21 Маусым, 2014

Алтын діңгек

408 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Мерейли отбасыҮйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларын қамтыған «Мерейлі отбасы» байқауының

Атырау облысы бойынша жеңімпаздары

Бешимовтер отбасы-1

Бешімовтер әулеті байқаудың бас жүлдесіне ие болды

«Қара алтын» селін тасытушылар

Жылыой ауданындағы Қосша­ғыл кен орнының ашылу тарихына шолу жасасақ, ел аузындағы аңызға бергісіз әңгіме желісі былайша өріледі: Бешім Қызылбасов деген қарт 1926 жылдың жаз айында көрші ауылдан келе жатып, шағылдар арасындағы қара қоңырланған жерді байқайды. Атынан түсіп, зер сала қарағанда қою қара майдың жиналып қалғанын аңғарады. Мұнай туралы, оны игеруге талпыныс жөнін­де желдей ескен жағымды жаңалықтардан үнемі хабардар, көзі ашық, көкірегі ояу Бешім қарт жер бетіне шыққан майды торсығына құйып, топырағын дорбасына салып алады. Қозы­көш жерден үйіне келген соң тор­сығындағы майды отқа жағып көреді. Пышырлап алаулай жанған майды мұнай деп топшылаған Бешім қарт оны шалғай болса да Доссордағы мұнай кәсіпшілігіне жеткізу үшін атына мініп, желе жорта жөнеледі. 1911 жылдан бері Доссор­­­дың жоғары сапалы қара алтын селін тасытып жатқан мұнай кәсіпшілігіндегілер торсығына мұнай, дорбасына майлы топырақ салып әкелген ауыл ақсақалын жылы ұшырай қарсы алады... ...Кейінірек сол Бешімнің өзі Қосшағыл деп қойған кен орнын өнеркәсіптік игеру 1935 жылы басталады. Дәл сол жылдың 23 қыркүйегінде Қосшағыл кәсіпшілігі құрылуымен Жылыой ауданында мұнай игерудің алғашқы қадамдары жасалады. Бұрын мал мен құстан өзге ештеңе көрінбейтін ен далада техниканың гүрілі естіліп, әр төбенің басында отырған ауыл жас­тары өндіріске тартылады. Бірақ, тағдыр Бешім қартқа туған дала төсіндегі дүбірлі еңбекті, мұнай барлайтын, өндіретін технологияның тетігі қазақ жастарының қолына тигенін көруді жазбаған екен. Ол кәсіпшілік құрылардан екі жыл бұрын, 1933 жылы өмірден озады. Дегенмен, оған кейіннен «Қосшағыл кен орнын алғаш ашушы» деген атақ беріліп, геологтарға мұнай көзін тауып бергені үшін өмірлік жәрдемақы тағайындалыпты. Оны әкесімен бірге күні-түні геологтармен аралас-құралас жүрген үлкен ұлы Мұқан алып тұрған. Неге екені белгісіз, Мұқан 1951 жылы өмірден озғанда, жәрдемақыны төлеу де тоқтап қалады. Жалпы, Бешім Қызылбасовтың ұлдарының бәрі дерлік Қосшағыл кен орнын игеруге атсалысқан. Ердәулет, Бердәулет дейтін екі баласы соғыс жылдарында бұрғышылыққа жұмысқа алынып, кейіннен атақты бұрғышы, бұрғылау шебері, мұнай өндіруші оператор болып абыройлы еңбек еткен. Төремұрат, Нарымбай есім­ді балалары да еңбек жолын осы кен орнында бастап, 1939 жылы фин соғысына аттанған. Екінші дүниежүзілік соғыстың қан майданынан екеуі де елге оралған жоқ. Ең кіші баласы Мизам ғана ұзақ жылдар мұнай саласында ең­бек етті. Бұл күндері Бешім қарт­тың ұрпағынан тараған 50-ге жуық немере-шөберелері мұнай өнер­кәсібінің білгір мамандары атанып жүр. Сондай немерелерінің бірі – Наурызғали Ердәулетұлы Беші­мов. – Мамандық таңдауыма, өмірім­нің дұрыс арнаға түсуіне жол сілтеген екі азаматтың адам­гер­шілік, ағалық көмегін әлі күнге ұмытпаймын. 