Аймақтар • 23 Ақпан, 2023

Жұмыспен қамту: Сөз бен істе үйлесім бар ма?

387 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жамбыл облысын көпшілік бұрыннан дотациялық өңір деп атап жүр. Жергілікті жұрт­шылықтың табысы да ауыз толтырып айтарлықтай дең­гей­де емес дегенді жиі ести­тінбіз.

Жұмыспен қамту:  Сөз бен істе үйлесім бар ма?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Әйткенмен, кейінгі жыл­дары өңір­­де ауыл халқы­ның әлеуетін арт­­ты­­ру­ға бағыт­та­л­ған қанатқақты жо­ба же­мі­сін бере бастады. Ал әлеу­метті жұмыспен қамту ба­ғы­тын­д­а қандай жұмыстар қолға алынып жатыр?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындарды жұмыс­пен қамтудың маңызды екенін ұдайы айтып келеді. Бұл ретте облыстың Жұ­мыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқар­ма­сының басшысы Еркін Келесов бірқатар деректі алға тартты. Оның айтуынша, 2022 жылы тұр­ғындарды жұмысқа орналастыру жоспары 33 879 адам болса, бұл жоспар 144,5 пайызға орындалып, жұмыспен қамтылғандардың саны 48 944 адамға жеткен.

«Президент тапсырмасына сәйкес, 2022 жылы 10 мың тұр­ғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру­дың облыстық жоспары 6,2 мың жұ­мыс орны болып бекітілсе, жыл қо­ры­тындысымен облыста 15,4 мың жұмыс орны құры­лып, жос­пар артығымен орындалды. Негі­зі­нен халықты жұмыспен қамту мә­с­е­лелері 2022 жылдан бастап кәсіп­керлікті дамыту жөнін­дегі Ұлттық жоба аясында іске асы­ры­лып жатыр. 2022 жылы жұмыс­пен қам­туға 49 500 адамды тарту жос­пар­лан­ған, жоспар 152,7 пайызға орын­­далып, 75 565 адам жұмыспен қам­ту­дың белсенді шараларына тар­тылды», дейді басқарма бас­шысы.

Оның айтуынша, бұған қоса, тұрақты жұмысқа 23 296 адамды орналастыру жоспарланып, барлығы 35 590 адам тұрақты жұ­мысқа тұрған немесе жоспар 152,8 пайызды құраған.

Өңірде Ұлттық жоба аясында атқа­ры­­латын жұмыстарға айрықша ба­сымдық беріліп отыр. Айталық, жоба шеңберінде ұзын-саны әлеу­мет­тік жұмыс орындарына 960 адамға 257,6 млн теңге қарастырылып, 1 168 адам жолданған. Оның ішінде 1 100 азамат тұрақты жұмысқа орна­лас­қан.

Облыста жастар практикасы ар­қы­лы тұрғындарды жұмыспен қам­ту мәселесі де жолға қойылған. Бас­қарма басшысының сөзіне сенсек, бүгінде 1 046 жас тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Сондай-ақ ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Атап айтар болсақ, өңірде 7 266 азаматқа 4536,2 млн теңге қарастырылып, қазіргі таңда 9 847 азамат қоғамдық жұмыстарға жолданыпты.

«Жамбыл облысында «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша онлайн оқыту курстарына 21 044 азамат жолданып, 16 180 адам оқуын аяқтады. Сонымен қатар Ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті дамытуға 2 634 адамға 400 АЕК көлемінде 3 227,2 млн теңге мем­лекеттік қайтарымсыз грант бе­рілді. Халықты жұмыспен қамту ба­ғы­тындағы маңызды іс-шара­лар­­дың бірі – жастарды жұмыспен қамту. Президент өз Жолдауында жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемле­ке­ті­міздің басты міндетінің бірі екенін айта отырып, еңбекпен қамтитын түрлі іс-шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс берілетінін жеткізді. Нақты қадам­ның алғышарты ретінде жастарды жұ­мыспен қамту бағытында нақты жобалар жүзеге асып жатыр. Кәсіп­кер­лікті дамыту жө­ніндегі ұлттық жоба аясында 2022 жылы жұмыспен қамту органдарының ықпалымен 29 жасқа дейінгі жастардан 29 253 адам жұ­мыспен қамтудың белсенді іс-шараларына тартылды, 10 145 адам бос тұрған жұмыс орындарына орналасса, 363 жас қысқа мерзімді кәсіби оқытуға, 547 жас онлайн оқытуға, 1 840 түлек жастар практикасына, 193 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, 2 025 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сондай-ақ 32 жас «Ұрпақтар келісімшартына», 185 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 11 991 жас «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданып, 1 932 жас қайтарымсыз грант алды», дейді Е. Келесов.

Өңірдегі аз қамтылған отбасыларға жәрдемақы төлеу мәселесі де жолға қойылған. Нақтырақ айтар болсақ, атаулы әлеуметтік көмектен үмітті отбасыларға қазан айынан бастап sms-хабарламалар жолданған. Нәти­же­сінде, 218 отбасына тиісті АӘК тағайындалған. Жалпы, 2022 жылы өңірдегі 9 219 отбасындағы 48 298 аза­матқа атаулы әлеуметтік көмек көр­сету үшін 3,8 млрд теңге төленген.

«Атаулы әлеуметтік көмек алушыларды масылдық пиғылдан арыл­ту­дың маңызы зор екенін түсінетін кез жетті. Қанша дегенмен еңбекпен жеген нан тәтті ғой. Сондықтан да еңбекке жарамды азаматтарды жұ­мыс­қа тар­ту іс-шаралары қабылданып жатыр. Жыл басынан АӘК алушылар қатарындағы еңбекке жарамды 2 591 адам жұмыспен қамтудың белсенді іс-шараларына тартылып отыр. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 2 036 адам, ақылы қоғамдық жұмысқа – 343 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 93, қысқа мерзімді оқу курс­тарына – 69 адам, жастар практикасына 9 адам жолданып, 41 адам жаңа бизнес-идеяларын іске асыру үшін қайтарымсыз грант алған. Нақты атқарылған жұмыстардың нәтиже­сінде өткен жылғы есепті мерзіммен са­лыс­тырғанда АӘК алушылардың саны 22,3%-ға төмендегенін айта кеткен ләзім», дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, кепілдік беріл­ген әлеуметтік топтамамен АӘК алу­шы отба­сылардағы 1 жастан 6 жасқа де­йінгі 12 284 бала қам­ты­лып, 722,1 млн теңге төленді. Еркін Келесовтің сөзіне сенсек, өңір тұрғындарын масылдық психо­ло­гия­дан арылту бағытында облыс­та атқарылатын жұмыс аз емес. Осы­лайша, басқарма басшысы ең­бек­ке жарамды азаматтардың басым бө­лі­гі­нің жұмыспен қамтылуына күш салуды көксеп отыр. Нәтижесі қандай болатынын уақыт көрсете жатар.

 

Жамбыл облысы