46 700 000 000
Батыс Қазақстан облысында биылғы төрт айдағы инвестиция көлемі осыншама теңгені құраса, бұл өткен жылғы деңгеймен тең
Облыстық статистика департаментінің деректеріне қарағанда, инвестицияның 25546,0 млн. теңгесі немесе 56,9 пайызы шетелдік, 17841,3 миллионы немесе 39,8 пайызы кәсіпорындардың өз қаржысы болса, 1500,6 млн. теңгесі немесе 3,3 пайызы бюджет үлесінде.
Инвестицияның 73,7 пайызы өнеркәсіпке бағытталса, 7,7 пайызы көлік пен қойма, 4,7 пайызы жылжымайтын мүлікпен жұмыс және денсаулық сақтау, 2,2 пайызы ауыл шаруашылығы, 2 пайызы сауда саласына жұмсалған.
Салынған қаржының 54,6 пайызы – Бөрлі, 21,4 пайызы Зеленов ауданының еншісінде.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.
600 000 000
Биыл пайдалануға берілетін “СпецтрансСтройКомпания” ЖШС-нің құрылыс бұйымдарын шығару зауытын іске қосу үшін осыншама теңге қаржы салынған
Зауыт қуаты 500 мың шаршы метр тротуар плиткаларын, 1200 мың дана жиек тастар, 900 мың дана қабырғалық блоктар шығаруға мүмкіндік береді. Бұл – Батыс Қазақстандағы бірден-бір ірі жоба. Жобаны жүзеге асыру барысында Германия фирмасының жаңа технологиясы пайдаланылуда. Зауыт өнімдері Батыс Қазақстанға өткізіледі және Орталық Азия елдеріне шығарылады деп күтілуде.
Қазір жобаға бөлінген қаржының 95 пайызы игерілді. Ол толық іске қосылғанда жаңадан 30 жұмыс орындары ашылады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.
156 600 000
Өңірде “Жол картасы” бағдарламасы бойынша кадрларды даярлау және қайта даярлауға бөлінген қаржының осыншамасы игерілген
“Жол картасы” бойынша өңірде биыл әлеуметтік жұмыс орындарын құру және жастар тәжірибесін ұйымдастыру бағытында қолға алынған жұмыстар құптарлық деуге болады.
Бағдарлама бойынша кадрларды даярлау және қайта даярлау жалғасып, 4500 адамды оқыту мақсатында республикалық бюджеттен 562,6 млн. теңге қарастырылған болатын.
Нәтижесінде 23 оқу орнымен келісім-шарт жасалып, 3300 адам даярлық курстарына жіберілген. Олардың қатарында еңбек сұранысына қажетті мамандықтар алуға басымдық беріліп, 2100 адам 2009 жылдан бері оқып, кәсіби білім алудағы алға қойған талаптарын жүзеге асырған. Осылайша бүгінгі күнге аталған бағдарламаға бөлінген қаржының 156,6 млн. теңгесі толық игеріліп, жұмыссыздықтың алдын алу үдерістері ойдағыдай жүзеге асырылуда.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.