Алпысыншы жылдардың аяғында құрылған ансамбль алғашында 71 адамнан тұрды. Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Қапаш Құлышева, Қайрат Байбосынов, Айжан Нұрмағамбетова, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, Майра Нүркенова, Сембек Жұмағалиев, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева және басқа да таланттар өнер жолын осы ансамбльден бастады. Бүгінде олар талғамы биік мәдениет қайраткерлеріне айналды.
Содан бері қаншама жылдар өтті. Жаңа ғасырға сай қазақ өнері мен мәдениетіне жаңа жұлдыздар легі қосылып жатыр. Алайда тарихи брендіміз болып келген ансамбль белгілі бір себептермен өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болғанын білеміз. Талай мәрте өнердің биік шыңына көтерілген мәдениет тарландары өнер ошағынан айырылуға шақ қалды. Дегенмен былтыр мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Гүлдер» ансамблінің шығармашылық ұжымын қайта құру жұмыстарын қолға алған еді. Бұл мақсатта ұжымға шығармашылық оқу орындарының түлектері алынды. Тәжірибелі тәлімгерлер – бас балетмейстер Анвара Садықова және жобаның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Серік Дәулетов шақырылды.
Жаз айларында ансамбльдің құрамына өнерпаздарды қабылдау үшін С.Дәулетов, А.Садықова, хореограф А.Шәмшиев еліміздің бірқатар қаласында кастинг жүргізді. Содан кейін-ақ ұжымның жаңаша бағыттағы қызу дайындық жұмысы басталып кетті. «Гүлдер» ансамблінің бұрынғы құрамында өнер көрсеткен талантты әншілер мен кәсіби бишілер арнайы шақырылып, ансамбльдің репертуары жаңа музыкалық шығармалармен жаңартылды.
Аңызға айналған ансамбльдің атын шығарған «Бипыл» (хореограф Д.Қияқова), «Асатаяқ» (хореограф З.Райбаев), «Малайзия биі» (хореограф Г.Измайлова) және басқа да билер хореограф Татьяна Ауталиповтің қатысуымен жүргізіліп жатыр. Ал жаңа хореографиялық композицияларды Гүлнәр Саитова, Карина Хайтматова, Гүлден Фаткулла, Евгений Моисеев, Карина Жиренбаева, Мөлдір Нығымет сынды хореографтар қойды. Қазір жаңа ансамбльде 15 биші мен 9 музыкант бар.
Өнер ұжымы әлемнің көптеген елінде өнер көрсетіп, танымал болғаны белгілі. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының басты жаңалықтарының бірі осы ансамбльді қайтадан жаңа құраммен көрерменге таныстыру болып отыр. Сол себепті, көктемнің алғашқы күні «Гүлдер» ән-би ансамблінің тұсаукесер концертін өткізуді жоспарлап отырмыз. Айта кететін жайт, ансамбльдің видеоқұжаттары сақталғанымен, архивтік құжаттарды ақтарып отырып, сол кездегі қазақ би өнерінде қолданылған қимыл-қозғалыстары мен би түрлеріне қатысты құнды мәліметтерді таба алмадық. Сондықтан ансамбльдің басы-қасында жүрген шығармашылық топқа осы бағытта да көп еңбек етуге тура келді.
Халық әртісі Сара Тыныштығұлова апайымыз ансамбль туралы: «Менің есімде қалғаны ансамбль бір жарым жыл ішінде үш жүзге жуық концерттің 70-тен астамын ауылдық жерлерде берген. Жақында 1 наурызда «Қазақконцерт» ұжымы «Гүлдер» ансамблін жаңа құрамда таныстыру үшін арнайы мерекелік концерт ұйымдастырғалы жатыр екен. Ұжымның басшылығына және жаңа ансамбльдің алдағы жұмыстарына сәттілік тілеймін. Ансамбль өркендесін, көркейсін, халықтың ықыласына бөленсін», деген еді.
Жаңа құрамда жасақталған ансамбльдің алдағы тұсаукесер концертіне барша өнерсүйер қауымды шақырамыз. Сәтін салса, «Гүлдер» ансамблі еліміздің түкпір-түкпіріне гастрольдік сапарларға шығып, шығармашылық концерттерін өткізетін болады.
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры