Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Соның ішінде жойылу алдында тұрған, «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктерді көбейтуге ерекше мән беру керек. Қазіргі кезде Орқаш, Барқын құм белдеуінде өсетін қарағайлар мен Мәртөктегі қайың ағаштарын сақтау бойынша шаралар атқарылып жатса да, өңірдегі өсімдіктер дүниесін қорғау жұмыстарына жүйелілік жетіспейді.
Бұл ретте Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің экология кафедрасы доценті, биология ғылымдарының кандидаты Ақылжан Телеуов Қызыл кітапқа енген жабайы Шренк қызғалдағын сақтап қалудың жолдарын ұсынды.
«Ақтөбе облысында жабайы Шренк қызғалдағы алқабы Әйтеке би ауданы Сарат ауылдық округінің Қамқа деген жерінде 60 гектар аумақта өсіп жатыр. Бұл жер – адам аяғы баспаған, мал тұяғы таптамаған, арғы жағы Арқаға ұласатын елсіз дала. Мен адам қолы тимеген, соқа түрені түспеген жайқалған алқапқа қарап бұрынғы замандағы қазақтың сұлу даласын көргендей болдым. Қазіргі кезде Қазақстанда қызғалдақтың 40-қа жуық түрі тіркелсе, оның тең жартысы «Қызыл кітапқа» енген.
Дала қызғалдағы жер қойнауын пайдаланушылардың әрекетінен, даланы жайылым үшін ретсіз пайдалану кесірінен азайып кетті. Шренк қызғалдағы құнарлы топырақта өседі, құмды жерді ұнатпайды. Мамырдың ортасына дейін өседі. Тұқымынан көбейеді. Алайда қызғалдақ тұқымының жетілуі үшін 15 жыл керек. Гүлі түсіп, сабағы қурағаннан кейін бойындағы бар қоректік затты тамырына жинайды. Содан қыс бойы күш жинап, көктемде жуашығынан қайта көктейді. Осылайша, жыл өткен сайын өсімдік ірілене береді. Өздігінен қурамай жұлынғандықтан қоректік затты табиғи жолмен жинай алмаған соң қатты ашығып, келесі көктемде көктей алмауы мүмкін. Қызғалдақтардың азаюына, әлсіреуіне осы жайттар себепші болып жатыр», дейді Шренк қызғалдағын көп жылдан бері зерттеп жүрген ғалым.
Жақында биолог ғалымдар Елек өзені бойынан Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген қандыағаш (ольха) тоғайын тапты. Қандыағаш тоғайы Ақтөбе қаласының маңында өзен арнасын кеңейту кезінде оталып кетті. Қандыағаш – батпақты сулы жерде өсетін, өзеннің шағын арналарына жиналған суды жайылып кетуден сақтайтын, жер қыртысындағы су деңгейін бірқалыпты ұстап тұратын қайың тұқымдас жапырақты ағаш. Тамыры өте тереңге кетіп, жерасты суын өзіне тартып отырады. Бір қызығы, осы ағаш Ақтөбе облысында негізінен Елек өзенінің арнасында ғана өседі екен. Қандыағаш тоғайлары дала өзендерінің арналарын тұрақтандыруға көмектеседі.
Ақтөбе облысындағы Елек, Жем, Сағыз, Ырғыз, Ор, Темір, Ойыл, Қауылжыр өзендері Мұғалжар тауындағы бұлақтардан бастау алады. Ақтөбе облысы аумағынан кесе-көлденең ағып жатқан осы сегіз өзен даланы оңтүстік белдеуден келетін ыстық жел мен тұзды шаңдардан қорғайды.
«Облыстық экология департаментіне Қарғалы өзені бойындағы қандыағаш өскен аумақтан жер қазу жұмыстарын жүргізбеуге ұсыныс түсірдік. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ақтөбе қаласы маңындағы Қарғалы, Елек өзендерінің арнасын кеңейту жұмыстарын жүргізер алдында қандыағаш тоғайларын қорғауға алғанда олар бүлдіре алмайтын еді. Өкініштісі сол, «Қызыл кітапқа» енген ағаштар оталып кеткен соң ғана экологтер бас көтерді», дейді Ақылжан Нұрхайырұлы.
