Ресей Ғылым академиясының Қалмақ ғылыми орталығы, «Ғылым ордасы» ғалымдары бірлесіп өткізген ғылыми жиынды институт директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі Зиябек Қабылдинов ашып, қалмақтану ғылымының тереңде жатқан құндылықтарын дәріптеу, зерттеу ісінің маңыздылығын атап өтті.
Қалмақ халқының тарихи-мәдени мұрасы, лингвистикасы, көркем құндылықтары мен рухани дәстүрі бүгінде Қалмақ ғылыми орталығы мамандары кеңінен қамтып отырған жобалармен жалғасын табуда.
Алқалы жиын барысында Қалмақ ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Виктория Куканова 1957-1964 жылдардағы «Халмг унн» («Қалмақ ақиқаты») газетіндегі кеңестік фотосуреттер негізіндегі дискурсивті тәжірибелерге қатысты баяндама жасап, аталған орталық моңғол халықтарының және орыс қалмақтарының тарихи-мәдени мұрасын, тілін, ділін, халық ауыз әдебиеті, классикалық және заманауи әдеби үрдістерін, саяси, әлеуметтік және қалмақ халқының этностық тарихын зерттеу ісімен айналысып келе жатқанын атап өтті.
Бүгінде қалмақтану ғылымының бастауында тұрған П.Паллас, Н.Бичурин (О.Иакинф), А.Попов, А.Бобровников, К.Голстунский, А.Позднеев, Г.Рамстедт, В.Котвич, П.Рычков, Н.Рычков, Б.Владимирцов сияқты көрнекті шығыстанушылардың еңбектері зерттеу ісінің өзегіне айналып қана қоймай, осы бағытта С.Козин, Н.Поппе, А.Бурдуков, Б.Пашков, Г.Санжеев жетекшілігімен Ц-Д.Номинханов, Б.Бадмаев, И.Илишкин, С.Каляев және тағы да көптеген аға буын ғалымдар тобы қалыптасуына ықпал етті.
Виктория Куканованың айтуынша, Қалмақ ғылыми орталығында академиялық даярлықтан өткен зерттеушілердің бірнеше буын өкілі жұмыс істейді. Олардың қатарында академиялық институттар мен университеттерде ғылыми тәжірибе жинап жүрген жас ғалымдар да бар.
Басқосу барысында академик, тарихшы-шығыстанушы Қазақстанның орта ғасырлық тарихын, Орталық Азия және Еуразия даласының тарихи географиясы және IX-XVII ғасырлардағы түркі, араб, парсы жазба ескерткіштері, картографиясы бойынша көрнекті ғалым Болат Көмеков қыпшақтанудың ғылыми бағдарына қатысты баяндама жасады.
Екі ел ғалымдары бас қосқан жиында Қазақстан және Қалмақ тарихын зерттеудегі инновациялық ғылыми бағыттарға қатысты пікірлер айтылды. Ғалымдар көшпелі қоғам мен көшпелі мемлекеттіліктің, ежелгі және орта ғасырлардағы қазақ пен қалмақтың тарихына қатысты зерттеулерді жалғастыру ісін қозғады. Осы орайда ХХ ғасырдағы Қазақстан мен қалмақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, Қазақстандағы 1930 жылдардағы жаппай аштық пен қуғын-сүргін, 1943-1944 жылдары қалмақтардың Қазақстан мен Орталық Азияға, Сібірге жер аударылуы, Қалмақ АКСР-нің қайта құрылуы, қазіргі кезеңге дейінгі мәселелер әрі қарайғы жобаларға арқау болатыны сөзсіз.
Конференция барысында «XX ғасырдың 20-50-жылдарындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия материалдары» мен институттың бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Әбдіровтің «Казахский хан в русском государстве» еңбегінің таныстырылымы өтті.
Ғылыми ынтымақтастықты нығайтуды мақсат еткен ғалымдар ортақ жобалар мен ғылыми және ғылыми-көпшілік басылымдарды бірлесіп дайындауға уәделесті. Жас ғалымдарды тағылымдамадан өткізу мәселесіне ерекше назар аудара отырып, екі елдің тарихы, этнографиясы, мәдениеті мен салт-дәстүріне қатысты зерттеулерге орай конференциялар өткізуді жоспарлады. Сонымен қатар Scopus рейтингтік журналдар базасы бойынша ғылыми және әдістемелік-кеңес беру қажеттілігін атап өтті.
АЛМАТЫ