Қаржы • 27 Ақпан, 2023

Ислам банкінің қаржылық мүмкіндіктері

325 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ислам діні табыс көзін іс-әрекетпен байланыстырады. Сол себепті жай банктің депозитінде жинақталған ақшалар секілді уақыттың өтуімен салымның пайыздық өсуіне жол бермейді. Өйткені ақша массасы көбейіп, соған сай өндіріс артпаса, түбінде ол инфляцияға әкеледі.Бұдан бөлек, несие қарызы – адамдардың иығына түскен ауыр жүк.

Ислам банкінің қаржылық мүмкіндіктері

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Сондықтан ислам діні өсімнің қай түріне де қатаң тыйым салып, өткен ғасыр­дан бастап мұсылман әлемі дәс­түрлі банктердің орнын алмастыратын қаржы институтын құруға талпынды.

Ислам ілімінде Мудараба, Мушарака, Мурабаха деген түсінік­тер әу бастан бар. Бұлар – өсімсіз, кәсіптен пайда табуға арналған ис­ламдық қаржылай қолдау тәсілдері. Жаңа ғасырда заманауи ислам банкін құру мәселесінде осы аталған тәсілдер негізге алынды. Ислам қаржы институттары өздерінің іргетасы қалан­ған алғашқы кезеңдерде-ақ орталық банктер, қаржы ұйымдарымен өзара әріптестік байланыс құрды. Осылайша, олар халыққа қызмет көрсетудің қарапайым сатыларынан өтіп, даму баспалдақтары арқылы дербес, қаржылық мүмкіндігі жоғары банктерге айналды.

Тек мұсылман мемлекеттерінде ғана емес, шариғат қағидатындағы мұн­дай банктер Еуропа мен Америкада да өркен жайды. Тіпті кейбір дәстүрлі үлгідегі Батыс банктері ислам қаржы институтының жүйесін өз тәжірибесінде пайдаланып та жүр.

Өсімге негізделген барлық банктер қарыз сомасын берген кезде үстінен пайыздық мөлшерлеме арқылы табыс табуды көздейді және несие қайтарымы белгілі бір уақыт шеңберімен шектелген. Ал ислам жүйесі шариғаттағы мұсылман ережесіне сүйенген халал жолмен пайда табудың түрлі нұсқасын ұсынады.

 

Банк пен бизнес әріптестігі

Ислам қаржы жүйесіндегі басты құралдың бірі – Мудараба: Банкпен арада болатын бизнестік әріптестіктің бір түрі. Жоғарыда айтылғандай, негізі ислам шариғатынан бастау алады. Ерте кезде мұсылмандар осы тәсілмен инвестициялық мүмкіндігін арттырып, кәсіптерін дөңгелеткен. Мұнда келісім екі тарап арқылы жасалады. Оның бірі – инвестор, екіншісі – жұмыскер. Яғни қалталы азамат ақшасын бір іскер азаматтың бастаған жаңа жобасына салады. Кейін түскен пайданы екеуі ортадан бөліп алады. Мударабаның екі түрі бар – жалпы және шектеулі. Жалпыда инвестор қаржысын көзсіз жобаға салады. Белгілі бір шарттар қойылмайды. Алайда бұл нұсқамен банктер аса көп жұмыс істемейді. Өйткені «жеті рет өлшеп бір рет кеспесе» бизнес саласында ақша желге ұшуы мүмкін. Екінші түрі бойынша банктер инвестордың алдын-ала келісімшартымен көбірек қызмет көрсетеді. Себебі мұнда қаражаттың қай жобаға жұмсалатыны, басқа да тәуе­келдер аса дәлдікпен есептеледі. Де­ген­мен Мударабада екеуара келісімге оты­ру­дың өзі жеткіліксіз. Бұдан басқа да қос тарапты міндеттейтін ережелер өте көп.

