Медицина • 20 Ақпан, 2023

Бруцеллездің белгілері қандай?

1237 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықты әбігерге салып, дәрігердің алдына апаратын сарып дерті оңтүстік өңірдің тұрғындарын алаңдатып отыр. Басқа-басқа, Жамбыл облысында жыл сайын орташа есеппен 150-ге жуық азамат бру­целлездің жеделдетілген түріне шалдығады. Дертке душар болғандардың әрбір үшіншісі ауыр түрін жұқтырып алады.

Бруцеллездің белгілері қандай?

Мамандар келтірген деректерге сенсек, бруцеллез дер­тін жұқтырғандардың әр­бір бесіншісі балалар мен жас­өс­пірімдер екен. Індетке шал­дыққандардың 15 пайыздан астамында ауру созылмалы тү­ріне ауысып, ондаған жылдар бойы адам баласының жүйкесін жұқартады.

«Ауру адамның дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріліп, бас ауруы, қалтырау, әлсіздік секілді белгілер байқалады. Содан кейін буындарда ауырсыну мен ісіну, жүрек-қан тамырлары, жүйке, урогенитальды жүйелердің зақымдануы пайда болады. Бұл құбылыстар кейде жоқ болып кетіп, кейін қайта өршіп, ұзақ уақыт бойы жалғасып, мүгедектік пен жұмысқа жарамсыздыққа әке­ліп соқтыруы мүмкін», дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологі, жұқпалы аурулар ауруханасының кон­суль­тативтік-әдістемелік орта­лығының басшысы Гүлфайра Мырзабекова.

Г.Мырзабекованың айтуынша, 2022 жылы өңірдің 103 тұрғыны сарып дертін жұқтырған. Олардың 26-сы – балалар мен жасөспірімдер. Жасөспірімдердің бруцеллез дертіне жиі шалдыға бастауы кімді де болсын ойландырмай қоймайды.

Бруцеллез дертімен жас­өс­пірімдердің жиі ауыра бас­тағаны байқалады. Аны­ғы­рақ айтар болсақ, бала денсау­лығын қорғау жөніндегі іс-шаралар ұйымдастырудың қиындағаны бізді алаңдатады. Мысалы, бұрын балалар мен жасөспірімдерді мал ша­руашылығына жұмыл­дыр­ғаны үшін нормативті бұзған тұлғалар дер кезінде тиісті жазасын алатын. Қазіргі уа­қытта төрт түлік малдың негізгі бөлігі жеке қолда болып, малды күту жұмыстарына жас та, жасамыс та білек сыбанып кіріседі. Бұл өз кезегінде ем­делуі қиын ауруды жас ұрпақ­тың жиі жұқтыруына әкеліп отыр.

«Жыл сайын және осы жылдың мал төлдету науқаны алдында аудан әкімдеріне, құзырлы мекемелерге және аумақтық санитарлық-эпи­­демиологиялық бақылау бас­қармаларына індеттің алдын алу мақсатында кешенді іс-шараларды жүргізу үшін хат жолданған еді. Өткен жылы бұл түйткіл облыс әкімінің аппараттық кеңес отырысында, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мен денсаулық сақтау басқармасының алқа отырыс­тарында талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды. Бү­гінгі таңда ветеринарлық және денсаулық сақтау мекеме­лерімен біріккен 3 айлық жарияланып, індеттің алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Ұжымдарда әдістемелік іс-шаралар, халық арасында санитарлық ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстары, оның ішінде ауыл шаруашылығы жануарларын күтіп-баптау кезінде жеке гигиена ережелерін сақтау мәселелері қамтылған», дейді жауапты маман.

Оның айтуынша, малды сатып алған кезде ветеринарлық анықтаманы сұрағаннан ешкім ұтылмайды. Бұл өз кезегінде індеттен сақтануға кепіл бол­мақ. Бруцеллезбен ауырған мал­ды өзге төрт түліктің ортасына қоспау керек. Алайда бұрындары туындаған мұндай мәселелерге алдағы уақытта жол берілмейді. Өйткені, адам саулығы – бәрінен де қымбат.

 

Жамбыл облысы