Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»
Жомарт жасынан кітап оқып, білім алған. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысқан. Соғыстан кейін әртүрлі қызмет атқарған. Талғарда ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау курсынан өткеннен кейін агроном болып істеген. Бір жолы күздік бидайы көктемде шықпай қалып, үкімет қол-аяғын байлап қамауға алып кеткен. Егін екпей, берген тұқымды жеп қойдың деп айып тағып Алматының маңайына апарып қамайды. Әйтеуір, жолы болып қасындағы Меркінің бір жігітімен қашып құтылады
Бүгінгі «Шах Дарап, Үрістем, Аспандияр, Былқыс, Нахыт сұлудың қиссасын» жазған Жомарт ақын осы Сауытбек, Жидебай, Әтібек, Балқыбек, Қазақбайлардың соңынан ілескен шәкірті, ағайыны. Кеңес өкіметі тұсында барлық білгенін жадында сақтаған. Соңғы жылдары денсаулығы сыр бергеніне қарамастан, кеудесіне жастық қойып, омырауы мен иегіне тиеп отырып құнды дүниелерді хатқа түсірген екен жарықтық.
Жомарт ақын туралы Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасының жетекші библиографы Алтынкүл Таңқызы алғаш «Ана тілі» газетіне (1995, желтоқсанның 14-і) шағын мақала жариялаған. Ақының қолжазбаларынан М.Жармұхамедов пен М.Шафиғов секілді шығыcтанушы ғалымдар бір-екі өлеңін ғана аударған екен. Мақалада ақынның туған жылына қатысты «ол (Жомарт) 1901 жылы Әулиеата болысы Шу аймағының Жаршапқан ауылында туған. Ұлы жүз – Үйсін ішіндегі қуақы тілді Күнту руынан» деген жолдар бар.
Жомарт Үсембайұлы 1896 жылы Қорағаты өзенінің бойындағы Шымырдан тарайтын Күнту руының бір атасы мекендеген «Жайпақты» деген жерде дүниеге келген. Әкесі Үсембай бай болған кісі. «Байсың» деп айыпталып барлығы он бір адам бірге айдауға кеткен. Жомарт ол кезде 15-16 жаста болған екен. 1915 жылы әкесі Үсембай, артынша шешесі қайтыс болады. Сол кездегі саясаттан болған қорқыныштан ба, әлде ел басына туған қиыншылықтан ба, әйтеуір Үсембайдың жерленген жері де беймәлім.
Жомарт жасынан кітап оқып, білім алған. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысқан. Соғыстан кейін әртүрлі қызмет атқарған. Талғарда ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау курсынан өткеннен кейін агроном болып істеген. Бір жолы күздік бидайы көктемде шықпай қалып, үкімет қол-аяғын байлап қамауға алып кеткен. Егін екпей, берген тұқымды жеп қойдың деп айып тағып Алматының маңайына апарып қамайды. Әйтеуір, жолы болып қасындағы Меркінің бір жігітімен қашып құтылады. Туған еліне келе алмай, көп қиыншылыққа түседі. Меркі мен қырғыз жерін паналап жүргенде баяғы күзде еккен бидайы кеш шығады. Құдай жарылқап бітік шығып, одан өкіметке қыруар өнім түседі. Жомарттың атына ақтау қағазы келіп, басы аман қалады. Толық ақталып, еліне оралады. Өткір тілді, от ауызды небір ақындармен дәмдес болып, талай түндерді сол кісілерді тыңдаумен өткізеді. Жомарт арабша сауат ашқан, білімнің шыңырауына бойлаған шайыр. Араб, парсы тілдерін жетік меңгерген. Туған елінің де, Шығыс халқының да ұшан-теңіз ауыз әдебиетін бойына нәр етіп жиған. Шығыс әдебиетінің озық үлгілерін қазақ тіліне назирагөйлік жолмен аударған. Өзі де, сөзі де семсердей өткір, тілі көркем ақын болған. Жомарт Үсембайұлы 1981 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданы, қазіргі «Сауытбек» ауылында өмірден озған.
Шу өңірінің ақындары көбінесе бір-біріне хат жолдап, бір-бірімен бірнеше жылдар бойы айтысқаны туралы мен бұрын да жазғанмын. Мысалы, Сауытбек пен оның інісі Сыбанбектің айтысы.
