Қоғам • 21 Ақпан, 2023

Әуежайда фармацевтикалық хаб құрылмақ

198 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана әуежайы тез бұзылатын ауыл шаруашылығы және теңіз өнімдерін, сондай-ақ фармацевтикалық өнімдерді жинақтап тарататын мультимодальді хаб құруға ниетті. Тіпті оған автомобильдер мен оның бөлшектері де тартылатын көрінеді.

Әуежайда фармацевтикалық  хаб құрылмақ

Бастауынан таратып айтар болсақ, кәсіпорын елорда әуе айлағы үшін аталған тауарларды тиеуді, жөнелтуді іске асыратын болады. Бүгінде ел Президентінің тапсырмаларын орындау шеңберінде «Нұрсұлтан Назарбаев ха­лықаралық әуежайы» АҚ транзиттік әлеует­ті және жүк тасымалын дамыту жөніндегі жұмыстарды жалғастырып жатыр.

2020 жылы кәсіпорын өз қызметінің стратегиялық даму жоспарын түзетіп, әуе кемелеріне қызмет көрсету және жанармай құю үшін Қазақстан астанасына шетелдік жүк және транзиттік рейстерді тарту жөніндегі жұмысты тағы да жандандыра түсуді қолға алды. Нәтижесінде, 2021-2022 жылдары 4 мыңға жуық жүк ұшақтарының транзиттік рейсіне қызмет көрсетілді.

Оған қоса, елорда әуежайы бірқатар ірі жүк авиакомпаниясына өз территориясынан орын ұсынған. Бүгінгі таңда Астанада AeroTransCargo, ASL Airlines және Challenge Airlines орналасқан. Сондай-ақ 2022 жылдың аяғы мен ағымдағы жылдың басында Льеж және Люксембург жүк терминалдарында танысу кездесулері және Қазақстанда Turkish Cargo, Air Belgium Cargo және Cargolux-пен табысты келіссөздер өткізіпті.

Астана жүк терминалын дамыту бо­йынша ірі логистикалық компаниялармен ынтымақтастық жалғасуда. 2022 жылы аутсорсингке ауыстыру шеңберінде ALS Logistics компаниясымен келісім жасалған. Ол ағымдағы жылдан бастап қолданыстағы жүк терминалын 40 пайызға кеңейтуге және ауданы 1800 шаршы метр жаңа нысан тұрғызуға қаражат салуға міндеттенеді.

Сөйтіп, әуежай аумағында қойма­сы бар басқа жүк операторларымен ынты­мақ­тасады. Атап айтқанда, e-com­merce жүктеріне қызмет көрсету үшін жеке терминал құру жоспары да жоқ емес. «Қаз­пошта» мен халықаралық пошта алмасу пунктін (ММПО) құру туралы уағда­лас­тыққа қол жеткізілді. Ал жоғарыда айтыл­ғандай «СК-Фармациямен» ын­ты­мақ­­тастық шеңберінде әуежай аума­ғын­да фармацевтикалық хаб құру көзделіп отыр.

Тағы бір маңызды шара, өткен жылы әуежайды дамытудың 2052 жылға дейінгі бас жоспары әзірленген. Жаңа стратегия теміржол, автомобиль және әуе жүк тасымалдарын қосу үшін әуежайға теміржол инфрақұрылымын әкеле отырып, мультимодальді хаб құруды көздейді.

Мультимодальді хаб елордалық әуе айлағы үшін жүктердің жаңа түрлерін – тез бұзылатын ауыл шаруашылығы өнімдерін, теңіз өнімдерін, автомобильдер мен автомобиль бөлшектерін, сондай-ақ халық тұтынатын тауарларды тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Таяу Шығыс елдері мен Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын дамыту жөніндегі жұмыс тағы да жанданады.