Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Биыл қаңтарда жылдық инфляция 20,7%-ды құрап, өсу қарқыны өткен жылғы желтоқсанға қарағанда 0,4% болды. Бұл бағаның өсуі сәл баяулағанын көрсетеді. Қазіргі басты мақсат – инфляцияның өсу қарқынының жеделдеуіне жол бермей, белгіленген дәлізде жыл сайын 7,5-9,5% деңгейінде ұстап тұру және бағаның өсуін тоқтатуға тырысу.
Бір жыл ішінде азық-түлік тауарларының бағасы – 25,7%-ға, азық-түлік емес тауарларға – 20,2%-ға, ақылы қызметтер 14,2%-ға өсті. Жекелеген тауарлардың бағасы бір жыл ішінде 50%-дан аса өсті. Мәселен, пияз сияқты әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасы – 62,4%-ға, қант 60,9%-ға қымбаттады. Өнімдердің басқа түрі: қияр – 55,6%-ға, консервіленген сүт – 46,4%-ға, банан – 45,2%-ға, ұн – 42,8%-ға, макарон – 42,3%-ға, арпа жармасы – 41%-ға, күріш – 39,6%-ға, қаймақ – 38,4%-ға, тұздалған майшабақ – 38,3%-ға, тоқаш және ұн өнімдері 36,2%-ға қымбаттады. Қырыққабат бағасы 26,5%-ға төмендеді.
Әрине, бағаның өсуі халықтың кірісі мен шығысына теріс әсер етеді. 2022 жылғы ІІІ тоқсандағы қолда бар статистикаға сәйкес жан басына шаққандағы ақшалай табыс орташа есеппен 236 398 теңге болды. Шығындар құрамының жартысынан көбі (50,8%) азық-түлік тауарлары болғандықтан және бағаның өсуімен бұл көрсеткіш әрі қарай да ұлғая түсетінін ескерсек, негізінен халық тек тамақтану үшін жұмыс істеуге мәжбүр болатын жағдай туындайды. Ал тамақтанудан басқа, оқуға, денсаулыққа, демалуға да қаражат қажет. Оларсыз өмір сапасын жақсарту мүмкін емес.
Екінші маңызды мәселе нарықты қажетті тауар мөлшерімен қанықтыруды қамтамасыз етуге қатысты. Бағаның көтерілу факторы – тауардың тапшылығы болуы мүмкін. Бұл сөз байласу негізінде, логистикалық жеткізілім тізбегінің бұзылуынан немесе егіннің жетіспеушілігінен орын алуы мүмкін. Бірақ мемлекеттік органдардың міндеті – қандай болсын тапшылықтың, әсіресе әлеуметтік маңызы бар тұтыну тауарларының жетіспеушілігінің туындауына жол бермеу.
Сондықтан халықтың қолайлы өмір сүру деңгейін ұстап тұру үшін мемлекет бағаны тұрақтандыруға, тауарлардың қажетті көлемімен қамтамасыз етуге, әлеуметтік шиеленісті тудыруы мүмкін жағдайларды реттеуге бағытталған шараларды қолданады. Мемлекеттің бұл іс-шараларын жедел және стратегиялық деп бөлуге болады. Жедел іс-шаралар қысқа мерзімді кезеңдегі нақты мәселені шешуге қолданылса, стратегиялық іс-шаралар ұзақ мерзімді перспективада белгілі бір мақсаттарға жетуге бағытталған.
Мәселен, стратегиялық іс-шараларға агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын жатқызуға болады. Қазіргі уақытта тұжырымдама сын-қатерлерді ескере отырып өзектендірілді. Бұған дейін 2021 жылы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы бекітілді.
Ауыл шаруашылығын дамыту – басты басымдықтардың бірі, өйткені ол жұмыспен қамтуда, әлеуметтік және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуда маңызды рөл атқарады. Осы құжаттарға сәйкес негізгі міндеттердің бірі – елді отандық өндірістің өнімімен қамтамасыз ету. Бұл ретте 80% деңгейінде азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге қол жеткізу мақсаты қойылған. Ол үшін еліміз бойынша 70 мыңға жуық шаруашылық пен 400 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Жедел іс-шараларды шартты түрде ұлттық (өңірлік) және жергілікті деңгейлерге бөлуге болады. Мәселен, қазіргі уақытта ұлттық деңгейде бағаны тұрақтандыру құралдары қайта қаралды. Бағаны ұстап тұру мақсатында жеке ұйымдарға қаржы бөлінген кезде «айналым схемасы» шеңберінде қарыздар беру жөніндегі тәсіл қайта қаралды. Енді қаражат өндірушілерге тікелей жұмсалады. Тұрақтандыру қорларын қалыптастыру механизмі де өзгертілді – өнімді сатып алу егін жинау кезеңінде, нарықта бәсекелестік бағалар болған кезде және сату маусымаралық кезеңде жүзеге асырылады.
Ауыл шаруашылығы өндірушілерінен өнімді сату сәтіне дейін сақтаумен келісімшарт жасауға мүмкіндік беретін форвардтық сатып алу тетігі енгізілді. Қазіргі уақытта 2022 жылғы егін келісімшарты бойынша нақты қорлар: пиязға – 110%-ды, картопқа – 105%-ды, сәбізге – 87%-ды, қырыққабатқа 70%-ды құрайды. Сонымен қатар өткен жылы заңнамаға әлеуметтік маңызы бар тауар бағасының сауда үстемесі 15%-дан аспауға тиіс деген норма енгізілді. Жергілікті деңгейде әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары сияқты субъектілер маңызды рөл атқарады. Мысалы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру шеңберінде «Ертіс» ӘКК кәсіпкерлік субъектілеріне ерте жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін қарыз беру мүмкіндігін қарастыруда.