Сауытбектің жиені, Шу өңірінде тұратын қарт ақын Смайыл Қалипанов маған жолдаған бір хатында былай деп жазған еді:
«Жүрсіңдер білім жинап Алматыда,
Қартайып тұрған шалмыз
жар басында.
Қолымда бабалардың мұрасы бар,
Көміліп топырақта қалмасын да.
Шылықпен өтіп кетті білген өнер,
Мойынқұм, Қордай,
Шудың арасында.
Өзіңе бәрін тегіс тапсырайын,
Ішінен жарағанын аласың да».
Мен Смайыл ағамыздың өзіме жіберген материалдарының біразын «Асыл арналар» деген кітабымда жариялаған едім. Әлқуат осы жолы Жомарт ақынның Смайыл Қалипановпен де хат жазысып, ұзақ жылдар бойы айтысқанын анықтап қайтты. Смайыл Қалипанов пен Жомарт Үсембайұлы отыз жылдай айтысқан екен. Ақыры Смайылды жеңген.
Жомарт ақыннан қалған асыл мұралардың бірі – Ескендір жайындағы дастан. Қиссаны қолжазбадан тәржімалаған жас ғалым Ғылымнұр Кәдірбай. Ол күні кеше ғана «Тыныс» повесін жазғаны үшін VII Республикалық «Алтын тобылғы» әдеби байқауының «Ел мұраты – Тәуелсіздік» тақырыбына арналған үздік әдеби туынды арнайы номинациясының лауреаты атанды.
Ендігі сөзді жүміле жұрттың патшасы болған, барша ықылымға әмірін жүргізген Александр Македонский турасында қозғасақ. Қазақ әдебиетіне тың олжа ретінде ұсынғалы отырған бұл қисса да осы хақында. «Қос мүйізді Ескендір» деп бай фольклорымызда әспеттеліп, бүгінгі күнге жеткен қадым заманның патшасы бізге бейтаныс емес. Қолымыздағы «Шах Дарап, Үрістем, Аспандияр, Былқыс, Нахыт сұлудың қиссасы» – бұрын-соңды жарық көрмеген тың дүние, таптырмас қазына. Қисса, сөз еткеніміздей, қадымшамен 1962 жылы сәуірде жазылып, ақын Жомарт Үсембайұлының қолжазбасы арқылы бізге жетіп отыр. Осы қиссаның 1974 жылғы екінші нұсқасын Жомарт ақын «Ескендір Зұлқарнайын шах Дадаптың қиссасы» деп атаған. Ол Алматыда Ұлттық кітапханада сақтаулы тұр.
«Жәмми әлемнің қожасы – Қос мүйізді Ескендір» деп шығыс халықтары тарихи тұлғаны әдеби кейіпкерге айналдырды. Бағы асып туған ержүрек қолбасы батырлықтың, ерліктің символы болды. Бірақ сол жырлап отырған халық Ескендірдің Александр Македонский екенін, оның жасаған қанды жорықтары атам заманда туған топырағының ойранын шығарып, мәдени құндылықтарын жойып жіберуге ниетті болғанын кәперіне алмайды. Мейірімді, жылы жүректі Шығыс халқы Македонскийдің бойындағы қатыгез характерді бірте-бірте ұмытып, қиялдарынан әлемді уысында ұстаған Ұлы жиһангер қолбасшы жасап шықты. Шын өмірдегі Александр Македонский қос сала болып дараланып кеткенінің себебі де сол. Және бір жағынан, парсылар өздерінің Ескендірден жеңілгенін мойындағысы келмей тарихты өздері жасады. Сондықтан да қос мүйізді патшаның әдеби образы арта түсті.
