Жастар • 20 Ақпан, 2023

Жұмыспен қамту жобасы: NEET санатындағы жастар мәселесін шеше ме?

340 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады. Яғни 456,1 мың адам бос сенделіп жүр. Оның ішінде жұмыссыз бола тұра, оны іздеуге және еңбек етуге құлқы жоқ, білім алумен немесе оқытумен айналыспайтын NEET санатындағы жастардың үлесі 6,3 пайыз. Бұл – алаңдатарлық жағдай.

Жұмыспен қамту жобасы: NEET санатындағы жастар мәселесін шеше ме?

«Жастар арасындағы жұмыссыз­дықтың бұлай белең алуының басты себебі – кезінде шетелдік мамандарға басымдық берудің салдары. Сондай-ақ жұмыс орындары мен білім беру ошақтарының байланысының әлі де әлсіз екендігінің көрінісі. Өйткені колледж, университет бітірген кей түлектер мамандық бойынша жұмыс істейін десе, екі қолға бір күрек таппай жүріп қалады. Елді мекенге барайын десе, ол жақта тұрақтап қалуға жағ­дай жасалмаған. Әрине, «Дипломмен – ауыл­ға!», «Жастар практикасы» сын­ды мемлекеттік бағдарламалар бар. Алай­да олардың орындалуы ойдағы­дай емес. Әрі құжаттың белгілі бір ережелері жастардың кейбірінің бұл бағдарламамен жұмысқа тұрамын деген үмітін су сепкендей басады. Банктер тарапынан 35 жасқа де­йін­гі азаматтарға тұрғын үй алуға жеңіл­діктер де берілген. Бірақ мұнда да шикілік бар. Мәселен, пәтерлер саны шектеулі. Атырау облысының өзінде 50-60 шақты ғана. Ал өтініш берушілердің саны 100-ден асады. Бұлар осы өңірде қалып, аймақты дамытуға мүдделі болуы мүмкін, бірақ әлеуметтік жағдайы жоқ. Салдарынан оқыған білімді азаматтар мұхит асып, шетелге кетеді. Қалғаны NEET жас­тардың қатарын көбейтеді, – дейді ­саясаттанушы Сайфулла Сапанов.

Конструктивті пікірін ортаға салған саясаттанушы тағы бір проблеманың өзегін ашты. Оның сөзінше, жастар немесе егде жастағылар қатарына жатпайтын 40 пен 50 жас аралығындағы азаматтардың жұмыссыздығы көпті алаңдатып отырған жоқ.

– Кеңес одағы кезінде білім алған жұмысшы кадрлар – қазір 50-ден асып кеткен азаматтар. Олардың да бел­гілі бір бөлігі жұмыссыз отыр. Цифр­­ланған заманда оларды қайта оқы­ту қиынға түседі. Байқауымша, көпшілігі қарапайым компьютерді қол­дануды да білмейді. Салдарынан біз бұл аза­маттардың әлеуетін пайдалана алмай отырмыз. Бұған арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізу керек деп есеп­теймін. Өйткені осындай еңге­­зердей азаматтардың жұмыссыз жүруі­нен қоғамда ішімдікке салыну, одан қалды қоғамдағы өте өзекті мәселе ажырасу фактісі көбейді, – деді ол.

Сондай-ақ жұмыссыздық санын қажетсіз мамандар қатары да арттыруы мүмкін. Мәселен, кейде талапкерлер еңбек нарығын зерттемей, сұра­нысы төмен мамандықтарды таң­дай салады. Осыған байланысты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің 2-курс магис­т­ранты Шынар Жұмасатова жастар ара­сындағы жұмыссыздық мәселе­сін біртіндеп жою үшін заман көшіне қа­жетті дағдыларды оқу орындары кадр даярлауда ескеріп, талапкерге мамандық таңдауда нарыққа анализ жасауы керек дейді.

– Бүгінде туризм, аударма, мейрамхана ісі және теңізге байланысты оқуды бітірген біраз танысым басқа мамандықтың аясында жұмыс істеп жүр. Егер туризмді дамытып, елде жаңа кәсіп түрлері ашылатын болса, жұмыс күшіне деген сұраныс та артар еді. Мысалы, бір қонақүй ашыл­са, жүздеген азаматты жұмыспен қам­тиды. Яғни жаңа кәсіп түрлерін мең­геруіміз керек. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту маңызды. Отандық өнімдердің саны артқан сайын «өз қолымызды өз аузымызға жеткізіп» қана қоймай­мыз, жұмыссыз жүрген жастардың табыс табуына сеп боламыз. Бұл фак­тордың жаңа мамандықтарға деген қызығушылықты арттыратынды­­ғын да айта кету керек. Нәтижесінде, ­көп­шілік оқитын мамандықтар (бітір­ген­нен кейін жұмыс таба алмай қа­ла­тын) мен жаңа мамандықтар­дың ара­­сында теңгерім болады, – деді Ш.Жұмасатова.

Жалпы, Үкімет 2029 жылға қарай 2,3 млн жасты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төр­ағалығымен 11 ақпанда өткен кеңесте айтылған еді. Жиында жастар саясаты және мектепке дейінгі, орта, тех­никалық және кәсіптік білім беруді дамыту тұжырымдамаларының жобалары қаралған-ды. Құжатқа сәйкес жауаптылар жас кәсіпкерлердің үле­сін – 30, жұмыспен қамту орталықта­ры­на жүгінгендер арасынан жұмыс­қа орналастырылған жастардың үлесін ­61 пайызға дейін ұлғайтуды көздеп отыр.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Жастар саясаты тұжырымдамасының жобасы 6 бағыт пен 10 нысаналы индикаторды және 72 іс-шараны қамтитынын айтты. Негізгі новеллалардың бірі – жастармен жұмыс істеу және олар­дың проблемаларын шешуде әкімдіктер жұмысының тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін Жастар индексін енгізу.

– Біз 2029 жылға қарай мемлекет­тік қолдау шаралары туралы жас­тар­дың хабардарлығын 90%-ға дейін, волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға тартылу деңгейін 32%-ға дейін арттыруды жос­парлап отырмыз. Сонымен қатар ауылдық жер­лерде тұратын 1,5 миллион жас цифрлық сауаттылыққа оқытылады, – деді министр.

Ақылы білімге қол жеткізе алмаған, еңбек нарығын дұрыс ескермей, керек­сіз мамандық иесі болған және ауылда өсіп, білім ала алмай қалған жас­тар жұмыссыздықтың туындауына ықпал етуі мүмкін. Осы ретте Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев кеңесте 2023-2029 жылдарға арналған мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту тұжырымдамасы негізінде ел жас­тарын колледждерде сұра­нысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алуына баса назар аударылатынын айтты.