Үміт • 16 Ақпан, 2023

Қайтарымсыз гранттың қайыры

435 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұрын ірі кәсіпкерліктің дамып, ал шағындар оның шаңына ілесе алмай қалғаны жиі айтылатын. Қазір олай деп шағынатын жөн де, жоба да жоқ. Өйткені кейінгі уақытта мемлекет шағын кәсіпкерліктің дамуына ден қойып отыр. Әсіресе қайтарымсыз гранттар біраз адамның кәсіп бастауына баспал­дақ болып келеді.

Қайтарымсыз гранттың қайыры

Бүгінде ауылдарда кә­сіп бастап, тәуір тұрмыс кешкендер қатары молайып келеді. Бұл орайда қоғамның кез келген мүшесіне мүмкіндік жа­салған. Мәселен, Қара­ған­ды облысының Нұра ауданында тұратын мүмкіндігі шектеулі жандар грант ар­қылы бизнесін ұршықша иіріп отыр.

Екінші топтағы мүгедек­тігі бар Елена Колесникова Нұра ауылында тұрады. Оның мамандығы эконо­мист екен. Алайда бұл ма­ман­­дықпен жұмыс істеп көрмеп­ті. Үйдің шаруасымен отыр­ған үш баланың анасы. Десек те, «Бастау Бизнес» арқылы білім алып, одан соң саңырауқұлақ өсіретін кәсібін ашыпты.

– Жасым 38-де, үш балам бар. Бірнеше жыл үй шаруасымен жүрдім. Екінші топтағы мүгедектігім де бар. Былтыр арнайы дә­ріс алып, грантқа өтініш бердім. Комиссия менің бизнес-жоспарыма қолдау көрсетті. Сол арқылы өз ісімді бас­тап кеттім. Га­ражды саңырау­құлақ өсі­руге бейімдеп, бе­рілген грантқа қажетті жаб­дық са­тып алдым. Бүгін­де бір жарым айда бір рет 100 келіге жуық аспа саңы­рау­құлақ өсіремін. Негізі, кәсіп бастағысы келгендерге тәуекел ету туралы кеңес берер едім. Ең бастысы – мақ­сат қою. Содан соң оған қадам жасау, – дейді
Елена.

Еленаның саңы­рау­-құ­лақтарын аудан­ның тұр­ғындары тұтынады. Оны саудаға шығаратын келі­сілген сауда орындары бар. Бұйыртса, Елена алдағы уақытта саңырауқұлақ өсі­ру өндірісін ұлғайтуды ой­лайды. Бұған қоса тұз­да­лып, сақталатын саңы­рау­құ­лақ шығаруды көздеп отыр.

Дәл осындай грант ар­қы­лы массаж бөлмесін аш­қан Сапарбек Жақұдин – бұрынғы өрт сөндіруші. Ол өрт кезінде көзінен за­қым алып қалған екен. Бү­гінде Сапарбек Астанадан қытайлық массаж курстарын оқып, осы орайда бизнес-идеясын іске асыра алыпты. Алдымен «Бастау Бизнес» жобасы не­гізінде кә­сіпкерлік сауат­тылықты меңгерсе ке­рек. Соңынан идеясы ар­қы­лы 1 млн 225 мың тең­ге грант жеңіп алып, массаж бөлмесін ашқан көрінеді. Гранттар кәсіпкерлікті дамы­тудың 2021-2025 жылдарға ар­налған ұлттық жобасы аясында табысталатынын атап өткен жөн.

Ресми ұйымдар жария еткен деректерге жү­гін­сек, был­тыр Нұра ауда­нын­да «Бастау Бизнес» жобасы арқылы бар­лы­ғы 167 адам білім алған. 59 адамға грант беріл­ген. Оның ішінде 16 адам мүм­кін­дігі шектеулі жандар тізіміндегілер.

– Бизнес-жобаларды табысты іске асырудың тағы бір мысалы – Қарой ауылындағы тігін цехы. Оны Тутиковтар отбасы ашты. Отбасындағы төрт адам мүгедек. Барлығының туа біткен кемістігі бар, сөйлеу және есту қабілеті төмен. Олар қазір тапсырыспен киім, төсек-орын, көрпе-жастықтар тігеді, – дейді Нұра ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Динара Ермекова.

Сонымен қатар Нұра ауданында биыл мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың 15 жобасын қаржыландыру жоспарда бар. Гранттар сомасы 1 млн 400 мың тең­геге дейін ұлғаймақшы.

 

Қарағанды облысы