Бүгінгі біз сөз етіп отырған жырдың болашаққа сол нұсқадан айнымай жетуі неғайбыл. Әр заманның жыршылары өзінің гуманистік ұстанымдарын, жеке таным-көзқарастарын сіңіріп, шеберліктерін қосып өзінен бұрынғы нұсқаны жетілдіріп, айшықтап отырды. Анығында біз Александр Македонскийдің өмірде қандай адам болғанын білмейміз. Мүмкін қайырымды, мәрт, сахи жан болған да шығар. Бірақ ол кісі салған соғыстың кейпі басқа. Адам түгілі машайықтар еліне әскер тартып, дию-перілерді де бойұсындырған қолбасшының жорық жолында аз қан төгілмегені белгілі. Жер-жаһанды жаулаған патшаның тарихта зұлмат соғыстары мен шайқастары ғана қалды. Қазақ фольклорында да қос мүйізді Ескендір туралы аңыздар, ғибратты әңгімелер жоқ емес. Зерттеуші ғалымдар Александр Македонскийдің Тұранға шапқыншылығындағы шешуші шайқас Сырдарияның бойында өткені туралы айтады. Қасиетті топырағымызға грек-йелин мәдениетін сіңірмек болып келген бұл жорықтың дақпырты ел есінде қалмағанымен, Ескендір деген патша өткенін ұмытқан жоқ.
Александр Македонский туралы сөз бола қалса алдымен есімізге хәкім Абайдың «Ескендір» поэмасы түседі.
«Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары – оған мекен.
Филипп патша баласы, ер көңілді,
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен»,
– деп басталатын поэма қазіргі біздің ұғымымыздағы Ескендір образын қалыптастырды. Даңқты грек қолбасшысын Фирдоуси, Низами, Хосроу, Жәми, Науаи секілді Шығыстың жұлдызды шайырлары жырға қосты. Сан ұрпақтың шығармасына арқау болды. Десе де сол ұлан-ғайыр дүниеден қазақ әдебиетіне тәржімаланып жеткені санаулы ғана. Осы ретте біз ауыз толтырып айтарлық бір еңбек бар. Ол – Зайыт Ақұн Пазылбайдың «Ескендірнама» атты мифтік прозалық еңбегі. Бұл кітапты шағатай тілінен аударып, алғы сөзін жазған, ғылыми түсініктемелерін, ескертпелерін берген жазушы, профессор – Тұрсынхан Зәкен. Аталмыш еңбек 2018 жылы «Ел-шежіре» баспасынан шыққан «Көне түркі және қазақ жазба әдеби мұралары» атты 10 томдық басылымның 9-томында жарық көрген. Біз қолымыздағы қиссаны осы кітаппен салыстыра отырып талдадық. Кеңінен пайдаландық, ғылыми тұжырымдарын өзек еттік.
Абай поэмасындағы философиялық толғамға негіз болған оқиға да осы кітапта сөз етілген. «Әзіреті Ескендір Зұлқарнайынның «Әбухаят» іздеп зұлматқа кіргені» атты XV тарауға қараңыз. Өлместің емін іздеп зұлматқа кірген Ескендірге Исрафил-дүр адамның екі жұдырығын қосқандай бір тас береді. Қосынына оралып таразыға салып еді, ол тасты ештеңе баса алмады. Бұның жұмбағын ақыры Әзіреті Қызыр пайғамбар шешеді. Таразының бір басына топырақ салған еді, топырақ ауыр тартты. Сонда Қызыр пайғамбар: «Ей, Ескендір! Бұл тас саған үлкен өсиет беруде. Жер жүзін алдың. Тоймадың. Бірақ топыраққа кіргенде тоярсың деп тұр» дейді. Зайыт Ақұн сөз арасында әртүрлі руаяттарды салыстырып, жүйелеп, пікірін білдіріп отырған. Ескендір туралы аңызды, жырды жеткізуші сан ұрпақ дегдарлар бірте-бірте патшахтың образын үлкен философиялық биікке көтерген. Қазақ аңыз-әңгімелерінде айтылатын Ескендір мына жарық дүниеден көшер алдында мені табытқа салғанда сыртына қарай бір қолымды шығарып қойыңдар дейтін өсиеті де, тірілерге жасырған жұмбағы да осы «Ескендірнамада» баяндалады.
Зайыт Ақұн Пазылбай «Ескендірнаманы» хижраның 1300 жылы (жаңаша 1881-1882 ж.ж.) сәуірдің 9-жұлдызында он екі күн дегенде жазып біткен. Тұрсынхан Зәкенұлы бұл еңбекті Орта Азия мен Шығыс Түркістанда жасаған түркі-мұсылман бауырлардың ортақ әдеби мұрасы деп бағалайды.