1951 жылы мектеп бітіріп, енді оқуға аттанамын деп тұрғанда әкем қайтыс болды. Әкем менің бала кезімде: «Мәскеуде мұнай оқуы бар, сені соған оқытамын», дейтін еді. Бірақ, әкем дегеніне жете алмады. Тұрмыстың қиын кезеңі ғой, қапелімде жұмыс табу да оңайға түспеді. Құрман Бисенов деген көрші тұратын ағай мені Комсомол кәсіпшілігінің директорына ертіп апарып, жөндеушілікті үйренуші етіп жұмысқа орналастырды. Сол кәсіпшіліктен бір жылдан соң Мәскеудегі мұнай институтына оқуға аттанарда мекеме басшысы Қуаныш Құдабаев ағай: «Жолыңа жаратарсың»деп маған 300 сом ақша берді. Бұл менің екі баламен ауылда қалған анамның екі жылдық зейнетақысына тең қаржы еді. Осындай адамгершілігі мол азаматтардың қамқорлығы арқасында Мәскеуден білім алдым. 1958 жылы мұнайшы-инженер мамандығымен еңбек жолымды Бешім атам «қара алтын» тапқан Қосшағыл кәсіпшілігіндегі №1 учаскеде оператор болып бастадым. «Құлсарымұнайгаз», «Жайық­­мұнайгаз», «Теңізмұнай­газ» секілді ірі кәсіпорындардың басшылық қызметіне дейін көте­ріліп, Шафих Ізбасов, Саламат Мұқашев, Оңайбай Көшеков сынды азаматтардың сенім білдіруімен Мақат ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқардым. Осы қызметте жүріп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д. Қонаевтың қабылдауында болғанымды әр кез еске алып жүремін. Қайда жүрсем де Бешім атам салған мұнайшылық кәсіптегі отбасылық жолдың үзілмеуін ойлайтын едім. Қазір, шүкір, ата жолын жалғастырған балалар, немерелер бар, – деп еске алады өткен күндерін ардагер мұнайшы Наурызғали Ердәулетұлы. Бешім қарттан бастау алған әулет­тің шежірелі еңбек жолын зей­нет жасындағы Наурызғали аға­ның балалары жалғастырып келе­ді. Балаларының бәрі де берісі Алма­тыда, әрісі Мәскеуде мұнай­­­­шы­лыққа баулитын институт бі­тіріп, бұл күндері бір-бір мекеме­нің білікті басшылары атанып отыр. Мәселен, Сатыбалдысы еңбек жолын Бешім атасы мұнай тапқан Қос­шағылда ­бастап, қазір Құлсары мұнай дайындау және айдау цехына басшы­лық етіп жүр. Асылбегі Құлсары мұнай айдау басқармасының бастығы. Қызы Сақина «Теңіз­шевройлда» жетекші маман, кіші қызы Дәрігүл мұнай дайын­дау және айдау цехының опера­торы болып жұмыс істейді. Келін­дері Ақ­мамық пен Тоғжан да өз нәсібін мұнай-газ саласынан тауып жүр. Бұл күнде Наурызғали қария немерелерінің әжесі атанған Қа­лыш апаймен бірге елдің тыныш­тығы мен ұрпағының амандығын тілеп отырады. Жылыой ауданы. Хасановтар 01