Жергілікті экологтер топырақ жамылғысын мұнай қалдықтарын төгіп, ауыр жүк көліктерімен даланы ерсілі-қарсылы таптап жатқан жер қойнауын пайдаланушылардың әрекетіне наразы. Жер тозды, топырақ құнарсыз, шөлейт жерлердің аумағы жылдан-жылға ұлғайып барады. «Негізгі міндет – даламыздың биоалуантүрлігін сақтап қалу, топырақ жамылғысының тозуын тоқтату. Ол үшін өсімдіктер тұтас өскен алқаптарды көбейткен жөн. Мәселен, бір-біріне жақын орналасқан бірнеше шоқ тоғайды қорғауға алсақ, ол жерде тамырланған ағаштардың тұқымдары жан-жаққа таралады. Арасы жақын өсімдіктер бір жерден екінші жерге көшеді. Осындай байланыс арқылы өсімдіктер алқабын мекен еткен жәндіктер мен жануарлар дүниесі қалпына келеді. Себебі бұл жерде жәндіктерге азық бар. Талы көп тоғайға құс келеді, тұяқты жануарлар қоныс қылады. Табиғаттың тозған бөліктерін кішкентай жер учаскелерін қорғаудан бастау керек дегеніміз осы», дейді ғалым.
Өкініштісі, осы кезге дейін еліміздің өсімдіктер дүниесінің қазіргі жағдайына кешенді зерттеу жүргізілген жоқ. Басқаша айтқанда, тірі табиғаттан не бар, не жоғалттық деген түгендеу болған емес. Тек белгілі бір өсімдік түрінің таралу аумағын анықтау үшін космостық мониторинг жүргізіледі. Топырақтанушылар мен су шаруашылығы мамандарының кеңесіне ешкім құлақ түрмейді. Қазір малға шөп жетпегендіктен, киіктер егінге түсті, даланың шөбін отап тастады деп айта бастадық. Бұл қаншалықты дәйекті?
«Қорадағы малымыз киіктің жайылымын басып алды. Киік біздің жерімізді емес, біз киіктің жеріне рұқсатсыз кірдік. Мал басы көбейсе де оған киікті кінәлайтындай жағдайға жеттік. Бұрынғы кезде даланың шөбі құнарлы болғандықтан, үйдің малына да, түздің жан-уарына да жеткілікті болатын. Қазір ауылдың жанында шөп болмаған соң мал жайылым іздеп алысқа кетеді. Өйткені дала шөбі сиреді, құнарлылығын жоғалтты. Жайылымның тозуына жерді сауатсыз пайдалану мен агротехникалық шаралардың дұрыс атқарылмауы себеп болды. Фермерлік шаруашылықтарға жер талғаусыз берілді. Олар мал басын көбейтті, бірақ жайылымды айналысқа енгізумен айналыспады, топырақты тыңайту шараларын жүргізбеді. Бұл жерде барлық мәселе тағы да дала өсімдіктері дүниесінің азаюы мен жайылым шөбінің құнарлығының жоғалуына келіп тіреледі. Азығы құнарлы болғанда ғана мал тояды. Оның көрсеткіші дәнді дақылдар, бұршақ тұқымдас өсімдіктер және әртүрлі шөп кіретін мал азығы бірлігімен анықталады. Үш түрлі дақыл кіргенде ғана шөптің құнарлығы жоғарылайды. Ал қазір жемшөп дайындау кезінде бірыңғай жусанды шаба береді. Одан мал тоймайды. Негізінен бұршақ тұқымдас өсімдіктер топырақ құнарлығын арттырады. Қызғалдақ алқабын көбейту де – осы мақсаттағы іс. Қызғалдақ – топырақты байытады», дей келе А.Телеуов жайылымдарды бейберекет пайдаланудың салдарынан туатын қауіп-қатерге тоқталды.
«Ауыл адамының қорасындағы малға жемшөп жетіспей тұр. Жеткілікті құнарлы азықтанбаған мал өспейді. Мал басы өспеген соң ауылда жұмыс болмайды. Күнкөрісі қиындаған соң жұрт қалаға көше береді. Ауыл босап қалады, жұрт қаланың түбіне шоғырланады. Бейберекет миграция әлеуметтік жарылысты тудырады. Жалпы, бұл жағдай ғаламдық мәселеге айналған. Көрдіңіз бе, адамның тіршілігі мен табиғат – бір-бірімен тікелей байланысты мәселе. Бәрінің түп негізі жердің тозуына, топырақ құнарлығының төмендеуіне, өсімдіктер дүниесінің азаюына келіп тіреледі. Ақтөбе облысының географиялық ерекшелігі сол, жартылай шөлді аймақтардың арасында далалық аймақ белдеуі қалыптасқан. Бүгінде шөлейт жерлердің аумағы ұлғайып, ондағы сирек өсімдіктер дүниесі жоғалып барады. Шалқар ауданындағы тәжірибе стансасына ең соңғы рет 1996 жылдары Санкт-Петербург ғалымдары итсигек, сексеуіл, тобылғы отырғызды. Содан бері құм тоқтату шараларымен ешкім айналысқан емес. Ақтөбе облысындағы қызғалдақтар картасын жасап, оған сирек кездесетін барлық өсімдік пен жануардың таралу аймағын енгізсек, 12 аудан бойынша өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің толық картасы қалыптасады. Оған Ырғыз өзені бойындағы суда өсетін тұңғиықтар, Мұғалжар қыраттарындағы емдік шөптер, Байғанин ауданындағы құм ұстайтын өсімдіктерді де енгізбекшіміз», деп түйіндеді.
