Тұлға • 20 Ақпан, 2023

Ғылым, білім биігінде орны бар

407 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жұртшылық жақсы біледі, Құралбек Құлажанов – көрнекті ғалым, білікті басшы, жоғары мектептің іскер ұйымдастырушысы, ұлағатты ұстаз. Сексеннің сеңгіріне шыққан осынау мәртебелі мерейжасына ол отандық ғылым мен жоғары білім беру ісінің ірі өкілі ретінде үлкен жетістіктерімен келіп отыр. Химия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының, Ұлттық инженерлік ғылым академиясының, Ұлттық жоғары мектеп ғылым академиясының, сондай-ақ бірқатар халықаралық ғылым академияларының академигі Құралбек Сәдібайұлының елге сіңірген еңбегі зор.

Ғылым, білім биігінде орны бар

Заманымыз бір, дәуіріміз бір болған соң, әрі екеуміз де ғылым, білім саласында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқандықтан, Құралбек Сәдібай­ұлын бір кісідей білуім заңды. Орайы келіп тұр­ғанда оның өмір жолына аз-кем тоқ­та­лып өтейін.

Түрлі энциклопедиялық және анық­тамалық басылымдардан оның өмір­бая­нын оңай табасыз, Қ.Құлажанов С.М.Киров атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетін «Химия, органикалық катализ» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін сондағы катализ кафедрасында инженер болып жұмысқа қалды, осы кафед­ра­ның аспиранты болды.

Ол ұзақ уақыт бойы ғылыми жұмыс­пен айналысты, кандидаттық және докторлық дис­сер­тациялар қорғады. Астық өнім­де­рін кешенді өңдеудің ион-озондық технологиясын әзірлеу, «суық» технологиялар негізінде емдік-профилактикалық мақсаттағы жаңа үл­гідегі экологиялық жағы­нан қауіп­сіз тағам өнімдерін жасау, ауыл шаруашылығында мал сүтін өңдеу­дің инновациялық технология­ла­рын әзірлеу, тамақ өнеркәсібі шикі­за­тын, ауызсуды және су ресурстарын лазерлік технология негізінде өңдеу мен сақ­таудың жаңа тәсілдерін жасау – оның ғылыми зерттеулерінің негізгі тақырыбы. Бұл жұмыстар отандық ғылы­ми жетістіктер қатарында жоғары баға­ланды. Бір сөзбен айтқанда, оның барлық зерт­теуі адамдардың тұрмыс-тіршілігін жақ­сартуға арналып келеді.

Қ.Құлажанов – АТУ-де халықаралық стан­дарттарға сай жоғары инженерлік-тех­но­логиялық білім беру және өндіріс­пен ұштастырылған ғылыми-зерт­теу жұ­мыстарын жолға қоя білген бі­лікті де іскер басшы. Осы еңбек­те­рінің нәти­же­сін­де ол республика көле­мінде жо­ғары мектептің ірі ұйым­дас­ты­ру­шы­ла­рының бірі ретінде танымал.

Қызмет өрісін кеңейту, кейінгі буынға тәжірибеңді үйрету, ғылыми зерттеулерге жас ғалымдарды тарту қажеттігі туын­дайтын кез болады. Міне, осындай себептен де 1980 жылы Құралбек Сәдібайұлы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты Алматы филиалының ғы­лыми-зерттеу секторының меңгеру­шісі қызметіне бекітілген соң, жаңа іске өзіне тән жігер­мен құлшына кіріс­ті. Кейіннен филиал директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, Аналитикалық және физикалық-коллоидтік химия ка­фед­расының мең­ге­рушісі, нан өнімдері және тоқыма бұйымдары технологиясы факультеті деканының орынбасары, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары және 1994 жылдан бастап осы филиалдың директоры болып жұмыс істеді. 1996 жылдың мамыр айында Алматы технологиялық институтының ректоры, 1999 жылы «Алматы технологиялық университеті» АҚ-ның ректоры болды, ал 2014 жылдан бастап «Алматы технологиялық универ­си­теті» АҚ-ның президенті қызметін атқа­рып келеді.

Осы орайда осынау оқу ордасы фи­лиал­дан дербес институтқа, содан кейін университетке айналуы Құралбек Сәдібайұлы Құлажановтың тынбас қажыр-қайратының, үлкен біліктілігінің арқа­сында мүмкін болғанын айта кетуі­міз керек. Соңғы отыз жыл беде­рін­де АТУ-дың қалыптасуы, дамуы және қол жет­кізген жетістіктері, ел экономи­ка­сы­ның маңызды да өзекті саласы – жеңіл және тамақ өнеркәсібі үшін қажетті кадрлар даярлануы Құралбек Құлажановтың есімімен тікелей байланысты. Ерен ең­бе­гінің нәтижесінде түрлі деңгейде мара­пат­тарға ие болып келеді.

