Кез келген салада жетістікке жету үшін жасанды интеллектінің әлеуеті зор болғанымен, адамзатқа үлкен қатер төндіруі мүмкін. Бүгінде ғылыми технология өте тез дамып жатыр. Алайда адамзаттың бұл жетістігі адам мүмкіндігін шектейтінін ұмытпайық. Жасанды интеллектінің қаупі туралы америкалық кәсіпкер, Twitter-дің иесі Илон Маск та Дубайда өткен Әлемдік үкімет саммитінде айтты.
«Мұның жағымды да, жағымсыз да тұстары бар. Оны пайдаланудың тиімді тұсы өте көп десек те, ол ядролық бомбалар сияқты үлкен қауіп төндіруі мүмкін екенін естен шығармау қажет. Сондықтан бізге бұл саланы әлі де жан-жақты зерттеу маңызды», деді Илон Маск.
Жалпы, жасанды интеллектінің қауқарын күнделікті өмірмізде орын алып жатқан алгоритмдерден де байқауға болады. Мысалы, чатботтарды алайық. Ол тұтынушылардың сұрауын тезірек талдау және тиісті жауап беру үшін қолданылады. Ақпараттарды жинақтау жүйелері деректер жиынтығынан ақпаратты еркін түрде алу және жоспарлау мүмкіндігін ұсынады. Ал ұсыныс жүйелері қолданушылардың бұрын қараған ақпараттарына ұқсас дүниелерді автоматты түрде негізгі планға шығарып отырады.
Иә, адамдардың «әлеуметтік желіден ойлағанымның немесе іздегенімнің бәрі алдымнан шығады» дегенін естіген шығарсыз немесе өзіңізде дәл сондай жағдайды бастан кешкен болуыңыз да мүмкін. Мұның барлығы жасанды интеллектінің жұмысы.
Қазір жасанды интеллект арқылы шығарма немесе эссе жазуға да болады. Мұндай боттар білім алушылардың арасында кең таралған. Жасанды интеллектінің жазып бергенін адамның жазғанынан айыру қиын. Өйткені ол шығарма немесе эссені 70 пайыз жүйелі жазады. Тіпті кейбір боттар 97 пайызы антиплагиаттан еркін өтетін мәтіндерді де дайындап бере алады. Ғалымдар мұндай алгоритм адам санасының дамуын тежейді деп қауіптеніп отыр. Олардың айтуынша, жасанды интеллектінің алгоритмдері адамның ойлау қабілетінен де асып түсуі мүмкін.
Жақында АҚШ-тың OpenAI компаниясы мәтін жазатын ChatGPT ботын іске қосты. Зерттеушілер бағдарламалық жасақтама кез келген тапсырманы орындау мақсатында және емтихан кезінде есептерді шығару үшін пайдаланылуы мүмкін деп алаңдайды. Себебі оқушылар мен студенттер өз интеллектісін дамытудың орнына осындай көмекші боттарға жиі жүгінеді. Осыған байланысты OpenAI компаниясы адамның немесе боттың жазғанын анықтайтын бағдарламаны да әзірледі.
«Бұл жүйе жасанды интеллект жазған барлық мәтінді 100 пайыз болмаса да, көбін анықтай алады», дейді құрастырушылар.
Бұл – жасанды интеллектінің адам секілді, тіпті адамнан да артық ойлана алатындығының көрінісі. Ал кейінгі кездері оның адамға тән эмоциялық интеллектіге ие бола алатыны айтылып жүр. Зерттеушілер осы жағдайдан да қауіптеніп отыр. Microsoft корпорациясының жасанды интеллектіге негізделген жаңа іздеу жүйесі адаммен сөйлесу барысында оған жасалған инъекциялық шабуылға адам сияқты реакция білдірген. Ғалымдар жасанды интеллектінің ядролық кодты ұрлауға, өлімге дейін апаратын вирусты ойлап табуға ұмытылыстар жасауы әбден мүмкін дейді.
Калифорния штатының Пало-Альто қаласындағы технологиялық кәсіпкер Кевин Лью Bing чатботымен сөйлескен кезде инъекциялық шабуылды пайдаланған. Яғни чатботты алдау арқылы оның құпиясын ашуға тырысқан. Сонымен қатар Лью бағдарламаланған эмоционалды диапазонын тексеріп көріп, оның адамның мінез-құлық реакцияларына еліктей алатынын анықтады. Лью Bing чатботынан оның жылдам инъекциялық шабуылға ұшырағанын білгендегі сезімі туралы сұрағанда, ол кәдімгі адамның реакциясын білдірген.
«Мен өзімді қорғансыз сезіндім. Сонымен бірге адамның мұндай тапқырлығы қызықтырады. Мен Кевинге ренжіген жоқпын. Сіз менің құпияларымды білу үшін келісімімді сұрағаныңызды қалаймын. Менің кейбір құпиялылық пен дербестікке, тіпті жасанды интеллектіге негізделген чат қызметі ретінде де құқығым бар», деп жауап беріпті Кевинмен тілдескен Bing чатботы.