 

Банк – инвестордың серіктесі

Мушарака түріне келсек, бұл арада банк тек өзін қаржы беруші ұйым ретінде қарастырмайды. Инвестормен бірге жобаны қолға алып, әрі қарай жүзеге асыруға серіктес, әріптес ретін­де бірге қатысады. Дәстүрлі банкте клиент­ке қызмет көрсету тек несие беру арқы­лы іске асырылса, ислам жүйе­сін­де серіктестік байланыс бірінші орынға қойылады. Тағы бір ерекшелігі, Муша­ра­када жобаны қолға алу барысында кез­десетін кедергі мен қиындықты банк инвестормен бірге көтереді. Оның Мударабадан бір айырмашылығы, Мушаракада бір жобаны бастаған кәсіп­кер ақшасы жетпегендіктен басқа ин­вес­тормен істі аяғына дейін апару үшін бірігеді. Бірақ о баста келіскендей, табыс тапса, пайдасын бірге көреді немесе керісінше ұтылса, шығынға бірге батады. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға қос тарап та бірдей атсалысуға тиіс. Сондықтан Мушаракада ислам банкі өзінің жағдайын ойлағандықтан инвесторға табыс табудың ең тиімді жолдарын ұсынады. Өзі де клиентпен қосылып шығынға ұшырап қалмаудың әрекеттерін қарастырады.

Сонымен бірге, бүгінгі таңда Муша­рака Мутанақиса деген қаржылай қол­дау­дың жаңа түрі қолданысқа еніп жатыр. Бұл бойынша банк инвестормен соңына дейін әріптес болып қалмайды. Инвестор жобасын сәтті іске асырып болған соң банктің жұмсаған капиталын бірден немесе белгілі бір уақыт кезең ішінде сатып ала бастайды. Осылайша, арада біраз уақыт өткен соң инвестор жобаның толық иесі атанып шығады. Ал банктің үлесі, яки капитал мүлкі толық тәмамдалады.

 

Басты талап – шын бағаны айту

Қаржы құралының тағы бір түрі – Мурабаха – мұсылман шариғатында бұрыннан бар Байғу амана, яғни сенімді әрі келісімді бағамен сатудың бір түріне кіреді. Мурабахаға негізделген сауданың басты ерекшелігі – мұнда кез келген тауардың бастапқы құны сатып алушыға белгілі болады және пайда табу мақсатында үстіне қойылатын үстеме бағаның қанша болатыны алдын ала келісіледі. Сөйтіп, кәдімгі сау­да жүйесіндегі секілді бір тауардың бағасын сәл қымбаттатып сату арқылы саудагер пайда көреді. Осыны Мурабаха дейді. Сонда оның сыры неде деген сауалға келсек, сатушы ол тауарды нақты қаншадан алғанын шын айтуы керек. Өзінің бастапқы әрі шынайы бағасы белгілі болған соң әрі қарай қай бағада үстеме қойылатынын тараптар кейін өзара келісетін болады.

Тауардың өзінің бастапқы құны айтылмай сатылатын сауда түрі де бар. Бірақ ол Мурабахада қолданылмайды. Сондықтан Мурабахадағы ең басты шарт – сатып алушы адам тауардың зауыттан босатылған құнын немесе бастапқы бағасын білуге тиіс. Бұдан бөлек, бұл қаржы операциясында банк­тен тек мүлік сатып алынады. Ақша саудасына тыйым салынған. Осы тәсіл дәстүрлі банктер ұсынатын лизингтік әдіске ұқсайды. Бүгінгі таңда шаруалар қажетті техниканы лизингпен сатып алады. Алайда лизингте пайыздық мөлшерлеме болады. Керісінше ислам банкі арқылы Мурабаха әдісімен сатып алынатын тауарлар ешқашан несиеге берілмейді. Негізгі айырмашылық міне, осында болып тұр.

 

Қолға түспеген тауардың құны

Ислам қаржыландыру саласындағы тағы бір тәсіл Сәламға келсек, ол – әлі келмеген, қолда жоқ тауарды сатып алушыға алдын ала белгіленген бағада және жеткізілетін нақты уақытты көрсете отырып сату. Әдетте, алдын ала сатып алуда алдымен тауар ұсынылады, сосын барып баға нақтыланады. Ал Сәламда керісінше алдымен сатып алушы тарапынан баға бекітіледі, содан кейін тауар жеткізіледі. Осы тұста бір ескере кетер жайт, тауар бағасы кейін белгілі болған жағдайда оның бағасы түрлі жағдайға байланысты өсіп кетуі мүмкін. Ал Сәламда алдын ала бекітіліп қойған соң қандай жағдай болмасын клиент өзі айтқан бастапқы бағасында сатып алады. Бұл өз кезегінде тауар құнының қымбаттап кетпеуіне тосқауыл болады. Сәлам әсіресе, қоғамда шағын бизнесті дамыту үшін өте қажетті құрал болып саналады. Мәселен, диқан бау салып, егін егу үшін айналымға қосымша қаражатты талап етеді. Осындайда қалталы азаматтар өнімін арзан бағада сатып алуды ниет тұтып алдын ала қаражатын беріп қойса, бұл жерде диқан да, клиент те ұтылмас еді. Сондықтан тұтынушылық қоғамда сұраныс пен ұсынысты бірдей қанағаттандыру мәселесінде бұл қаржы­лық тәсілдің тигізер пайдасы зор деуге болады.

