Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы «Бозоқ» ұлттық паркін құру» республикалық жобасын іске асыру шеңберінде отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен «Еуразиялық кеңістіктің орталығында ортағасырлық мемлекеттердің ескерткіші – Бозоқ қалашығын сақтау: тұжырымдамалық тәсіл, даму перспективалары» атты халықаралық ғылыми дөңгелек үстел өткізді.
Айта кетейік, биыл еліміздің ордасы – Астана қаласына 25 жыл болса, ежелгі Бозоқ қалашығының археологиялық қазба жұмыстарына да ширек ғасыр толып отыр. Қазір аталған ескерткіш аумағындағы археологиялық зерттеулер жалғасып жатыр. Одан бөлек ұлттық парк құру жобасы іске асырылып отыр. Жобаның ғылыми-зерттеу бағдарламалары шеңберінде өткен жылғы жұмыс нәтижелері дөңгелек үстел барысында айтылды.
Семинар жұмысына Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, К.Ақышев атындағы Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Марал Хабдулина, ҰҒА академигі Жакен Таймағамбетов, ЖБҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының және Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының өкілдері, ғалымдар мен археологтер қатысты. Сондай-ақ ZOOM интернет-платформасы арқылы алыс-жақын шетелдердің жетекші ғалымдары – Әзербайжан Ғылым академиясының Археология және этнография институтының жетекші ғылыми қызметкері Заур Гасанов, қазіргі түркі тілдері мен әдебиеттерінің лекторы Ораз Сапашев (Түркия), музеолог, түркілердің дүниежүзілік мәдени мұрасын зерттеуші Салих Доган (Түркия), Памуккале университетінің ғылым және әдебиет факультетінің өнер тарихы кафедрасының оқытушысы Мехмет Кутлу, Памуккале университетінің докторанты Лейла Кутлу қосылды. Іс-шара Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталғанын да айта кетейік.
Бозоқ ұлттық паркін құру тарихи-мәдени жобасын іске асыру қорытындылары және оның даму перспективалары туралы «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Сәуле Бурбаева баяндады. Спикер Бозоқтың мемлекеттілік тарихын жаңғырту жобасы ретінде 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қанат қаққанын атап өтті. Ал 2018 жылы музей-қорық құрылған болатын.
«Бозоқ – Қазақстанның дала аймағындағы урбанистік мәдениеттің толық зерттелген жалғыз ескерткіш. Археологиялық жұмыстың жетекшісі – атақты археолог К.Ақышев. Кейін оның зерттеулерін Кемел Ақышев атындағы ғылыми-зерттеу институты жалғастырды. Дәл осы уақытта республика үшін әсіресе, елорда үшін перспективалы тарихи-мәдени-рекреациялық орталықтың негізгі объектілерінің құрылысы басталды. Қазір біздің алдымызда ортағасырлық Бозоқ қалашығын консервациялау, 2 кіру порталы бар және инженерлік коммуникациялар жүргізілген орта ғасырлардағы архитектуралық стильдегі қоршаудың, визит-орталықтың құрылысы, Бозоқ қалашығының объектілерін қайта жаңарту (қасиетті орын, қаған ставкасы, бақылау мұнарасы) сынды міндеттер тұр. Іске асыру үдерісі музей көрмесінің жеке нысандарына айналатын тарихи құжаттар мен иконография негізінде олардың үш өлшемді модельдерін құру арқылы толық немесе ішінара жоғалған сәулет ескерткіштерін қайта құруды ұсынатын жаңа электронды технологиялар негізінде жасалған музейлендірудің түбегейлі жаңа аспектісін қамтиды», деді Сәуле Бурбаева.
Сондай-ақ ол музей қызметін заман ағымына, келушілердің сұранысына сай қайта ұйымдастырудың қандай өзекті мәселелеріне тоқталды.
«Біздің музейлік ғылыми-зерттеу жобаларымыз негізінен мемлекеттік бюджетке, соның ішінде гранттық бағдарламалық және жобалық қаржыландырылуға тәуелді болғандықтан олардың әртүрлі себеппен қаржыландырылмай қалуы немесе кешіктірілуі мүмкін. Ал тарих-мәдени мұра нысандарының сақталуы мен жаңғыртылуы бізге қолайлы жағдайды күтіп тұрмайтыны белгілі. Біз уақытынан кешіксек, оларды мәңгілікке жоғалтамыз. Сол себепті музей қызметін монетизациялаудың заңды және оңтайлы жолдарын іздестіруге, сондай-ақ келешекте музей саласын басқарушы орталық және жергілікті органдарға нақты ұсыныс беру мақсатында, бизнес өкілдерін музей саласын дамытуға ынталандыру механизмдерін ұсынуға шақырамын», деді музей-қорықтың директоры.