Балалар үйінен 6 ұл-қызды асырап алып, бауырына басқан

Хасановтар әулеті екінші жүлдеге лайық деп танылды

Жан жылуы

Біреудің баласы түгілі, өзінің баласына жан жылуын төге алмайтындар кездесіп жатқанда, Хасановтар әулетінің балалар үйінен бір емес, алты ұл-қызды асырап алып, бауырына басуы талайды таңдандыратын шығар. Асылбек пен Қалының бұл қадамға баруына не себеп болып еді? Отбасының тұңғышы – Айнамгүлдің сынып жиналысына барған Қалы мектеп-интернат балаларын патронаттық тәрбиеге алуға болатындығын естіп, ері Асылбекпен ақылдасуды қажет деп тауыпты. Осындай ойға бекінген Қалы дастарқан басында ері Асылбекпен шүйіркелесіп отырып, «Мектеп-интернаттан бір бала асырап алсақ...» деген ұсынысымен бөлісіпті. Қай кезде де ақылдасудан, бір-біріне қолдау білдіруден тартынбайтын ерлі-зайыптылар көп уақыт өткізбей, ертеңіне-ақ Атырау қаласына жол тартыпты. Қалаға жетісімен бірден «Ақбота» балалар үйіне маңдай тіреп, келген жанға жәудірей қарайтын ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың ортасынан табылады. Балалардың бәрі де әсем, бәрінің көзінен үміт оты көрінеді. Бастапқыда өздері қалаған бір баланы асырап алуға бекінгенде, оның төрт ағайынды екендігі анықталады. Ағайындылардың біреуін асырап алып, үшеуін балалар үйінде қалдыруға бола ма? Асылбек пен Қалы балалар үйінен Азамат, Айжан, Альфия, Азат есімді қазақ­тың төрт баласын бірден бауырына басып, жан жылуын аямай төкті. Сол кезде ата-ананың аялы алақаны мен мейірі­мін аңсаған төрт баланың қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес-ау! Хасанов­тардың өзгенің балаларын бауырға басуға талпынған өзгеше қадамына ауылдастары бастапқыда таңданып қарағанмен, кейін оларды қолдаушылар қатарынан табылды. – Хасановтар отбасы тұратын Еспол ауылының тұрғындары да төрт баланы еш жатырқаған жоқ. «Асыл­бек пен Қалының бала­­ла­ры өте тәрбиелі», деп ауылдастары ерекше мейірімділік таныт­ты», – деп толғанады Индер ауда­нын­дағы қаламгер-әріптесіміз Сүйеу Халықов. – Асылбек пен Қалы – ауыл­дың сыйлы адамдары. Жаны таза, жүрегі ақ оларды жерлестері ерек­ше құрмет тұтады. Олармен әңгі­мелесе қалсаң, тек балаларының жетістігін, қуанышын айтуды ұнатады. Жүрегі мейірімге толы қазақтың қарпайым келіншегі – Қалы араға оншақты жыл салып, тағы да отағасы Асылбекке қолқа салыпты. Төрт ағайынды баланың есейіп келе жатқанын, оларға артынан еретін іні-қарындастың қажеттігін тігісін жатқыза жеткізіпті. Сөйтіп, ерлі-зайыптылар былтыр тағы да Атыраудағы «Ақбота» балалар үйіне барыпты. Мұндағы тәрбие­шілермен, басшылармен ақыл­дасып, Ерасыл мен Бәтиманы Еспол­дағы үйіне әкеледі. Олардың осындай мейірбандығына ауылдас­тары тағы да қуанады. Хасановтардың отбасындағы үлкен ұл – Азамат «Қашаған» кені­шінде жұмыс жасайды. Аль­фиясы Атыраудағы Қатира Дүтбаева атындағы педагогикалық колледжде білім алып жүр. Бұлардан кейінгі Азат пен Ерасыл және Бәтима ауылдағы мектептің үлгілі, тәрбиелі шәкірттері. Индер ауданы.

Аккайсиевтер отбасы-1

Аққайсиевтер әулетінің өнегесі бірінші жүлдемен аталып өтті

Мәуелі бәйтерек

Махамбет ауданында Үмбет Аққайси­ев дейтін еңбек ардагері тұрады. Үмбет ағамыз қатардағы еңбек ардагері емес, өзінің еңбекқорлығымен есейіп, іскерлі­гімен шыңдалған адам. Алғашқы еңбек жолын Индер ауданында ферма зоотех­ни­гінен бастапты. Жас болса да шаруашылықты өркендетуге белсене араласыпты. Малшыларды, өзге де сала мамандарын ортақ іске жұмылдыра білетін жас маманға үш жылдан кейін «Құрмет Белгісі» ордені беріліпті. Бұл енді жас маманды жігерлендіреді, талпындырады. Индердегі шаруа­шылықты басқаруда таныла бастаған Үмбет Аққайсиев кейін Махамбет ауданындағы сүт зауытын басқаруға жіберіліпті. Басшылардың бұлайша таңдау жасауына Аққайсиевтің жаңа­шыл­дығы ұнаған болуы керек. Үмбет Аққайсиевтің өмірлік жары Сақыпжамал Орынғалиқызы Индер ауда­нындағы орта мектепке алғаш келген шет тілінің маманы еді. Өзінің шәкірт­те­рін білімнің қайнар бұлағынан молы­нан сусындатуды ойлаған ұстаз бұл ісін тек он жылдай ғана атқара алды. Жас­тық жа­лынымен жарқырай көрінген мұғали­­маны шаруашылық, мектеп басшылары, ауылдық кеңес депутаттары 1973 жылы Горы ауылдық атқару комитетінің төрайымы қызметіне ұсынады. Міне, осы кезден бастап Сақыпжамал апайдың мансабы өсе береді. Ауылдың мәдениетін көтеруге білек сыбана кіріскен ол кейін Махамбет аудандық партия комитетінің хатшылығына тағайындалады. Осылайша Аққайсиевтер әулетінің отанасы Махамбет аудан­дық партия комитетінің хатшысы қыз­метінде он бір жыл, халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитетінің төрайы­мы лауазымында төрт жыл жұмыс жасап­ты. Бір кездері Алматыдағы жоғары оқу орны қабырғасында танысып, қол ұстаса Атырауға келген қос жас –Үмбет пен Сақыпжамал бұл күндері жапырағы жайылған мәуелі бәйтерекке айналды. Екеуі де «Махамбет ауданының құрметті азаматы» атанды. Қазір олардан өрбіген ұл-қыздары экономиканың әр саласында жемісті еңбек етіп жүр. Ұлы Арман Қарағанды жоғары милиция мектебінде, кейін Атырау мұнай және газ институтында жоғары біліп алды. «Енемнің өнегесінен көп нәрсені үйрендім», дейді келіні Альбина. Ұдайы қарапайымдылығы мен кішіпейілдігінен айырылмаған Үмбет пен Сақыпжамал Аққай­сиев­тердің өнегесі ұрпағына жұғысты болыпты. Оған немерелерінің бі­лім алуға талпынысы мен еңбек­пен тапқан нанның дәмі тәтті бола­тын­дығын ұғынуы дәлел бола алады. Махамбет ауданы.