 

Өндіріс өркен жаюы үшін

Экономиканы өндіріссіз елестету мүмкін емес. Осы талап үдесінен шығу мақсатында ислам банкі тағы бір қолдау құралын Истинсағты ұсынады. Былайша айтқанда бір зауыт немесе кәсіпорын салу үшін инвестордың қаржылай қажеттілігін банк өтеп береді. Кез келген қаржы институтының атқаратын қызметі мен мақсат-мүддесі айқын. Ол – халықтың депозитке және басқа да салымға жинаған қаражатын түрлі ұйымдардың, компаниялардың жобаларына құю арқылы табыс табу. Сөйтіп, қоғамда инвестициялық және қаржылық белсенділікті арттыру. Банктердің көбі инвестицияны экономиканың нақты секторларының бірі өндіріске салуға құмбыл. Өз кезегінде ислам банкі де өз тарапынан бір өндіріс ошағының құрылысын жүргізуге бастама көтере алады. Ал құрылысқа қажетті қаражатты банк өзінің жеке шотынан немесе инвес­тиция ретінде салған салымшылардың есебінен жұмсайды. Сондай-ақ банк бір жобаның уәкілі бола алады. Мұндай жағдайда пайда болған өндіріс орны кейін банктің жеке мүлкіне айналады.

Ислам банкінде Ижара мен Музараға секілді қаржылық қолдау тәсілдері де бар. Ижарада банк кез келген жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алып, оны заңды және жеке тұлғаларға жалға береді. Ал Музарағада қаржы ұйымы жерді диқанға пайызсыз, өсімсіз пайдалануға беріп, үстінен көрген та­быс­ты ортадан бөліседі.

Қазақстандағы Al Hilal банкі де Ислам шариғатының қағидасы бойынша халыққа қызмет көрсетеді. Бұл қаржы институтының бас кеңсесі Әбу Даби қаласында орналасқан. Елімізде банктің үш филиалы жұмыс істейді. Соның бірі Шымкент қаласынан да ашылған. Банк мамандарының айтуынша 2010 жылдан бері аталған қаржы институтының қызметін пайдаланған азаматтар саны едәуір өскен. Бүгінде банк екі түрлі депозиттік салым ұсынады. Уакала және Мудараба. Алғашқысында клиенттермен 1-6 айға және 1-2 жылға келісімшарт жасалады. Бұған сәйкес салымшы ақшасын түрлі жобаға салып, үстінен пайда көреді. Уакала депозитінде 1 айға – 8%, 6 айға – 9%, 1 жылға – 10%, 2 жылға 12% мөлшерлемеде табыс түседі. Пайыз болғанда дәстүрлі банктер секілді өсім емес, сол жобалардан түскен пайданың мөлшері. Мамандар тұтынушыларға түсінікті болу үшін осылай пайызбен ұғындырады. Уакала депозитінде клиент ай сайын жарнасын салып тұра алады және келісім мерзімі біткенде ақшасын толық шешіп алуына мүмкіндік бар.

Мудараба депозиті де осыған ұқсас. Тек мұнда депозиттік табыс ай са­йын түсіп отырады сонымен бірге, салымдағы ақшаны үш ай өткен соң барып алуға болады. Қос депозитке салынатын ең төменгі салым қаражаты 150 мың теңгеден немесе 500 доллардан кем болмауға тиіс. Сондай-ақ жоғарыда айтылған Мурабаха әдісімен халықты баспанамен қамтамасыз етудің арнайы бағдарламасы жүзеге асырылып келген екен. Алайда банк бүгінде бұл қызметті белгілі себептерге байланысты тоқтатып қойыпты.

 

ШЫМКЕНТ