Академик Құралбек Құлажанов «Құрмет» орденімен, бірнеше мерекелік ме­­дальмен, білім мен ғылымды да­мы­­­ту­ға қосқан зор үлесі үшін ха­лық­­­­аралық Шапталь медалімен (Па­риж), «Ғасыр ғұламасы, академик Н.Назар­баев – ҰҒА алтын меда­лі­мен», Жоғары оқу орындары қа­уым­­дастығының Ахмет Байтұрсынов атын­да­ғы алтын медалімен, Білім және ғы­­лым қызметкерлері кәсіп­ода­ғы­ның «Білім және ғылым қызмет­кер­ле­рінің кәсіподағына сіңірген еңбе­гі үшін» медалімен, «Қазақстан Рес­пуб­ликасының білім беру үздігі», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгі­ле­рімен марапатталған. Қазақстан Рес­­пуб­­ликасының еңбек сіңірген қай­рат­­кері, Мәдениет қайраткері, Жам­­был облысының құрметті азаматы, Сарысу ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның қоғамдық наг­радалар мен атақтар жөніндегі ко­­ми­тетінің шеші­мі­мен «Қазақстан Рес­­пуб­ликасының құрметті азаматы», «Мем­лекеттердің еуразиялық ода­ғы­­ның құрметті азаматы», «Мәскеу мемлекеттік тағам өндірістері уни­верситетінің құрметті профессоры» құр­метті атақтары бар. Ол сонымен қа­тар ардагерлер қозғалысына белсенді қа­тысқаны үшін «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі ше­ші­мімен «Құрмет белгісімен», Кәсіп­кер­лік бастамаларды қолдау қоры кеңе­сі­нің шешімімен «Басқару ісіне сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісімен, Қазақстан Инженерлік академиясы төралқасының шешімімен «Қазақстанның құрметті инженері» белгісімен, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы кеңесінің шешімімен қайырымдылығы үшін «Сауап» медалімен марапатталған және тағы басқа да бірқатар халықаралық, республикалық, қоғамдық маңыздағы марапаттардың иегері. Соның ішінде Халықаралық бизнес Ассамблеясының «Еуропалық сапа» наградасы, «Алтын Үкі» (Женева, Швейцария) наградасы, «Мемлекеттердің еуразиялық одағының құрметті азаматы» ордені бар.

Міне, осы бір толық қамтылмаған аталымдар тізілімінің өзі оның отандық жоғары білім және ғылым саласында аянбай еңбек етіп келе жатқандығының көрінісі іспеттес.

Жоғарыда айтқанымдай, замандас­тар ретінде де, химиктер ретінде де Құралбек Сәдібайұлы екеуміз бір-бірі­міз­ді көптен бері білеміз. Бірақ 1995 жылдан ғана жақын араласа бастадық, ол кезде мен еліміздің Білім министрі болып тағайындалып, Алматыға көшіп кел­генмін. Сол тұста ол Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық инс­титуты Алматы филиалының директоры болатын. Мен бұл филиалдың оқу-лабораториялық және ғылыми жаб­дық­­тармен жарақтандырылуы жағы­нан, сондай-ақ профессор-оқыту­шылар құрамының дәрежесі тұрғысынан не­гіз­гі институттан көш ілгері екенін бірден байқадым. Қай жағынан қарасаң да, бәрі жинақы, тәртіп бар. Филиал жоғары білім ордалары арасында не жылудан, не электр жарығынан қарызы жоқ оқу орындарының бірі еді. Үлгілі болды. Қиын кез еді ғой, қаражат жетіспейді, оқы­ту­шылар мен қызметкерлерге жала­қы беру кешіктіріліп жатты.

Ел Үкіметінің шешімі бойынша оң­тайландыру жүргізіліп, жоғары оқу орын­дарының бірқатары қосылып, бірік­ті­рі­ліп жатқанда Құралбек Сәдібайұлы басқаратын филиал, керісін­ше, дербес университетке айналды, оның үстіне бір өзі ғана солай құрылды. Одан басқа барлық жоғары оқу орындарының фи­лиал­­дары ірі оқу орындарының құ­ра­мы­на қосылып кетті.

Сонымен қатар профессор Құралбек Құлажанов ғылыми-зертеулермен белсене айналысты, тамақ өнімдерінің технологиясы бойынша жас ғылыми мектеп құрды. Осы іргелі зерттеулері үшін ол Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды. Оның бас­қаруындағы «Алматы технологиялық университеті» акционерлік қоғамы ТМД көлемінде белді жоғары оқу орын­дарының біріне айналды.

