттың нәтижесінде құрылған цифр. Демек өз кәсібін көркейтіп, басқаны да бауырға басқан азаматтар елде жетерлік. Бұлар алдымен әлеуметтің әлеуетін көтеріп отыр.
Мысалы, текелілік бірінші топтағы мүгедек Мэлс Мұратбеков жеке стоматология клиникасын қайта іске қосты. Ол бұған дейін денсаулығына байланысты 4 жыл тіс емдеу кабинетін құлыптап қойған еді. Он жылдық жұмыс өтілі бар азамат үшін ұзақ уақыттағы кідіріс көңіл түсіргенімен, мемлекеттің жәрдемі жарқырауға жол ашып бергендей. 1 225 200 теңге көлемінде грант алып, осы қаржыға тиісті заманауи құрал-жабдық сатып алған. Құдай сәтін салып, бүгінде өз бизнесін шыр айналдырып отыр. Былтыр жазда жұмысы қайта жүріп, моноқала тұрғындарына көмек көрсетіп келеді.
«Мамандығым – стоматолог-ортопед. Осы салада 90-жылдардан бері еңбек етемін. Әрине, қазір талаптар өзгерді, жаңа құрал-жабдықтар шықты, сондықтан уақыт талабына ілесіп жұмыс істеу керек. Мемлекеттік грант арқылы керамиканы күйдіретін стоматологиялық вакуум электр пешін сатып алдым. Онда металл-керамика тістері дайындалады. Оған қоса бизнес жүргізудің жай-жапсарын үйрендім. Айтпақшы, осындай мемлекеттік бағдарлама бар екенін әлеуметтік желіден оқып білдім. Одан кейін қалалық жұмыспен қамту орталығына барып, кеңес алдым. Екінің бірінің несие алуға, оны қайтаруға мүмкіндігі бола бермейді, оның үстіне үстемесімен қосып қайтару бизнесін жаңа бастаған адамға оңай емес. Сондықтан қайтарымсыз грант мемлекеттік қолдаудың тиімді түрі деп есептеймін», дейді М.Мұратбеков.
Жалпы, кәсіпкер жерлестеріне жеңілдік жасап, стоматология саласында қызмет түрін қолжетімді бағада ұсынуға басымдық беріп отыр. Мұнда мамандар терапевтік және ортопедиялық қызмет көрсетеді. Кейде тісі ауырып, жаны қысылып келген пациенттің жағдайын түсініп, тісін тегін жұлып беретін кездері де болады екен.
«Текелі тұрғындарының табысы соншалықты көп емес, сондықтан біз көрсететін қызметтердің барлығының құны барынша қолжетімді болуына мән береміз. Өз тәжірибеме сүйене отырып, диагностикадан бастап қажетті емге дейінгі үдерістің бәрін толық қадағалаймын. Біздің мамандарымыз білікті, олардың тұрақты клиенттері бар, әзірге ешқандай шағым түскен жоқ. Менімен қосқанда төрт маманбыз. Қатарымызда жастар да бар. Жұмыс істеймін деген адамға кез келген уақытта мүмкіндік табылады, тек ниет болса болғаны», дейді кәсіп иесі.
Иә, қолдан келсе, қарап қалмайтын азаматтың қарекеті көңіл қуантады. Басына туған қиындықтан езілмей тізеге тұру – үлкен ерлік. Моноқалада мұндай жандар жетерлік. Соның бірі – Жайна Қанатқызы. Ол балаларға массаж жасайтын және дамытатын «Baby land» орталығын ашқан. Әрине, кәсіптің алғашқы қадамын мемлекет берген қаржымен бастаған. Тиісінше, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алып, бизнес-жоспарын қорғап шыққан.
Ғажабы сол, былтыр жылдың соңында ашылған орталықта логопед қызмет көрсетеді. Дамыту сабақтары топпен және жеке де жүргізіледі. Сондай-ақ балаларға қажетті массаждың барлық түрі жасалады. Тіпті, қажет болса, мұндағы мамандар бала күтушілігіне сағаттап қызмет көрсетуден жалықпайды.
