«Көне Тараз» - Аман Малдыбаевтың күйі. Күйші бұл туындысын желтоқсан оқиғасы кезінде жазған.
«Күйінің тарихы 1986 жылдан бастау алады. Ел тарихындағы ауыр оқиғаның бірі желтоқсан көтерілісі болғаннан кейін көңілім жабырқап, елге қайтқым келіп жүрген кез еді. Сол уақытта «Көне Тараз сағынышы» деген күй жаздым. Жалпы күйдің өзі жарыққа толғанып, тебіреніп, сағынған кезде шығады ғой. Сол уақытта ежелгі Таразды көз алдыма елестетіп, маң-маң басқан түйелер, қазақтың ғанибет заманы, жазира даласы, үлкенді сыйлап, кішіге ізет танытып, бір-бірін риясыз шынайы құрметтеп, жаз жайлауы, қыс қыстауы болған керемет шағын, Шахристанға келе жатқан керуендерді ойлап, көне заманнан бастау алып шығардым», дейді ол.
Автордың айтуынша, күйдің атауы кейін өзгерген.
«Бұл жаққа келгеннен кейін Жақсылық Сәтібеков ағамыз «Аман, сен қазір туған жерде жүрген жоқсың ба? Сондықтан күй атауындағы сағыныш деген сөзді алып таста» деді. Солай ағаның ақылымен күй «Көне Тараз» деп аталып кетті», дейді Аман Малдыбаев
Кейіннен бұл күй ел арасында тарап, таныла бастады.
«1986 жылы шыққанымен, мен ол күйді тығып тастадым. Оңашада өзім ғана тартып, нотасын жазып, сандыққа салып қойдым. Кейін біреулер тауып алып, ойнайды ғой деп ойладым. Сөйтсем, ешкім іздемейтін көрінеді. Елдер келіп жатыр, өмірден өтіп жатыр. Біреуді біреу іздеп жатқан ешкім жоқ. Қой, күйімді насихаттайын деп 1993 жылы композитор Бағлан Омаров екеуіміз отырып, эстрадалық түрде дәстүрлі музыка қосып жаздық. Ертеңінде бірден стадионда халықтың алдында ойнауға кеттім. Содан бері сахнадан түспей келе жатыр», дейді күйші