2022 жылғы маусым айында QS Quacquarelli Symonds Халықаралық рейтинг агенттігі (Ұлыбритания) QS World University Rankings-2023 әлемнің үздік университеттері рейтингінің кезек­ті басылымын жариялады. Осы рейтинг­тің нәти­желеріне сәйкес Алматы техно­ло­гиялық университеті дүние жүзінің 100 мемлекетінің жоғары оқу орындары ішінде 561-570 шепке орнық­ты. Қаншама оқу орындары іріктеуден өте алма­­ғандығын ескерсек, бұл өте жақ­сы көрсеткіш.

Сондай-ақ 2022 жылы Алматы тех­нологиялық университеті QS Stars ха­лық­аралық рейтинг жүйесінің жоғары баға­сына ие болды. QS Stars халықаралық рейтинг жүйесі университеттерді негізгі критерийлердің кең ауқымы бойынша бағалайды. Соның ішінде басты екі санат бойынша: оқыту және жұмысқа орналас­тыру жөнінен университет 5 жұлдыздан алды. QS Stars сарапшылары жүргізген аудит нәтижелері бойынша АТУ жалпы есепте 4 ерекшелік жұлдыздарымен марапатталды. QS жұлдыздары университетке халықаралық аренадағы имиджін арттыра түсу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Алматы технологиялық университеті үшін халықаралық ынтымақтастық оның қызметі мен миссиясының ажы­рамас бөлігі болып табылады. Құралбек Сәдібайұлының тікелей бас­шылығы мен қолдауының арқасында қазіргі таңда АТУ алыс және жақын шетелдердің көптеген жоғары оқу орынымен және ғылыми орталығымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасқан. Соның нәтижесінде университет студенттері мен оқытушыларының шетелдерде білім алып, зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізуіне, біліктілікті арттыру бағ­дарламаларына қатысуына мүм­кін­дік жасалып отыр.

2012 жылдан бері АТУ түлектеріне дипломның еуропалық үлгідегі Қосым­ша тіркемелері (Diploma Supplement) беріліп келеді.

Осында диплом алған мамандар елі­­міздің түкпір-түкпірінде және алыс-жақын шетелдерде тағам өнді­рі­сінің, жеңіл өнеркәсіптің, жалпы экономиканың түрлі саласында, сонымен қатар мемле­кет­тік қыз­метте абыроймен еңбек етіп жүр. Министр болғандары да, өркенді өнді­ріс­ті басқарып жүргендері де бар. Өз түлектеріне жұмыс берушілердің сұранысы жағынан университет еліміз бойынша жоғары оқу орындары арасында алдыңғы қатарда келеді. Бұған, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, аса беделді халықаралық және ұлттық рей­тинг­тік агенттіктердің түрлі сарап­тан сүзгіленіп, әбден пысықталған нәти­желері айғақ. Неге десеңіз, бұл агент­тіктер ең әуелі осы айтып отырған көрсет­кіш­терді басшылыққа алады.

АТУ президенті Құралбек Құла­жа­нов­тың басты назарда ұстап отыр­ған жобасы – университеттің ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметі. Ол «білім – ғылым – инновация – өндіріс» циклін бір желіде дамыту бағытын ұстанып келеді. Университет алдағы уақытта ғылыми-зерт­теу оқу ордасы ретінде дамуды және та­нылуды мақсат етіп отыр.

Ендеше, АТУ республика көлемінде және Орталық Азия шеңберінде бейінді белді де беделді жоғары оқу ордаларының біріне айналды десек, бұл ең алдымен, оның басшысы – президенті академик Құралбек Құлажановтың мұқалмас қа­жыр-қайратының, терең білім-тәжіри­бе­сінің, табанды мақсаткерлігі мен көре­ген жаңашылдығының, зор ұйымдас­ты­рушылық қабілетінің арқасында мүм­кін болғанына ешкім күмән келтіре алмайды.

Міне, ірі химик-ғалым, педагог, академик Қ.Құлажанов осындай жан. Сонымен қатар Құралбек Сәдібайұлын дос-жаран­ның, айналасындағы адам­дар­дың қадір-қасиетін білетін, аса бір мейірбан адам деп танимын. Ол шын мәнінде қарапайым, сенімге берік әрі та­банды да қағидатты ұстанымы бар өз ісіне берілген адам. Құралбек Сәдібайұлының осы жолғы мерейжасы – өміріндегі тағы бір шың, оның алдағы уақытта да өз ұжымымен бірге ғылымда да, жоғары оқу орнын дамыту бағытында да биік белестерге қарай беттей беретініне сенемін.

 

Мұрат ЖҰРЫНОВ,

ҰҒА президенті, академик