«Өзім мұғалімдік мамандықты оқығанмын. Балаларға арнап білім беру орталығын ашу туралы біраздан бері ойлап жүрген едім. Бала күтімімен үйде отырған кезімде балама массаж терапевтінің қызметін табу біршама қиындық туғызды. Яғни ол үшін Талдықорғанға бару керек болды, құны да арзан емес. Сондықтан менің орталығымда міндетті түрде балалар массажының қызметтері көрсетілуі керек деп шештім. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде арманым шындыққа айналды», дейді Ж.Қанатқызы.
Оның айтуынша, орталықта балалар массажымен 12 жыл тәжірибесі бар маман айналысады. Мұнда негізінен бір жасқа дейінгі сәбилерді әкеледі. Егер қандай да бір медициналық көрсетілімі немесе нақты диагнозы болса, 3-тен 5 жасқа дейінгі балаларды да қабылдайды. Орта есеппен массаждың 1 сеансының құны 2 500 теңге мен 3 500 теңгенің аралығында. Кәсіпкердің өзі де сырт қалмай, балаларға арналған түрлі дамыту сабақтарын жүргізеді. Әр топта бала саны сабақтың түрі мен мақсатына қарай 2-ден 6 балаға дейін жетеді.
«Орталықты одан әрі кеңейту үшін бізге балалар психологі мен дефектолог қажет. Бірақ әзірге таба алмай отырмыз. Жалақысы – шамамен 100 мың теңге. Бізде жұмыс істеуге ниеті бар адам болса, Жұмыспен қамту орталығы арқылы жүгінуге болады. Көп ұзамай жақсы мамандар табамыз деп үміттенемін. Әзірге ғимаратты жалға алып отырмыз, оған жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жабдықтар сатып алдық. Екі айдың ішінде орталығымыздың жұмыс істейтінін жергілікті тұрғындар жақсы біліп қалды. Жерлестерімізге бізге сенім білдіріп, қолдау танытқаны үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Біз өз ісімізге жауапкершілікпен қараймыз, өйткені балалардың денсаулығы – ең маңызды мәселе», дейді Ж.Қанатқызы.
Текелі қаласының жұмыспен қамту орталығының директоры Жасұлан Қапаловтың айтуынша, былтыр қала бойынша кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 21 өтінім мақұлданған. Оған өз кезегінде жалпы сомасы 25 млн 725 мың теңге өтеусіз гранттар берілген. Оның ішінде 10 грантты халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдеріне, 10 грантты жастарға бұйырыпты. Бақсақ, іске асқан жобалар қатарында сұлулық салоны, стоматология, балалар массажы орталығы, автоэлектрик қызметтері, тағы басқа түрлі салаға тән қызметтер ел игілігіне жарап отыр.
Жалпы, облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының дерегі бойынша өңірде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның басқа бағыты шеңберінде өтеусіз мемлекеттік гранттар мен 5 млн теңгеге дейін гранттар беріледі. Соның нәтижесінде 595 млн теңге сомасына 125 жоба мақұлданып, оларда 393 жұмыс орны құрылған.
Бұл ретте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша «Бастау Бизнес» жобасы аясында барлығы 4 244 адам оқуға жіберіліп, онлайн оқуға 1 512 адам бағытталған. Соның 2 990-ы оқуды аяқтады, қалғаны енді бітіреді. Қайтарымсыз грант алғандар саны – 617 адам. Оларға жалпы сомасы 740 млн теңге берілген, соның нәтижесінде 700 жұмыс орны құрылған.
Жалпы, өңірде Ұлттық жоба аясында 2023 жылдың 1 қаңтарға жұмыспен қамтудың түрлі шарасына 32 мыңға жуық адам тартылған екен. Тиісінше 24 мыңнан аса адам жұмысқа тұрған, соның ішінде 14 мыңнан аса адамның тұрақты жұмысы бар.
Айта кетейік, қазіргі кезде өңір экономикасының 41 пайызы шағын және орта бизнестің үлесіне тиеді. Бұл салада өңір халқының үштен бірі еңбек етіп жүр. Кәсібін көркейткен жетісулықтар күннен-күнге көбейіп келеді. Біз мысалға алған моноқала тұрғындарының бірлі-екісі ғана. Ондай азаматтар өңірдің беделін көтерері анық.
Жетісу облысы