Далалықтағы өсімдіктер дүниесінің сиреуіне дала өзендеріндегі су көлемінің азаюы да себепші. Кейінгі жылдары Ойыл, Ырғыз, Сағыз, Жем, Темір өзендерінің шеткі арналары шілденің ортасында тартылып қалатын болып жүр. Осы орайда «Дала өзендерінің тартылуына жағасындағы қамыс құрақ пен бұта-талдарды шабу себеп болды деп ертеректе бір ауыл ақсақалы ренжіп айтқан еді. Бұл қаншалықты рас?» деп табиғат жанашырына сауал тастадым.
«Ақсақал рас айтқан. Өзен арналарын қуалай өскен талдар мен бұталарды, қамысты шауып тастасақ, көлеңке жоғалған соң өзен суының беті күн сәулесінің радиациясына ұшырайды. Жағалаудағы көк желек көлеңке түсіріп, өзен суының тез булануына жол бермейді. Екінші жағынан ағаш-бұта, қамыс тамырымен жерасты суын ұстап тұрады. Жағадағы көк желегі шабылса, өзеннің тайыз тұстарында шалшық пайда болып, беті қабыршақтанып, аз су жер астына сіңіп жоғалады. Жер бетінің суы мен жерасты суы өзара байланысты болғандықтан, бетіндегі суы кеткен соң жерасты суы да төмендей береді. Бізде көктемде су жақсы тасып, өзен арналары толса, жаз бойы су тұрақтайды деген қате түсінік бар. Өзен арнасының суға толуы өсімдіктердің өсуіне кепілдік бермейді. Керісінше тым көп судан өсімдіктер қашып, олардың орнын су өсімдіктері басады. Біздің адамдар шөпті көрсе, жұлып тастауға құмар ғой. Қаламызда да өсімдіктер қорғау саласында тәжірибесі көп мамандар бар, бірақ олардың айтқанын ешкім тыңдаған емес. Әрі бұрынғы жақсы мамандар зейнеткерлікке шықты, көбі ренішті», дейді ғалым.
Қазіргі кезде қаладағы қапырық ауаны, зауыттар мен көліктерден шығып, ауаға таралатын зиянды шығарылымдардың әсерін азайту үшін қаланың сыртынан жасыл белдеу құру туралы мәселе көтеріліп жүр. Экологтер Ақтөбе қаласының төңірегінде орман белдеуін қалыптастырғанда, желдің бағытына назар аудару керектігін алға тартады. Жылда ағаш отырғызылғанымен, күтімі дұрыс болмағандықтан олардың көктеп-көбеюі екіталай. Сол үшін де қысы қатал, жазы аптап ыстық Ақтөбенің климаттық жағдайына төзімді жасыл желектерді отырғызу керек. Тәжірибелі орманшылар жас көшеттерден гөрі 5-7 жастағы ағашты отырғызуды жөн санайды. Тұрақты орнына отырғызбас бұрын көшеттерді бірнеше рет аударыстырып көшіріп, алдын ала жерсіндіру керек екен.
Тағы бір көңіл бөлетін жайт – орман белдеуін қалыптастырғанда, желдің соғатын бағытына назар аударған жөн. Мәселен, Ақтөбе қаласына жерді кептіріп жіберетін, шаң мен тұз араласқан ыстық жел жазда Шалқар, Ырғыз аудандары арқылы Арал аймағынан соғады. Ал көлденең ағып жатқан Елек, Сағыз, Ойыл, Жем, Ырғыз өзендері – аңызақ аптапты әкелетін желге, шөлейтке қарсы табиғи тосқауылдар. Осы өзендер арнасының азаюы шөлейт жерлердің ұлғаюына, дала өсімдіктерінің сиреуіне де әкеледі. Сегіз өзеннің бастауы Мұғалжар қыраттарындағы бұлақтардың суын қиыршық тас өндірушілер бүлдіріп жатыр. Олар бұлақ бастауларынан жиналатын суды әр жерден бөгеп тастап, тасты шаяды.
Табиғат қорғау іс-шараларының ішіндегі ең маңыздысы – дала өсімдіктерінің таралу аясы мен олардың қазіргі жай-күйіне, топырақ жамылғысы өзгерісіне толық талдау жүргізу. Өсімдіктер дүниесінің алуан түрлілігін сақтауға байланысты өңірлік бағдарламалар іске асырылса, оған ғалымдар, жер жағдайын жақсы білетін ауыл адамдары тартылса, қоршаған ортаны сауықтыру шараларында алға басу болар еді.
Ақтөбе облысы