Еңбек • 27 Ақпан, 2023

Ел дәулеті – еселі еңбек

282 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жамбыл ауданына қарасты Тастөбе ауылындағы «Қызыл дихан» өндірістік кооперативінің құрылғанына ширек ғасырдың жүзі болды. Жемісті еңбек етіп келе жатқан кооперативтің жұмысын жақсы бағалайтындар аз емес. Нуритдин Бегманов басқаратын ұжымда ауыл шаруашылығына қажетті техникалар жеткілікті. Сондай-ақ басшылық қызметкерлердің жағдайын жақсартуға да басымдық беріп отыр.

Ел дәулеті – еселі еңбек

Кооперативтің еншісінде жалпы көлемі 2412,18 гектар жер бар. Әрине, аз емес. Ұжым басшылары 2282,18 гектар алқапты ауыл шаруашылы­ғы мақсатында пайдаланады. Нақ­тырақ айтар болсақ, егістік жер көлемі 2141,28 гектар болса, суармалы жер 1723,61 гектарды құрайды. Ал шабындық жердің үлесі 134,9 гектар.

Кооперативте егіс алқабына қажетті 8 дана трактор, 9 доң­ға­лақты К-700, МТЗ, 2 жүк тасымалдау көлігі, 2 жанармай тасымалдайтын, 1 автокран, 7 дәнсепкіш және 52 ауыл­шаруа­шылық тіркеме техникалары бар. Сонымен қатар астық оратын комбайн, 2 қызылша комбайны, 2 жемшөп комбайны, 2 дана шөп тайлағыш, 3 бүріккіш науқан кезінде пайдаланылады. Бір сөзбен айтқанда, кооператив басшысы науқан кезінде техника мәселесіне аса қатты бас ауырта бермейді.

«Бүгінгі таңда бізде ауылдың елу тұрғыны еңбек етіп жүр. Олар атқарған жұмыстарына сәйкес 130-150 мың теңге көлемінде жалақы алады. Әрине, еңбеккерлердің жақсы айлық алып, көтеріңкі көңіл күймен жұмыс істеуіне қолдан келгенше тырысып жүрміз.

Соңғы бірнеше жылдың беде­рінде қант қызылшасын егу­ді қолға алған жайымыз бар. Нәтижесі жаман емес. Соңғы науқан кезінде гектарынан 810 центнер­ден өнім алдық. Алдағы уақыт­та да жақсы нәтиже көрсе­туге ниеттеніп отырмыз. Ұжым­дағы барлық азамат еңбегіне адал екенін айта кеткен ләзім. Олар маңдай термен тапқан табыстың тәтті болатынын жақсы біледі.

Соңғы жылдары балтамыр егуге еліміз бойынша айрықша назар аударылып отырғаны белгілі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіре түсу­ге ниеттіміз. Өйткені қант қы­зыл­шасын молынан өсіруге өңірімізде де басымдық беріліп, оған қызығушылық танытқан шаруалардың қарасы артып келеді. Өңірдегі басшылардың қолдауын сезінген біз егіс­тік алқабын жыл өткен сайын арттыруға, жаңа технологияны енгізуге күш салудамыз», дейді кооператив басшысы.

Кооператив басшысының сөзіне сенсек, биылдыққа 300 гек­тарға күздік бидай егіпті. Со­ны­мен қатар 700 гектар алқап­қа жаздық арпа орналастыр­са, 50 гектар жерге дәндік жү­гері отыр­ғызған. Жоғарыда айтқаны­мыз­­дай, кооператив басшысы қант қызылшасы алқабын ұлғай­ту­ға ерекше ден қойған. Биыл 115 гектар жерге балтамыр еккен.

«Жалпы алғанда кооператив жұмысы жыл өткен са­йын ширай түсуде. Техникамыз жеткілікті. Науқанды жылдағы дәстүрге сай уақтылы бастаймыз. Барлық жұмыстарды дер кезінде атқарамыз. Бұйырса, алдағы науқанда айтарлықтай жақсы нәтиже көрсетеміз деген ойымыз бар. Өйткені ауа райы шаруаларға қарайласып тұр», дейді Н. Бегманов.

Соңғы бірнеше жылдың бедерінде өңірде қант қызыл­шасын өсіруге айрықша ден қойылған. Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов те шаруаларға балтамыр өсірудің маңыздылығын жиі айтып жүр. Жалпы, мемлекет тарапынан қолдаудың мол екенін сезінген кооперативтер мен шаруа қожалық басшыларының қант қызылшасын егуге деген қызығушылығы арта түскені қуантпай қоймайды. «Қызыл дихан» өндірістік кооперативінің ұжымы да сол қатарға қосылғаны құптарлық іс.

 

Жамбыл облысы,

Жамбыл ауданы