Ал Абайдың «Ескендір» поэмасын абайтанушылар 1900-1902 жылдары жазылған дейді. Абай мен Зайыт бір дәуірдің адамы. Бір-бірінің есім-сойын естіп, жазған-сызғандарын оқыған болуы да, болмауы да бек мүмкін. Десе де осының өзі-ақ қазақ топырағында ертеден бар тамыры терең құнарлы нәрді көрсетеді. Ілім іздеген талапшыл кеудеге рухани қазына-байлықтың қоры, қайнары жеткілікті болған. Шығыс әдебиетінің телегей теңіз рухани байлығынан қанып сусындағаны көрініп тұр. «Ескендірнаманы» оқып отырып Зайыт Ақұнның терең біліміне, қордалы мектептен тәлім көрген білгірілігіне куә боласыз. Жаһанның күллі өткен-кеткенін, желдей ескен бағзы ғұмырды қарт шежіредей сапырады.
Осыған қармастан жазушы Ескендірді ислам дінін таратушы, насихаттаушы, мұсылмандыққа бастаушы әзіреті бейнесінде суреттеген. 1917 жылға дейін жарық көрген діни дастан, қолжазбаларда ислам дінінің негіздері мен ұстанымдарын дәріптеу басты тақырып пен мазмұнға айналғаны белгілі. Ескендір б.з.б 356 жылы дүниеге келіп, 323 жылы Бабылда 33 жасында өмірден озған. Ал Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) қашан өмір сүргенін, ислам дінінің пайда болу тарихын, алдияр оқырман сіздер жақсы білесіздер. Осы қарапайым теория тұрғысынан қарасақ, Зайыт Ақұнның шығармасындағы көркемдік шешім мәшһүр болмақ. Бұл жанр Мұхаммед пайғамбардың, әділетті төрт Халифаның, одан кейінгі қаншама мұсылман батырлар мен әулие-әмбиелердің қилы кезеңдерін сөз ететін діни жыр-дастандар да көптеп кездеседі. Назирагөйлік дәстүрмен қазақ әдебиетіне де ертеден сіңісіп, етене болған тақырып. Сондықтан біз дінді ұлықтайтын Ескендірден гөрі қолымыздағы қиссаға мазмұны жағынан үндес келетін әдеби кейіпкерге көбірек назар аударамыз.
Қолымыздағы қиссада Ескендір Зұлқарнайынның туғанынан бастап Иран мен Тұранға ортақ патша болғанына дейінгі оқиғаларды қамтиды. Бір айта кетер жайт, Ескендірдің өмірге келуі жайлы әртүрлі, бір-біріне сәйкес келмейтін дерек көздері бар. Әуелі Ескендірдің әкесі кім деген сауалға жауап іздесек. Біз Абай атамыздың поэмасынан Филипп патшаның баласы екенін білеміз. Ал Низами Генжауидің еңбектерінде Фильхустың (Филипп атанып кеткен) өз кіндігінен ұрпағы болмаған. Бір шырылдаққа зар болып жүреді екен. Күндердің бірінде аң аулап, ордасына қайтып келе жатқан жолында бұзылған тамды көреді. Ішіне кірсе бір әйел баласын босанып, өзі қайтыс болып кетіпті. Шырқырап жылап жатқан сәбиді бауырына салып, бала қылып алыпты. Атын Ескендір қойыпты дейді. Қолымыздағы қиссада да Ескендірді шешесі бұзылған тамға келіп босанып, сол жерге қалдырып кетеді. Асырап алған өгей апасы сол тамнан тауып алады. Мұнда біздің назарымызға түскені – көп нұсқаларда бұзылған тамның кездесуі. Қазақ фольклорында баланы тоғыз жолдың торабынан тауып алады немесе сандыққа салынған бала сумен ағып келетіні сияқты нұсқалар жиі кездеседі. Ал Шығыстық отырықшы мәдениеттен тамыр тартқан «бұзылған там» ұғымы күйреген өркениеттің хабаршысы болса керек. Ескі мен жаңаның өларасында жас ұрпақ өмірге келді, ендігінің әміршісі сол болады деп нышан беріп тұрғандай.
