Әдебиет • 27 Ақпан, 2023

Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда белгілі ақын һәм білікті ғалым Бауыржан Жақыптың Алматыдағы «Әдебиет» баспасынан шыққан «Жүректен қозғайын» деп аталатын қомақты кітабы оқырманға жол тартты. Мұнда оның әдеби сын мақалалары мен әдеби портреттері, эсселер мен естеліктері топтастырылған.

Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді

Автор бұл жолғы кітабын­да сыншылық қыры­нан танылып отыр. Соның айғағындай ол арғы Абай, Ахмет, Ілияс, Қасым­нан бас­тап, орта тұстағы Төлеу­жан, Мұқағали, Төлеген, кейінгі буын Несіпбек, Ұлықбек, Те­мір­хан, Рафаэль және өзі­нің замандастары Бейбіт Құсан­­бек, Есжан Айнабеков, Нұрлан Мәукен­ұлы, Бауыржан Үсе­нов сынды тағы басқа қалам­герлердің шығармалары туралы кеңінен сөз қозғап, жан-жақты талда­ған. Құрғақ талдау, сараптамамен шектелмей, белгілі қаламгер­лер­дің белгісіз қырлары, яғни адами болмыс-бітімі туралы толғаныстарын толқи отырып оқисыз, таңдай қағып, таңырқайсыз. Бұл орайда оның өзінің ақындығы мен ға­лымдығы кәдеге жарап, сын­шылық қырын әрлей түскен бе дейміз.

Кейінгі жылдары әде­бие­тімізде сын жанры біржола жо­ғалмаса да, деңгейі төмендеп, азайып бара жатқаны рас. Оның сыртында сыни кітаптар жоққа тән. Ал бұрынғы оқырман дуалы ауыз сыншының назарына іліккен кітаптарды іздеп жүріп оқитын-ды. Бүгін болса, кімнің не жазып жатқаны белгісіз. Аз ғана данамен шыққан кітап оқырман қолына тимей қалады. Сол себептен де қаламгерлердің шығармашылық лабораториясы туралы қатардағы оқыр­ман түгілі әдебиет майданында бірге жүрген әріптестері де біле бермейді. Бауыржанның мына қабырғалы еңбегі арқылы сол олқылықтың орны біршама толыққан сияқты.

Оның үстіне аруақ риза бол­май, тірі байымайды деген­дей, қазақ әдебиетінің бұ­рынғы, соңғы ардагер абыздарын ұмытуға болмайды. Бұл тұрғыдан алғанда да автор діттеген мақсатынан шыға біл­ген. Соның бәрі жоғарыда айтқандай, жалаң мақтау, ма­дақтау емес, шындық тұр­ғы­сын­да тартымды сөз болып қоз­ғалғаны қуантады.

Иә, Қадыр ақын айтпақ­шы, жүректен шықпаса, жүрек­ке жетпейді. Бауыржанның «Жүректен қозғайын» деп ата­латын жаңа кітабы соған сен­діреді.