Мүмкіндікті арттыратын арнайы мектептер
Мүгедектігі бар, жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасында тәрбиеленетін, ата-анасы мүгедек балалар қашанда мемлекеттік қолдау шараларымен жан-жақты қамтылып келеді. «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры (ҚЭҚ) тарапынан ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар бұл санаттағы балалардың өмірге деген құлшынысын жандырып, арман-мақсатына қанат бітіріп, одан сайын жігерлендіріп жатыр.
Қор бастамасымен қолға алынған игі жобаның бірі – Арнайы мектеп ұйымдарын жарақтандыру бағдарламасы. Жоба аясында екі жыл ішінде ҚӘҚ қаражаты есебінен ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 98 арнайы мектептің материалдық-техникалық базасы нығайтылады.
Еліміздегі барлық арнайы мектептің жұмысын үйлестіретін Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығына да жаңарту жүргізіледі. Осы мақсатта қор 2 млрд 764 млн теңге бөледі.
Өткен жылдың соңына қарай қор алғашқы арнайы мектепті жарақтандыру жұмысын аяқтады. Бұл – Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы «№7 арнайы мектеп-интернаты. Мектепте 123 бала оқиды. Оның ішінде мүгедек балалар, жетімдер мен қамқорлыққа алынған балалар бар. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін заманауи білім беру және тәрбиелеу ортасын құруға жәрдемдесу мақсатында қор арт-терапия, музыка кабинеттерін, қыш өндіру шеберханасын, акт және спорт залдарын жалпы сомасы 37 млн 58 мың теңгеге жаңартты.
«Мектепте өте қабілетті және дарынды балалармен таныстық. Олар – түрлі шығармашылық байқаулардың жүлдегерлері. Осылайша балалардың әлеуетін одан әрі дамыту, қоғамға бейімдеу маңызды. Бұл ретте арнайы білім беру ұйымдарының қазіргі жағдайына назар аудару керек. Себебі мектептер тиісті деңгейде қаржыландырылмайды. Сондықтан қор арнайы мектептерде ерекше балаларды оқыту, дамыту және әлеуметтендіру үшін қолайлы жағдайлар жасау үшін осы бағдарламаға бастамашылық жасады», деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.
Аталған мектепте 45 педагог жұмыс істейді. Мұғалімдердің айтуынша, арт-терапия кабинетіндегі сабақтар ерекше баланың физиологиялық, психологиялық, зияткерлік мүмкіндіктерін аша түседі.
«Балаларға сурет арқылы сөйлесу оңайырақ. Сурет бойынша баланың ойын түсініп, алаңдаушылығын көре аламыз, онымен жеке әңгімелесіп, сабақ өткіземіз. Сондықтан мұндай кабинеттің пайдасы зор әрі балалар үшін жақсы мүмкіндік», дейді бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Оксана Бон.
Қыш шеберханасына өндірістік материалдар, мамандандырылған жиһаз, мультимедиялық экран, күйдіруге арналған муфель пеші, қыш жасау дөңгелегі сатып алынды. Мұның бәрі бала қолының ұсақ моторикасын, байқағыштығын, қиялын, сөйлеуін және кеңістіктік бағдарын дамытуға ықпал етеді.
«Жаңартуға дейін мұнда әдеттегі музыка кабинеті болған. Қазір бөлмеміз жайлы және заманауи музыка кабинетіне сәйкестендірілді. Қор фортепиано, мультимедиялық жабдықтар, жиһаз және басқа да дүниелерді сатып алды. Балалардың эмоционалды күйі әлсіз, сондықтан музыка сабақтарымен айналыса отырып, хор оркестріне, хореографиялық қойылымдарға қатыстырамыз. Осылайша олар музыканы тыңдауды және түсінуді үйренеді», дейді педагог-дефектолог Светлана Калюга.
Балалардың ата-аналары да оң өзгерістерді байқап, ерекше балаларды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
«Мен бес жыл бұрын ұлымды осы арнайы мектепке алып келдім. Баламның сөйлеуінде кешігу байқалады. Қазір ол бесінші сыныпта оқиды және осы уақыт ішінде мұғалімдер үлкен жұмыс атқарды. Балаларға ерекше назар аударғаны үшін барша қауымға, сондай-ақ қорға алғыс айтқым келеді. Балаларымызға көбірек көңіл бөліп, бағалайық», деді ата-аналардың бірі Денис Фраш.
Әлеуметтік санаттағы студенттер де – назарда
Сонымен қатар қор халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан студенттерге білім беру гранттарын бөліп жатыр. Қордың бұл қайырымдылық бағдарламасы биыл алғаш рет 2022-2023 оқу жылында қолға алына бастады. Грант бакалавриат бағдарламалары бойынша 1 млн теңгеге дейінгі оқу құнын өтейді және оқуға түсу үшін ҰБТ-ның қажетті өту балын жинаған, мемлекеттік немесе өзге грант алмаған талапкерлерге, сондай-ақ байқау шарттарына сәйкес ақылы бөлімдердің студенттеріне беріледі. Бүгінде 2 267 студент осындай гранттың иегері атанды. Қор оқу ақысы мен шәкіртақыны төлеуге 9 млрд теңгеден аса қаражат бөледі. Бұл бағдарлама аясында студенттер 86 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқып, стипендия алады. Грантты өтеудің қажеттілігі жоқ және шәкіртақы үлгерімге қарамастан төленеді.
