Суретті түсірген автор
«Қазір халыққа шетелдік ағымдағы эстрада жақын. Жанды дауыстағы оркестрдің концертіне келмейді. Екі ай бұрын «Алаш аманаты» атты үлкен концерт қойдық. Көрермен әр-әр жерден ғана қарайып отырды. Негізі біз де халықтың талғамына қарай жұмыс істейміз. Фильмдердің саундтректеріне дейін сахнаға алып шығамыз», деп әңгімесін әу дегенде өкпе-реніштен бастады.
Айтуынша, бұрын күй аристократтық деңгейде болған. Қазір қандай да іс-шара басталар алдында оркестрді босағаға жайғастырып, күй тартқызып қоюды әдетке айналдырды. Дәстүрлі ән-күй де ұлттық идеологияны насихаттаудың бір жолы екенін естен шығарып алған секілдіміз. Мән-мағынасыз есер ән тыңдап өскен ұрпақ бойында ұлтқа деген сүйіспеншілік бола ма?! Шалқардың да шыр-пыр болып жүргені осы. Өзі қасиетті де киелі Тарбағатай өңірінде дүниеге келіп, қазақы тәрбиемен сусындап өскендіктен, бойында ұлттық рух ойнап тұр. Өмір бойы шопан болған әкесі Ырысханның да домбыраны бір қағары бар-тұғын. Анасы Күшән Айтмұқақызы ән салатын. Бала тәрбиесіне зор көңіл бөлген әке-шеше ұлдары көштен қалмасын деген ниетте Өскемендегі Жамбыл атындағы гимназия интернатына оқуға берген. Сөйтіп, егіз ұлдары Айдын мен Шалқар 1986 жылы 1 сынып табалдырығын аттаған.
«Төртінші сыныпта оқып жүргенімізде ғой деймін, белгілі домбырашы Қаныбек Тәжібайұлы Алдашев интернатта алғаш рет домбыра оркестрін ашты. Мектепті аралап жүріп, домбыраға қызығушылығы бар балаларды іздеді. Сол кісі және есімі одаққа мәлім болған интернаттың басшысы Уәлиахмет Нұрахметұлы өнерге деген жолымызды ашты», дейді Ш.Ырысханұлы домбырасының күйін келтіре отырып.
Иә, Қаныбек Алдашев консерваторияда оқыған белгілі домбырашы еді. Нұрғиса Тілендиевтің қоластында қызмет істеп, нотаны қағазға түсірумен айналысқан. Құрманғазы оркестрінің алғашқы құрамында жүріп, дүниежүзілік фестивальға да барған.
«Білуімше, Қаныбек Тәжібайұлы Алматыдан жолдамамен Риддер қаласына келген. Кеңес одағының қылышынан қан тамып тұрған кезде кедергілер болды ма, көп тұрақтамай облыс орталығына ойысты. Айта кетерлігі, 1975 жылы ағайынды Абдулиндер училищесінде тұңғыш рет домбыра сыныбын ашқан осы Қ.Алдашев еді», дейді ұстазын еске алып.
Шалқардың ұлтжандылығын айтамын, оқуын тәмамдаған жылы «Қазақстанның болашағы үшін» деген ұйым құрылып, белді мүшесі болған екен. Бірақ өзге ұлт өкілдері басым болып, ұсыныс-пікірлерімен келісе алмаған. Жалындаған жастар мұнымен тоқтасын ба?! Егізі Айдын екеуі қазақ жастарын тартып, Достық үйіндегі қазақ тілі ұйымы жанынан «Жас тұлпар» деген топ құрды. Алмағайып заманда атауының өзі оларды біраз әуреге салды. Ұлтшылдыққа жол беріп қоя ма деп, тіркетпей де тастаған. Бірақ іске келгенде мемлекеттік ұйымдардан әлдеқайда алда болды. Қолдарында пәрменді парақ болмаса да, Наурыз мерекесінде орталықтан орын алып, қос киіз үй құрады. Әдетте, киіз үйлерге басшылар ғана кіріп жатса, «Жас тұлпар» халық үшін деп есігін айқара ашты. Қазақ ән өнерін насихаттап, әскери бөлімдерде тегін концерттер ұйымдастырды. Сенбі-жексенбі күндері басшыларды шақырып, түрлі тақырыпта дебаттар өткізді. Өкініштісі, ұйымның ғұмыры ұзаққа бармаған.
«Екі ойлы болып жүргенде өзім оқыған музыка колледжіне жұмысқа шақырды. Оқу орнының директоры Владимир Романюк және оқу ісінің меңгерушісі Сергей Косачюк «Міне, кабинет, міне, сағат» деп жұмыс берді. Консерваторияға сырттай оқуға түстім. Содан бастап, шәкірт тәрбиелеп келемін», дейді Ш.Ырысханұлы.
Шалқардың пікірінше, аристократтық деңгейде болған күй өнерін кеңестік кез күйретті. Әйтпесе Тәттімбеттің күйін тартқандар қудалауға түсер ме еді. Айтқандай, Алтай-Тарбағатай күй өнері де елеусіз қалды. Бертін ғана қолға алынып, жүйеленді, кітап болып қатталды.
«2010 жылы Мәдениет басқармасы арқылы күй кітабын шығаруды Мұрат Әбуғазыға тапсырдық. Мен Алматыға барған сайын күйлерді апарып, ол нотаға түсіріп отырды. Әуелде дайын кітапқа қаржы бөлінбей, кейін шықты. Оған Алтай-Тарбағатай мектебінің 100 күйі кірді. Қытайдың Алтай, Іле, Тарбағатай, Моңғолияның Баян Өлгей жағындағы күйлердің бәрі жинақталды. Кітап шыға сала «Шығыстың шыңырау күйлері» деп күйшілер байқауы өтті. 2020 жылы онлайн өткіздік. Соның өзінде 48 күйші қатысты. Кейінгі кездері қаржы мәселесіне байланысты тоқтап тұр», дейді күйші, өнер жанашыры Ш.Ырысханұлы.
Рас, өнер қолдаусыз, қорғаусыз болса қиын. Айтқандай, Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптар оркестріне қазіргі күнде көрерменнің қолдауы ауадай қажет. 2001 жылы Мәдениетті қолдау қорының көмегімен мемлекеттік филармонияның штаттық ұжымы болып құрылған оркестрдің бүгінде құрамы толық. Әрине, ішінара мамандардың жетпейтіні бар. Десе де, дүркіретіп жүрген оркестр Ресейдің таяу қалаларында, маңайдағы аудандарда бірнеше рет өнер көрсетті. Алдағы уақытта түу түкпірдегі ауылдарға барып, концерт беруді жоспарға енгізген.
«1999 жылдары «Өскеменде домбыра тартатын қазақ бар ма?» деген де сөз естігенмін. Қазір намыстың арқасында құндылықты қайтардық. Өнерлі шәкірттерім қаншама?! Біразы Алматыдағы Қазақ ұлттық консерваториясында, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқып жүр», дейді ол.
Шәкірттерімен мақтанып отырған ұстаздың шәкірттері де Ш.Ырысханмен мақтанары анық. Былтыр еңбегі еленіп, Мәдениет саласының үздігі төсбелгісімен марапатталды.
Шығыс Қазақстан облысы