Әдекең тұлғасын үш сипат ерекшелендіреді. Біріншіден, ол – Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды облыстары орман шаруашылығын дамытуға еңбегі сіңген кәсіби маман. Осы саланың ұйымдастырушы-қайраткері. Екіншіден, ол – қоғам қайнауын ішінен сезінген, айналасына, ортасына ізгілікті жол, тәлімді өнеге көрсете білген ел ағасы. Үшіншіден, ол – парасатты отағасы, әулеттің иесі. Күндіз-түні жұмыс істеп, арасында білімін жетілдіріп, рухани мәселелерден шет қалмай, ұл-қыздарын жақсы істерге баулыған азамат.
Біздіңше, Мемлекет басшысы айтқандай, жаңа да әділетті Қазақстанға осындай еңбекқор, кәсіби мамандар мен отбасына жауапты жандар ауадай қажет. Әдекеңдей кісілер аз болды деп айта алмаймыз, бірақ қазір сиреп те қалғаны рас.
Әдиет Ғабдошұлы Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданының Талдыбұлақ ауылында дүниеге келіпті. Бұл 30-жылдардың аштық қырғынынан кейін тұралаған уақыт еді. Әкесі Ғабдош қолынан келгенше бау-бақша өсіріп, соның жемісін ағайын-туысқа үлестіріп, септескен екен. Денсаулығына байланысты Екінші дүниежүзілік соғысқа қатыса алмаса да, әскердегі азаматтарға жер еміп тапқан нәпақасымен жәрдемдесіпті. Қырық жыл «Қайрат» ұжымшарында бау-бақша, көкөніс өсіріп, алма алқабын баптап, өнімін тұтас аудан тұрғындарына жеткізіп, зор абыройға бөленіпті. Имандылығы да бір басына жетеді екен. Оның сыртында ауызша тараған шежірені жинақтағаны да бар. Әдекеңнің анасы Сағира Жүсіпқалиқызы да текті аталардан бата алған, көрегенді жердің перзенті деседі.
Халқымыз «Жемісі көп ағаштың бұтағы төмен» демей ме, қарапайым ғана ауыл ақсақалы сонау Мәскеудің ауыл шаруашылығы көрмесіне өнімдерін апарып, екі мәрте диплом алғанын аудан жұрты аңыз етіп айтатын. Ел ішіндегі «Тасқаланың Мичурині» деген лақап атының өзі не тұрады!..
Осындай еңбекқор әке мен шешенің маңдай тері мен адамшылығын жасынан сіңіріп өскен, өліара кездің опасын көзімен көрген Әдиет мектепте оқып жүргенде-ақ болашақ мамандығын таңдап қойған еді. Мектепті үздік аяқтаған соң сәтімен емтихан тапсырып, Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтының орман шаруашылығы факультетіне оқуға түсті. 1956 жылы таңдаған мамандығын қызыл дипломмен тәмамдаған арманы асқақ жігіт «орман шаруашылығы инженері» мамандығын алып, алғашқы еңбек жолын Батыс Қазақстан облысының «Бударино» орман шаруашылығында бастады.
Әкесі Әдиетке жүйелі үш ақыл айтыпты: «Ешқашан кеудеңді көтермей, қиындықтан қорықпай еңбек ет, әділ шешім шығару үшін өзің әділ жүр, өмірден оқып-тоқуды тоқтатпа!».
Жас орман инженері еңбексүйгіштігі мен батылдығының арқасында арада 5 жыл өткенде, яғни 1961 жылы бас орманшы қызметіне көтеріледі. Үзіліссіз білігі мен тынбай жинаған тәжірибесі оның беделін арттырады.
Әдекең қуаң және шөлейт жерлерге бейімді ағаш өсірудің амал-тәсілдерін меңгереді. Сонымен бірге орманды алқапты «демалдырудың», ағаш көшеттері тамырын қуаттандырудың жаңа технологиясын үйренеді. Осының арқасында 1963 жылы Ақтөбе облысы Мәртөк орман шаруашылығының директоры болып тағайындалды.
Мамандығы мен кәсібіне сәйкес тапсырылған қай істі болсын ынтасымен атқарады. Орман шаруашылығын дамытуға күш-жігер жұмсайды. Өз ісінің шебер ұйымдастырушысы ретінде Әдекең «Бударино» орман шаруашылығы директорлығына шақырылады. Осы шаруашылық Әдиет Ғабдошұлының басшылығымен мыңдаған гектар орман ағаштарын өсіріп, халық шаруашылығына қажетті өндірістік пен құрылыс-жөндеу материалдарын шығарады.
Әдекеңді жай басшы деу аздық етеді, ол сөзі мен ісі жаңылыспайтын, батыл мінезді, байсалды азамат деңгейіне көтеріле білді. Сондықтан да шығар, еліміздің батыс өлкесіндегі орман шаруашылығының табысы, тәжірибесі енді Орталық Қазақстанға да қажет болды. Ел мен сала басшылығы 1972 жылы Әдиет Ғабдошұлын Қарағанды облыстық орман шаруашылығы мен орман қорғау басқармасының басшысы етіп тағайындады. Ал 1975 жылы осы облыстың орман басқармасы басшысы лауазымына көтерілді. Арқа да арқасынан қақты. Былайша айтқанда, Әдекең үш облыстың тәжірибесін сабақтастырған басшы бола білді.