Шаяхметовтер отбасы (1)

Шаяхметовтер әулетіне үшінші жүлде берілді

Ұлттық дәстүрдің ұлықтаушысы

Құрманғазы ауданында тұратын Мұқар Шаяхметовті 2002 жылдан бері білеміз. «Ақжонас» шаруашылығын басқарады. Жол үстінде көп жүреді. Бірде аудан, облыс орталықтарындағы басқосуларға, енді бірде малшылар жағдайын білуге аттанып бара жатады. Сөйтіп, «Ақжонасты» өңірдегі іргелі шаруашылықтың біріне айналдырды. Мұқар Шаяхметов тек іскер басшы ғана емес, көңілдері жарасып, сонау 1973 жылы қол ұстасқан жары Ақтілек Уаһапқызымен бірге тәрбиелі ұл-қыз өсірген өнегелі отбасының тірегі. Өнегелі отбасының үлкен ұлы Дидар әкесінің жолын жалғастыруды көздеп, шаруа қожалығын құрды. Оның шаруа қожалығында 500 қой, 50-ге жуық сиыр, түйе мен жылқы да өсірілуде. Әкесі Мұқардың тұрмысы төмен отбасыларға, көпбалалы аналар мен зейнеткерлерге талай рет көмек қолын созғанын көріп өскен Дидардың қайырымдылығына жұрт қызығады. Мараты ел заңды­лығының сақталуын қалт жібермей қадағалайтын прокуратура сала­сының белді қызметкері атанды. Гүлнафисасы банкте қызмет етеді. Ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды ұрпағының санасына сіңіруді көздеген Мұқар мен Ақтілек Шаяхметовтер бірне­ше рет өңірлік конкурстарға қаты­сып, «Өнегелі отбасы», «Озат кәсіпкер», «Жыл мұғалімі», «Ұла­ғатты ата-ана» секілді аталым­дар­дың жеңімпазы атанған. Ұлағат­ты отбасының отанасы Ақтілек бірнеше жыл Еңбекші орта мекте­бінде ұстаздық қызметті абыройлы атқарды. Ұстаздың шәкірт тәрбие­леудегі озық тәжірибесі ауыл­дың аумағынан асып, ел көлемін­де кеңінен насихатталды. Шәкірт­терінің бойына өнеге мен тәр­бие ұштастыра дарытқан ұлағат­ты ұстаз жемісті еңбегі үшін «Ы.Ал­тынсарин» төсбелгісіне ие болды. Мұқар Шаяхметовтің ауыл шаруашылығы саласын өркен­­детуге қосқан үлесі айрықша екені жасырын емес. Оның ең басты жетістігі – өзі шаруашылықты ыдырат­пай, еділбай қойын асылдандыруды сәтті жалғастырып келеді. Бұл шаруашылықтың асыл тұ­қымды қойлары еліміздің ауыл ша­руашылығы көрмелерінде бірне­ше рет жүлделі орындарды иелен­ді. Шаруашылық басшы­сының өзі бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Өне­гелі істерімен танылған Шаях­мет­ов­тердің әулетінде ұрпақтар сабақ­тастығы өз жалғасын таба бермек. Құрманғазы ауданы. Мақалалар топтамасын әзірлеген «Егемен Қазақстан» газетінің

Атырау облысындағы меншікті тілшісі Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.

Суреттерді түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.