Аталған грант иегерлерінің бірі – қостанайлық Мейрам Иманов. Құлағының мүкісі бар жігіт А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің денешынықтыру бөлімінің бірінші курсында оқиды.
«Бала кезімнен спортпен шұғылданамын және әрдайым осы мамандыққа түсуді армандайтынмын. Өкінішке қарай, биыл мемлекеттік грантқа түсе алмадым. Алайда Президентіміздің бастамасымен құрылған қор маған тегін білім алуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта мен – үстел теннисінен спорт шеберімін және футболдан спорт шеберіне үміткермін. Болашақта мұғалім атанып, ерекше балаларды оқытуды көздеп отырмын. Оқу үрдісі өте ұнайды. Университет нағыз маман атану үшін сапалы білім беріп жатыр», дейді М.Иманов.
Білім беру гранттарын алу үшін осы оқу жылындағы талапкерлерден барлығы 740 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 729 студентке грант тағайындалды. Бұған қоса ақылы бөлімде оқып жатқан студенттер арасындағы гранттар байқауының нәтижесінде 1 538 студент қор грантына ие болды.
Стипендияларды қоса алғанда 2022-2023 оқу жылына арналған бағдарламаның бюджеті 2 455 600 теңгені құрайды. Ал бағдарламаның 4 жылға арналған (грант және стипендия) жалпы бюджеті – 13 млрд теңге.
Денешынықтыруды дамытуға ден қойылды
Қордың спорт саласындағы мәселелерге назар аударуына екі мыңнан аса жұртшылық өкілдерімен өткізілген онлайн-конференциялар мен көшпелі жиындар барысында айтылған ұсыныстар негіз болды. Бұл ретте қор 4 қайырымдылық жобасын іске асырып жатыр. Атап айтқанда, ауылдардағы спорт залдарды жарақтандыру, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған денешынықтыру-сауықтыру клубтарын жабдықтау, пара-хоккейден Қазақстанның жалғыз құрамасын спорттық жабдықтармен қамтамасыз ету және пара-атлеттерге протездер дайындау жобасы.
«Мәселемен жүйелі түрде айналысу мақсатында қор спорт залдарды жабдықтайды деп шешілді. Осыған дейін демеушілердің қолдауымен ауылды жерлерде спорт залдарды ашып жүрген «Батыр боламын!» қоры бізге жүгінді. «24 спорт залы» бағдарламасын бастап, өткен жылы спорт инфрақұрылымы әлсіз немесе мүлдем жоқ шалғайдағы ауылдар мен елді мекендерде 23 залды жабдықтадық. Ғимарат жергілікті билік пен меценаттардың есебінен беріліп жөнделсе, қор жабдықтармен және спорттық мүкәммалмен қамтамасыз етті», дейді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев.
Жабдықталған 23 залда ауылдардағы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 1 750 бала бокспен, күреспен, дзюдомен және басқа да спорт түрлерімен үнемі айналысуға мүмкіндік алды. Спорт залдарға күрес кілемдері мен қаптар, еден жабындары, жаттығу манекендері, сондай-ақ гантельдер, киім-кешек, бокс қолғаптары мен шлемдер, арқандар, спорттық жинақтар сатып алынды. Жергілікті жаттықтырушылар шақырылып, балаларға үйірме жұмысын өткізеді. 24 залды ашуға қор тарапынан 183,6 млн теңге бөлінген.
Мәселен, Атырау облысының 1,5 мыңға жуық адам тұратын Бөдене ауылында спорт залының ашылуы үлкен жаңалық болды. Осы ауылдың баласы Мырзабек Қуанышбек қуана-қуана күрес секциясына жазылыпты. «Бұрын біздің ауылда мұндай зал мен күресуге арналған спорттық құрал-жабдықтар болмады. Осындай үйірмеге барғысы келетін балалар саны өте көп. Сондықтан жасалған мүмкіндікті барынша пайдалануға тырысамыз», деді ол.