Әдиет Ғабдошұлының болмысы ұстаз, тәлімгер болатын. Ол барлық іске шығармашылықпен, жан-жақты қарап, орман ісінің жаңа буын мамандарын әзірлеуге көңіл бөлді. «Орман – еліміздің тынысын ашатын өкпесі. Әр тал, әр көшет – елдің тағдыры» деуші еді жарықтық.
Орманшы қызметі қаншалықты мазасыз болса да, соғұрлым мәртебелі екенін дәлелдеген Әдекең осы мамандыққа сүйіспеншілік пен жауапкершілікті биік деңгейге көтерді. Қарамағындағы қарапайым қызметшіге дейін бас-көз болып, істен нәтиже шығаруды үйретуден талмады. Қызметі барысында қандай да бір күрмеуі қиын мәселені шешерде үнемі айналасындағы әріптестерінің пікірімен санасып, ұсынысын ескеруші еді.
Орман саласының әлеуетті ұйымдастырушысы Әдиет Ғабдошұлы үшін қызметінің басты қағидаты адамдарға сеніммен қарау, ізденгіш азаматтардың бастамасын қолдау болатын. Дегенмен қатаң болатын жерде қағидатшыл-тын. Теріс нәтиже үшін, шаруадағы келеңсіздік үшін жауапты адамдарды әділ сынай да білді, сыннан қорытынды жасата да алды.
Білікті басшы орман дақылдары мен тұқымдықты өсіру технологияларын жақсарту және орманды жөнімен тұтыну, орман өндірісін тиімді пайдалану бағытында едәуір жұмыс атқарды. Жас орманшы-маман басында үлкен істен жүрегі шайлығып тұрса, тәжірибелі Әдиет Ғабдошұлы оларды әп-сәтте жігерлендіре алатын. Кейін солардың көбі осы саланың білікті, кәсіби маманы атанды.
Әдекең еңбек жолында экологиялық апатты аймақтарда орман шаруашылығы жұмыстарын тиімді жүргізуге көңіл бөлуші еді. Бұған Шалқар ауданында өсірілген қара сексеуіл алқабы дәлел бола алады. Жайылымдарды қорғау үшін отырғызылған қара сексеуіл уақыт өте келе экологиялық ахуалды жақсартып, Шалқар ауданы қой шаруашылығының дамуына оң әсерін берді. Ақтөбе облысында Әдекеңнің басшылығымен орман алқабы 39 мың гектарға ұлғайтылып, мұнда 2 млн-нан аса сан алуан ағаш түрі өсірілді. Бұл – айтқанға ғана оңай іс. Төгілген терді сала мамандары жақсы түсінеді.
90-жылдардағы экономикалық қиындық кезінен басталған орман шаруашылығына деген немқұрайды көзқарас Әдиет Ғабдошұлын қатты мазалайтын. Иә, орман шаруашылығына қаржы жеткілікті мөлшерде бөлінбеді, техниканы жөндеу мүлдем ауызға алынбады. Отыннан тарыққан халық орман ағаштарын да отай бастады. Бірақ орманшылар кәсіпке адалдығын танытып, аз қаржымен барды ұқсатуға тырысты. Туған жерінің табиғатын сүйіп өскен Әдекең зейнетке шықса да, орман шаруашылығынан қол үзбей, білімі мен білігін шау тартқанша атқарды. Сөйтіп, өзін нағыз орманшы екенін мойындата білді. Ақсақал жасында да ізбасарларына ақыл қосып, кеңес беріп жүретін.
Қазақстанның ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қайраткер, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» марапаттарының иесі Әдиет Ғабдошұлы елі мен жері үшін шынайы пейілімен қызмет етті. Әріптестері ол кісіні «орман шаруашылығының сардары» деуші еді.
Ел сыйлаған әкесі Ғабдош ақсақал қиын жылдары ауыл-аймақты қалай еңбегімен бағып-қақса, кәсіби маман, білікті басшы Әдекең де 90-жылдардағы қиындықта әріптестеріне, ет жақындарына сондай жәрдем көрсете алды. Алдына көлденең келгенді көз қиығымен-ақ сабасына түсіретін орман шаруашылығы басшысының жүрегі жұмсақ, пейілі кең еді. Өзінен кейінгі әріптестеріне үлгі болсын деп, «Бес қарыз», «Шежіре» атты еңбектер жазып, жариялағаны да – адами парыз бен зиялылықтың өлшемі.
Ол отбасында да өнегелі отағасы болды. Жұбайы Бағила Сағиқызы екеуі бүгінде елге еңбек сіңіріп жүрген ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиелеп өсірді. Перзенттерінің алды – кешегі Ленинград мәдениет институты мен Новосібір университетінің түлектері. Ішінде ғылым докторы, профессоры да бар. Бәрі – ата-ана арманына лайықты еліне адал қызмет етіп жүрген азаматтар. Бұлардан тараған немере-жиендердің өзі – бір қауым жұрт.
Сексеннен сеңгіріне мойымай көтеріліп, тоқсанның төріне шығар тұста бақиға озған Әдиет Ғабдошұлы туралы айтылар тағылымды әңгіме таусылмайды. Себебі елге табан ақы, маңдай терін аямаған еңбек адамы қашанда халқымен бірге жасай береді.
Есімхан ҚҰРМАНҒАЗИН,
орман шаруашылығының ардагері,
Ақтөбе облысының құрметті азаматы