Аймақтар • 24 Ақпан, 2023

Жамбыл облысында заңсыз алтын өңдейтін цех анықталды

255 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мойынқұм ауданы полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері Ақбақай ауылында орналасқан жекеменшік үйдің қосалқы шаруашылығында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында құрамында бағалы металдары бар шикізатты заңсыз өңдеу жұмыстарын жүргізетін шағын цехты анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жамбыл облысында заңсыз алтын өңдейтін цех анықталды

«Тексеру кезінде қолдан жасалған ұсатқыш, сынапқа ұқсас сұйықтығы бар 3 пластикалық бөтелке, азот қышқылы бар канистр, жалпы салмағы 116 келі болатын ішінде алтынды кені бар 2 қап табылды», деп жазылған хабарламада.

Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 295-1-бабы 1-бөлігі (Бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының заңсыз айналымы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде 28 жастағы жергілікті тұрғын анықталып, ұсталды. Оған қатысты ешқайда кетпеу туралы жазбаша түрдегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген залал анықталып жатыр. Бірқатар қажетті сараптама тағайындалды.