Бұрын Қызылордада күрделі диагноз қатарына жататын ревматоидты артрит, Бехтерев ауруларымен ауыратын жандар дертіне дауа іздеп, ірі қалаларға жол тартып жататын. Екі жылдан бері Жалағаш аудандық ауруханасында осындай пациенттерге көмек көрсетіліп келеді.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Еркебұлан Мақсұтов еңбек жолын 2010 жылы Қызылорда қалалық №1 емханасында аймақтық дәрігер болып бастапты. Кейін қалалық ауруханаға дәрігер-терапевт болып ауысқан ол ревматология мамандығы бойынша білімін жетілдірген. Жалағаш ауданында жаңадан ашылған аурухананы басқаратын маман іздегенде, басшылық таңдауы Еркебұланға түскен екен.
– Жалпы біздің облыс үшін ревматолог қат мамандар қатарында тұр. Осыған байланысты дәрігерлер арасында түрлі семинар ұйымдастырылып, жергілікті мамандардың жаңа салаға бейімделуіне мүмкіндік жасалды. Осылайша, диагностикалау және емдеуге қажетті заманауи жабдықтар мен білікті кадрлар арқасында аудандардан келген науқастарды емдеп жатырмыз, – дейді бас дәрігер.
Мамандардың айтуынша, коронавирус індетінен кейін ревматоидты артритпен ауырғандардың артқаны байқалады. Бұл дерт тұқым қуалайды, күйзелістен де болады. Жалпы, ревматоидты артрит буынды зақымдаудан басталса, жасөспірімдер арасында жиі кездесетін Бехтерев ауруы омыртқаға әсер етеді. Ал ішкі органдарды зақымдаудан басталатын жүйелі қызыл жегі ауруына негізінен 20-40 жас аралығындағы әйелдер көп шалдығады.
Мамандар қай ауруды да асқынтпаудың жолы, дер кезінде дәрігерге көріну екенін айтып отыр. Кейде науқастар бөгде диагнозбен емделіп, уақытты өткізіп алып жататыны бар. Ашылғанына екі жылдан асқан аудандық аурухана заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Қазір мұнда дәрігерлік кеңес пен ем алуға басқа да аудандар мен облыс орталығынан келетіндер көп. Солардың бірі – Арал ауданындағы Сексеуіл кентінің тұрғыны Жансая Ақылбекова.
– Мен жұмыссыз болғандықтан МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған едім. Бірақ жергілікті дәрігер оның мүмкіндіктері мен артықшылықтарын түсіндірді. Содан кейін бірыңғай жиынтық төлемді ай сайын төлей бастадым. Соның нәтижесінде, қазір қажетті емді алып жатырмын. Бұрын ауыра қалсақ, Ақтөбе қаласына барып қаралатын едік. Кейінгі жылдары осы Жалағаш аудандық ауруханасына келетін болдық. Мұндағы жергілікті мамандардың жетістігі көп, тәжірибелі ревматологтер жұмыс істейді, – дейді ол.
Үш жыл бұрын Алматыдағы дәрігерлер аралдық Нұрлан Ахметовке омыртқааралық буындардың зақымдануы болатын Бехтерев ауруына шалдыққаны жайлы диагноз қойыпты. Жүре келе омыртқа бөлімдері қозғалғыштығын толығымен жоғалтатын дертті бәсеңдету үшін жалағаштық дәрігерлер қажетті ем-дом жүргізіп жатыр.
– Осыған дейін түрлі клиника мен ауруханаларда ем алдым, бірақ нәтиже болмады. Жергілікті мамандардың емінен кейін біраз жақсарып қалдым. Дәрігерлерге және аурухананың медициналық қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз, – дейді Н.Ахметов.
Өткен жылы ауруханада тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС шеңберінде барлық ауру түрі бойынша 10 мыңнан аса адам емделіп шығыпты.
Қызылорда