Ал өзге тарихшылар Ескендірдің тегін Иранның аңыз дәуіріндегі Киян хандығының патшасы Дараға тірейді. Олар Македония патшасы Фильхустың қызын Дараның алғанын, күндердің күнінде Дара әйелінің көзіне шөп салғанын сезіп қалып төркініне қайтарғанын, сол қыздан Ескендірдің туғанын әңгімелейді. Біздегі қиссаның мазмұны осы нұсқаға үндес келеді. Қисса мен «Ескендірнаманы» салыстырғанда кісі аттарында да аздаған айырмашылықтар бар екенін байқайсыз. Фильхустың есімін жұмсартып, қазақ тіліне икемдеп Былқыс деп атаған. Дараның есімі Дарап деп кездеседі. Ал қиссада Фильхустың қызын Нахыт сұлу деп береді. «Шахнамеде» де осы Нахыт есімі кездеседі.
Біз кейіпкерлердің аты қиссада қалай берілді, сол нұсқаны сақтадық. Бір жолғы қарымта қанды шайқаста Үрімнің патшасы Былқыс Дараптан ойсырай жеңіледі. Халқының тегіс қырылып, зәузәтінің өшіп кетпеуі үшін Дарапқа елші аттандырады. Жыл сайын салық төлеп тұратын болады және өзінің қызы Нахытты екі жұрттың татулығы үшін Дарапқа атастыруға көнеді. Әрі қарай ұлан-асыр той-думан. Қырық нарға қызылды-жасылды ғып Нахыттың жасауын артып Иранға ұзатады. Нахыт бет біткеннің сұлуы болады. Жарымен ойнап-күлген Дарап патшалықтың көп шаруасын бір жаққа қайырып қояды. Бұны көрген уәзірлері бұлай кете берсе Дарап халқын ұмытады деп бір амалын ойластырады. Тапқан шаралары – сахипжамал Нахытты Шах Дараптан айыру. Ақыры арамза қулықпен Нахытты күңнің қызы, тексіз тұқымнан екен деп жала жауып, екеуінің арасын бөледі. Нахыт төркініне қайтарып алып келе жатқан жолда толғатады да, көлденең көзге сездірмей алтын айдарлы бір ұл табады. Тоғыз қабат торқаға орап, Ескендір Зұлқарнайын деп атын қойып, ескі тамға қалдырып кетеді.
Осылайша қиссаның құрылымы ширап, оқырманды иіріміне тарта береді. Енді не болмақ, сорлы баланың тағдыр-тәлейі қалай болар екен деген заңды сауал туындайды. Құндақтаулы Ескендір қалған ескі ойрананың маңында жалғыз ешкілі жарлы кемпір өмір сүреді екен. Бір күні ешкісін сауса бір жұтым да сүт шықпайды. Ыстықта ұзап жайыла алмаған шығар деп бірнеше күн күткенімен өрістен желіні тағы да бос келеді. Ашыққан кемпір енді бада бағып жүрген балалардан сезіктеніп, соларға келіп ойран салады. Балалар өздерінің нақақ екенін айтып ақталып мынаны айтады:
«Шайлаңның бір жағында
шамалы жер,
Бір ескі бұзылған там ойрана бар.
Ешкіңіз қоя берген сүтіменен,
Тоқтамай ойранаға жүріп барар.
Күн батып, ақшам намаз болғанынша,
Шықпайды сол мезгілден қылып қарар.
Біз кеше көрелік деп барып едік,
Білуге не бар, не жоқ алып хабар.
Алдына есігінің жақын барып,
Қарадық ар жағына салып назар.
Ысқырып бізге қарап тұра ұмтылды,
Жалтылдап неше құлаш бір айдаһар.
Тау-тауға жан сауғалап тырағайлап,
Құтылдық қашып-босып
болып азар...».
Ешкісінің неден суалғанын білмек болған кемпір балалардың айтуымен ескі тамға келеді. Десе дегендей босағада көлденең жатқан аждаһа қатты ысқырып айбат шегеді. Бірақ қарсылық көрсетпестен кемпір келгеннен кейін тайып тұрады. Сол жерде ешкісінің бауырынан құндақтаулы баланы көреді. Ал сәбидің жанына өзге тірі жанды, зәбір күшті жуытпай тұрған айдаһар ненің белгісі болмақ? Оны қисса баланың періштесі еді дейді. Бұл сауалдың жауабын іздеп арғықазақ танымындағы айдаһар культіне аз-кем тоқтала кетсек.
