Алакөлдегі резиденция бұған дейін облыс әкімі мен түрлі қонақтарды қабылдайтын қонақүй болса, енді балалардың демалыс немесе сауықтыру орталығына айналады. Жалпы, аталған нысан Ақши ауылында орналасқан. Ал балалар орталығы былтыр Үшарал қаласында ашылған еді. Қуанышты жаңалықты өңір басшысы алакөлдіктермен кездескенде айтты.
«Бүгін «Жансая» балаларды оңалту орталығының жұмысымен таныстық. Ашылғанына 6 ай болған, қазір оған 20-дан астам бала барып жүр. Мұнда балаларға медициналық көмек тегін көрсетіледі, түрлі коррекциялық-оңалту сабақтары өткізіледі, балалар сурет салады, демалады, емдік денешынықтырумен айналысады. Ата-аналар балаларын еш алаңсыз күні бойы қалдырып, жұмыстарына бара бере алады. Егер балалар шалғай ауылдардан келсе, онда жатын орынмен де қамтылады. Тамағы да, басқа да қажеттіліктері ұйымдастырылған. Бұдан әрі де тигізер пайдасы еселене түссін деген мақсатта «Жансая» орталығына аудан әкімдігінің резиденциясын беруді ұсынып отырмын. Ақши ауылындағы шағын коттедж үйде жазғы уақытта балалар Алакөл суына шомылып, денсаулықтарын түзей алады», деді Б.Исабаев.
Одан кейін аудан әкімдігіне жаңа демалыс маусымы басталғанға дейін ғимаратты жөндеу, оңалту орталығының балансына өткізіп беру жұмыстарына қатысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар нысанды ашуға жергілікті бюджеттен 230 млн теңге бөлінген. Бұл қаражатқа қараусыз қалған ғимаратты ретке келтіріп, қажетті жабдықтар мен жиһаздар сатып алынды, іргелес аумағы абаттандырылды, балалар ойын алаңы салынды. Соның нәтижесінде былтыр «Жансая» балаларды оңалту орталығы ашылды. Орталық 50 орынға лайықталған, әзірге онда Алакөл ауданының әр түкпірінен 21 бала барып жүр. «Инватакси» қызметтері де ұсынылады.
Ғажабы сол, мұнда ерекше қажеттіліктері бар балалар облыстан тыс жерлерге шықпай-ақ ақысыз, тегін толық емдеу курсынан өтеді. Орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған, аутизм, Даун синдромы, церебралды сал ауруы диагнозы бар балаларды оңалту шаралары жүргізіледі. Оңалтуға бару үшін ВТЭК-тен тиісті жолдама мен жеке оңалту бағдарламасын алу қажет. Орталықта Монтессори кабинеті, физиотерапия, емдік денешынықтыру кабинеттері, массаж және сенсорлық бөлмелер жұмыс істейді, тұз шахтасы бар, психолог, логопед, дефектолог мамандар тиісті медициналық қызмет көрсетеді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, мұндай орталықтар Сарқан, Панфилов және Қаратал аудандарында жұмыс істейді. Кербұлақ ауданында да Балаларды оңалту орталығын ашу жоспарланған.
Жетісу облысы