Құс атаулының сан түрі ұшып келетін табиғи резерватқа инфрақұрылымның жоқтығынан жету оңай емес. Соған қарамастан, резерват аумағынан туристерді де, тіпті балықшыларды да жиі ұшыратуға болады. Өйткені мұнда көктемгі және күзгі миграция кезінде миллиондаған құс, оның ішінде сирек кездесетін қоқиқаз, ләйлек, бірқазан және өзге де қанаттылар топ-тобымен қонақтайды. Итбалық та құстармен достасқандай, араласып жүреді.
– 2009 жылы 1 сәуірде Жайық өзенінің атырабы мен Каспий теңізінің іргелес жағалауының аумағы халықаралық маңызы бар сулы-батпақты жерлер тізіміне енгізілді. Бұл – Қазақстаннан аталған тізімге енген Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесінен кейінгі екінші аумақ. Осыған байланысты Үкіметтің 2009 жылғы қаулысымен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Ал 2014 жылы резерват ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне кірді. Бұл табиғаттың ерекше сұлулығы, ұшып-қонып жатқан құстар туристердің қызығушылығын оятты. Кейінгі жылдары туристер үшін резерваттың құрлық пен судағы аумағында бірнеше бағытты әзірледік, – дейді резерват қызметкері Балымгүл Әзмұханова.
Резерваттың ғылыми қызметкері Илья Бофоновтың айтуынша, бұл жерді құстардың мекені деуге толық негіз бар. Өйткені резерват аумағымен құстардың Сібір-Шығыс Африка бағытындағы көші-қон миграциясы өтеді.
– Біздің резерваттың ерекшелігінің бірі туралы айтсақ, оның аумағы құстардың әлемдік көші-қон жолында орналасқан. Жыл сайынғы көші-қон кезінде мұнда 10 млн-ға жуық балшықшы, шамамен 5 млн үйрек, 35 мыңға жуық қоқиқаз, бұйра бірқазан, қарабас, аққу мен қаз ұшып келеді. Резерват аумағы – суды және су маңын мекендейтін құстардың сирек кездесетін түрлері үшін өте қолайлы мекен. Құстардың кейбір түрі осында ұя салып, балапан басады. Демек, бұйра ләйлек, кішкентай баклан, қарабай, жалбағай, кіші аққұтан, мысыр құтанының тұқымы осында көбейеді, – деп түсіндірді И.Бофонов.
Табиғи резерватта 292 түрлі құс ұя салады немесе аз уақытқа аялдайды. Оның ішінде 26 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген. Мәселен, «Шалыга» аралы – бұйра ләйлек секілді сирек құстардың тұрақты мекені. Аралда ләйлектің 600-ге жуық жұбы ұя салады. Бұл әлемдегі құстар миграциясының 12 пайызын құрап отыр.
Қорық аумағынан өсімдіктердің өте сирек кездесетін үш түрін табуға болады. Бұл – қалқымалы сальвиния, Шренка қызғалдағы және жергілікті су жаңғағы. Соңғысы бізде чилим деген атпен танымал болған. Ал табиғи резерваттың биосфералық аумағында 141 тұқымға, 56 тұқымдасқа жататын өсімдіктердің 229 түрі өседі. Оның ішінде 7 реликті, сирек әрі ерекше қорғалатын 4 түрі бар. Су флорасына өсімдіктердің 23 түрі жатады. Негізгі өсімдіктер шөлді, шалғынды, батпақты, орманды, бұталы, батпақты-сулы секілді 6 түрге бөлінген, дейді резерват қызметкері Лаура Балғымбаева.
Оның дерегіне қарағанда, қорықта сүтқоректілердің 78 түрі кездеседі. Ал жоғалып кету қаупі төнгендер тізіміне құстардың – 20, жәндіктердің – 24, бауырымен жорғалаушылар мен сүтқоректілер тұқымының 2 түрі кіреді. Кейінгі зерттеулерге сәйкес өсімдіктер тізіліміне 33 тұқымдастыққа жататын 130 түрі енген. Бұл Каспий теңізінің Қазақстан бөлігіндегі флорасының шамамен 54 пайызын құрайды.
Атырау облысы