Жоба • 23 Ақпан, 2023

Журналист мәртебесі нақтыланған жоба

190 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеп, E-gov сайтында жарияланған «Масс-медиа туралы» заңының жобасымен танысып шықтық. Бастапқыда 70 баптан тұратын құжат ұзақтау көрінген. Сөйтсек, жобада бұқаралық ақпарат құралдары және телерадио хабарларын тарату бағыттары барынша қамтылған екен.

Журналист мәртебесі нақтыланған жоба

Жобаның басты артықшылығы – құжатта журналистің құқықтары мен міндеттері барынша нақтыланып, журналист мәртебесі тұңғыш рет белгіленген. Журналист мәртебесі – отыз жылдан бері айтып жүрген мәселеміз. Журналистерді басқа жазғыштардан ажырататын «пресс-картаның» енгізілуі де құптарлық қадам. Баспасөз картасы журналистік жоғары білімі бар, БАҚ-та кемінде үш жыл, дипломы жоқтарға кемінде бес жыл тәжірибесі бар азаматтарға беріледі. Бұл әрі қарай журналист мәртебесін иеленгендердің әлеуметтік жағдайларын шешуге ықпал етсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Әрине, мұндай қағидалар блогерлерге, интернет ресурстарда жұмыс істейтіндерге жақпауы мүмкін. Меніңше, оларға арналған басқа заң жобасы әзірленгені дұрыс.

Жобада тағы бір атап өтетін нәрсе – мемлекеттік тілге қатысты талаптардың күшейтілуі. Ең алдымен мемлекеттік тілдегі теле-радио бағдарламаларының көлемі басқа тілдердегі бағдарламалардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс екендігі көрсетілген. Субтитр пайдаланылатын телебағдарламалар мен фильмдердің аудармасы мемлекеттік тілдегі телебағдарламалардың жалпы көлеміне кірмейтіндігі де тілге қатысты талаптарды күшейте түседі.

Жеке басыма заң жобасының 24-ба­бын­дағы шетелдік теле, радиоарнаның материал­­дары Қазақстан Республикасының конс­титуциялық құрылысын күштеп өзгер­тудi, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiз­дiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, экстре­мизмдi немесе терроризмді, қатыгез­дiк пен зорлық-зомбылықты насихат­тайтын болса, ондай шетелдік бұқаралық құралдарды есепке қоюдан бас тартылатыны ұнады.

Сондай-ақ дыбыстық сүйемелдеудің көп арналы берілуін пайдаланатын телеарналар негізгі дыбыстық сүйемелдеуді мемлекеттік тілде пайдалануға тиіс екендігі де міндеттелген. Жалпы алғанда, бұл жоба алдағы уақытта масс-медиа саласының жемісті жұмыс істеуіне әбден жарап тұр.

 

Марат ТОҚАШБАЕВ,

жазушы-публицист