Қор әдеттегі спорт секцияларына қатыса алмайтын ерекше балаларға арналған спорт залдарын жабдықтау жобасын іске асырып жатыр. Балаларды бейімделгіш спортқа баулып жүрген «Жас жауынгер» денешынықтыру-сауықтыру клубының табысты тәжірибесі қолданылды. Балаларды оңалту клубының әдістемесі бірнеше жыл бойы жоғары тиімділігін дәлелдеп келеді. Өткен жылдың қазан айында қор қызметкерлері «Жас жауынгер» жаттықтырушылар құрамымен бірлесіп «Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған бейімделген бокс, армспорт» оқу бағдарламасына авторлық құқықты растайтын ғылыми патент алды. Тұрақты қатысудың нәтижесінде жүру қозғалысы шектелген әрі жаттығуға үйренбеген балалар ширап, алғашқы қадамын жасай бастады. Сондықтан қор жобаны «Тұсаукесер» деп атады. Жобаның Астанада ашылған залына қатысып жүрген балалардың бірі – 10 жасар Ернұр. Анасы Бақытгүл Құрманбекованың айтуынша, үш жыл бұрын Қызылордадан елордаға көшіп келген сәттен бастап Ернұр үйірмеге қатысып келеді. Осы уақыт ішінде қолы мен аяғындағы бұлшықеттер нығайып, қимылы ширай түсіпті.
«Мемлекеттік қамтамасыз ету аясында сал ауруы бар балаларға жылына бір рет оңалтуға квота беріледі. Бұл – өте аз. Өйткені балалар күн сайын жаттығуы керек. Қызылордада тұрған кезімізде жылына Астанаға екі рет баратынбыз. Бірінші рет квота бойынша тегін ем алып, кейін ақылы бөлімге жүгінетінбіз. Ем-дом кешенді жүргізіліп, баламды аяғына тұрғызу үшін Астанаға көшуді шештік. Сосын осы үйірмеге бара бастадық. Сенбейтін шығарсыз, бірақ оң қолы мен аяғын әлсіз қозғалтып келген Ернұр ақырындап нәтиже көрсете бастады. Бұлшықеттері мен аяқ-қолындағы күші арта түсті. Үйірмеге баласын әкелетін ата-ана көп. Баласының жүре бастап, өз-өзіне қамқор бола алатынына үміті зор. Сондықтан мұндай денешынықтыру-сауықтыру клубтары бүкіл ел бойынша ашылу керек», дейді Б.Құрманбекова.
Қордың серіктесі «Жас Жауынгер» ұйымы қажетті ғимарат пен жаттықтырушылар тобын анықтайды. Қазіргі таңда ҚӘҚ жобасы Семей, Атырау, Шымкент, Алматы және Астанада ашылып, оған 200-ге тарта ерекше бала барады. 37,4 млн теңге сомаға залдар қажетті жабдықтармен және мүкәммалмен жабдықталған.
«Қазақстан халқына» қоры параспорттың дамуына да үлес қосып жатыр. Өткен жылдың күзінде қорға Астана қаласының пара-хоккей федерациясы жүгінді. Федерация негізінде пара-хоккейден Қазақстанның бірінші және жалғыз құрамасы құрылған. Параспортшылардың тәжірибесі мол, талай чемпионатта жетістікке қол жеткізген. Алайда жарыстарға сонау 2017 жылы сатып алынған құралдарымен қатысып жүрді. Ал спорттық мүкәммалдың қызмет мерзімі – небәрі 5 жыл. Осылайша қор қазақстандық құраманың пара-хоккейден халықаралық жарыстарға дайындалуы және қатысуы үшін спорттық бұйымдарды сатып алуды қаржыландырды. Командаға 12,4 млн теңге сомаға 50 сырғытпа таяқ пен 16 шана сатып алынды. Жаңа сырғытпа таяқтармен Қазақстан құрамасы С пулындағы Таиландтағы чемпионатта күміс жүлдегер атанып, жоғары лигаға жолдама мен В тобының чемпионатында ойнауға мүмкіндік алды. Енді спортшылар көктемде Словакия құрамасымен өтетін жолдастық кездесуге дайындық үстінде.
Сонымен қатар қор еліміздің параспортшыларына арналған спорттық-жүгіру протездерін жасау бойынша қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асыруды бастады. Дәл осы паралимпиадалық спорт түрінде Қазақстан ұсынылмаған, оған спорттық протездердің қымбаттығы да себеп. Ұлттық паралимпиада комитетінің мәліметі бойынша, елде 70-ке жуық аяқ-қол ампутациясы бар спортшы бар және тек бір ғана спортшының жүгіруге қатысуы үшін спорттық протезі бар. Қор жалпы сомасы 113,4 млн теңгеге 10 протез әзірлеуді жоспарлап отыр. Әрбір протездік-ортопедиялық бұйым жеке болғанымен, спортшы ауыстырылған жағдайда салыстырмалы физикалық параметрлері ұқсас кез келген параспортшы оны пайдалана алады. Қазіргі уақытта «Фармас» ЖШС өндіруші компаниясы протездерді дайындау үшін қажетті өлшемдер алынған екен.
Қайыры мол қордың әлеуметтік санаттағы балалар мен жастарды өмірге бейімдеу, мүмкіндіктерін арттыру бағытындағы ілкімді істерінің бір парасы осындай. Алдағы уақытта мұндай шарапаты мол шаралардың ауқымы одан сайын ұлғайып, шаттыққа бөленетін қарапайым халықтың қатары арта түседі деп сенеміз.