Атаулы күнге орай 30 қаңтар мен 28 ақпан аралығында мәдениет пен музыкадағы аса ірі өнер ошақтарының бірінен саналатын Мұса Жәлел атындағы Татар академиялық опера және балет театрында XVI халықаралық опера фестивалі өтіп жатыр. Әлемдік деңгейдегі өнер додасына Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Эмиль Сакавов қатысып, шет жұрттың көрерменін шеберлігімен тәнті етті. Халықаралық Шаляпин фестивалі италиялық режиссер Джузеппе Морассидің сахналауындағы Дж. Россинидің «Севиль шаштаразы» операсымен ашылды. Эмиль Сакавов фестивальдың ашылу салтанатында алғашқылардың бірі болып «Фигаро» партиясын орындап, ерекше мәнердегі шынайы талантымен Татарстан көрермендерін баурап алды. Қазақстан опера өнерінің майталманы татар елінің талғампаз тыңдаушысының ықыласына бөленіп, нағыз бабындағы әрі шеберлік шыңындағы асқақ өнер иесі екенін дәлелдеп, құшағы десте-десте гүлге толса, оның сыртында, қазақ опера өнері саңлағының сахналық өнерін саралаған татар баспасөзі, өнертанушылар мен музыкалық сыншылардың биік бағасына ие болды деп хабарлайды Татар опера және балет театрының баспасөз қызметі. Жәлел фестивалін дүбірлеткен Эмильдің әлеуметтік желідегі парақшалары құттықтаулар мен жылы пікірге толы, желі жазылушыларының дені дарынды әнші шеберлігінің түп-төркініндегі ізденіс пен тәжірибені атап өткен.
АЛМАТЫ