Арғықазақ мифологиясындағы жылан-айдаһардың тотем, ата-баба рухы, аруақ, көмекші образ екенін зерттеген ғалым Серікбол Қондыбайдың пікіріне жүгінсек, бұл қиссадағы айдаһардың алар маңызын аша аламыз. С.Қондыбай айдаһар мифологияда үш дүниенің зооморфты сипатын жинақтағанын айта келіп былай дейді: «Ертегілік айдаһар – зұлым кейіпкер, бұл Иран, араб түсінігіндегі «айдаһар» сөзіне толық жауап беретін образ. Ал «айдаһар» атын иеленген ежелгі түркілік, өз атауы ұмытылған «басқа айдаһар» образы да қазақ фольклорында сақталған. «Басқа айдаһар» – қазақ батырлық эпосында кездесетін жағымды кейіпкер. «Қарым» цикліндегі «Папария» жырында батыр көп жаудың қоршауында, қиын жағдайда қалғанда оның әкесі Баба Түкті Шашты Әзіз айдаһар түрінде көрінеді» деп әрі қарай жырдан үзінді келтіреді.
«Баба Түкті пірлері,
Айдаһар болып көрінді.
...Айдаһар сонда ысқырды,
Ен қалмақты тықсырды.
Айдаһарды көргенде
Папария батырдың
Көңілі судай тасады.
...Жаудың беті қайтқан соң,
Кетті айдаһар жоқ болып...».
Бұл жердегі айдаһар айқын тотемдік сипатқа ие екенін біз де аңғарып отырмыз. Дәл осындай айдаһар-жылан бейнесі «Орақ-Мамай» жырында да кездеседі. «Прототүркілер жыланды және жылан бейнесіндегі айдаһарды қадірлеген, оған тағзым етіп, тотем, рух-ие деп санаған. Бұл – ежелгі прототүркі – дравид-элам, шумер дәуірінің бірлігінен қалған сенім. Өйткені ирандықтар мен алғашқы үнді-арийлар жыланға құрмет жасамаған. Сақ-скифтерде де жылан – айдаһар культінің болғанын жылан-қыз образымен қатар скиф-сарматтардың әскери тулары жөніндегі ежелгі мәліметтері арқылы көруге болады. Олар мата қиындыларынан құралған алабажақ түсті (Алаштың ала туын еске түсір) жалау жасаған, үшбұрышты ұзын жалау жел кернегенде желбіреп, алабажақ жылан не айдаһарша ирелеңдегендей әсер қалдыратын болған...» деген тұжырымдама жасайды мифолог С.Қондыбай. Осы пайымдарды қорыта келе, біз бұзылған ойранада сәбиді қорғап жатқан айдаһардың шын мәніндегі зәбір келтіруші аждаһа емес екенін түсінеміз. Қиссада айтылғандай, ол баланың жанын қаққан періштесі немесе Ескендірді желеп-жебеп жүрген ата-бабасының аруағы. Қиссада Ескендірдің кесек бітімін, ерекше біткен тұлғасын арғы бабасы аңызға айналған батыр Рүстемге көп теңейді. Өмірге маңдайы жарқырып бір перзент келсе, оның нышанасы да бөлек болатынын біз қазақ әдебиетінен жақсы білеміз. Осылайша қиссадағы кейбір ұғымдар ұмыт бола бастаған арғықазақ түсінігіне қарай бойлатып, тереңге құлаш сермейді.
Қиссаның көркемдік идеясы да қазақ болмысына сай жасалған. «Ескендірнамада» Дара мен Ескендір патшалар бір-біріне соғыс ашып, қисапсыз адам өледі, қан судай ағады. Ал біздің қолымыздағы қисса тыңдаушысының жүрегін қанға былғамайды. Жүрек елжіретер басқа шешімін тауып, қиссаның құрылымын тіпті де шымырлата түседі. Біз әрі қарай қисса жайлы талқыны оқырманның өз құзырына қалдырдық. Сюжетінің сонылығы, композициясының шымырлығы жағынан бұрын-соңды жарық көріп келе жатқан жыр-дастандардан бір кем емес деп айта аламыз.
Мырзатай Жолдасбеков