Аталған ескерткіштің археологиялық зерттеулерінің материалдары төрт мемлекеттік құрылымның – Түркі қағанатының, Қыпшақ хандығының, Алтын Орданың және Қазақ хандығының тарихын бейнелейді. Жошы ұлысының кезеңі ескерткіште Алтын Орда уақытының қорымымен (XIII-XIV ғ.ғ.) белгіленеді. Бұл туралы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ К.Ақышев атындағы археология ҒЗИ директоры Марал Хабдулина «Алтын Орда тарихындағы Бозоқ» атты баяндамасында кеңінен айтты. Ал Әзербайжан ғылым академиясының Археология және этнография институтының жетекші ғылыми қызметкері Заур Гасанов боз-ок және учок түркі бөлімшесінің төркінін түсіндірді.
Екі далалық маусымда археолог Марат Сембин мен Ә.Марғұлан атындағы археология институты филиалының жетекші ғылыми қызметкері Серғазы Сәкенов бастаған «Бозоқ» музей-қорығының ғылыми қызметкерлер тобы Ұлы Жібек жолы тас жолында орналасқан әйгілі Бытығай археологиялық-архитектуралық ескерткішіне археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген болатын. Іздестіру-зерттеу жұмыстары, әрине нәтижелі болды. Семинар барысында Серғазы Сәкенов Бытығай ескерткішінің аумағындағы жерлеу кешендерін радиокөміртекті анықтау қорытындыларымен бөлісті. Одан бөлек Ыстанбұл университетінің филология ғылымдарының кандидаты, қазіргі түркі тілдері мен әдебиетінің лекторы Ораз Сапашев «Бозоқ қаласы атауының шығуы туралы» баяндама жасады. Ал «Бозоқ» музей-қорығының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Зубайда Сұрағанова «Бозоқ» киелі нысаны мен археологиялық орнын дамытудың символдық ресурсы ретіндегі дәстүрлі рәсім туралы айтып берді. Сондай-ақ дөңгелек үстел аясында елорда аумағындағы Бозоқ II қазақ қыстауының археологиялық зерттеулерінің нәтижелері жарияланды.
Бозоқ қалашығы – Қазақстанның дала аймағының алғашқы ауқымды зерттелген ортағасырлық ескерткіші. Қалашықтың ашылуы мен қазба жұмыстары ерте орта ғасырларда иен даланы мекендеген тайпалардың этностық мәселелерімен таныстырады. Семинарда бұл тақырыпта «Бозоқ» музей-қорығының жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы Бақыт Хасенова баяндама жасады.
Музей-қорықты құру тұжырымдамасын іске асыру кезінде металлургиялық өндірістің барлық циклі (балқыту, соғу, құю) ұсынылатын музей металлургиялық кешенінің құрылысы жоспарланған. Мәселен, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Антонина Ермолаева әріптестерімен бірге Талдысай ескерткішін кешенді зерттеуді, оның ішінде жаратылыстану ғылымдары мен эксперименттік модельдеу әдістерін қолдана отырып, далалық және зертханалық зерттеулерді жүргізіп жатыр. Спикер алқалы жиында «Талдысай елді мекенінің металлургиялық пештерін тәжірибелік модельдеу» тақырыбында баяндама жасап, жұмыс барысымен бөлісті.
Аталған ұлттың парктің құрылуының негізгі міндеті бәрімізге ортақ: мәдени дәстүрлерді, рухани һәм адамгершілік құндылықтарды сақтау және нығайту, ұрпақтардың рухани байланысын қалыптастыру үшін мәдени мұраны сақтау, өскелең ұрпаққа, ел астанасының тұрғындары мен қонақтарына дарқан даланың бай тарихын жеткізу.
Дөңгелек үстел аясында тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау мәселесін талқылауда сындарлы диалог болды. Түйінді мәселелер ортаға салынды, ұсыныс-пікірлер де тыңдалды. Айта кетейік, аталған ұлттық парктің жалпы аумағы 412 гектарды құрайды. Оның 90 гектарын Бұзықты көлі алады. Құрылыс жұмыстары төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі жоспар бойынша 2026 жылға дейін жалғаспақ. Оған визит-орталық пен қалашықтың реконструкциясы кіреді. Ал қазір қоршауы салынып жатыр. Бірінші кезеңнің құрылыс жұмыстары әлі басталған жоқ.